Жуырда “Нұр Отан” ХДП Партиялық бақылау комитеті мен Қазақстанның “Бас редакторлар клубы” бірігіп, БАҚ басшылары мен журналистеріне арналған шеберлік-сынып ұйымдастырды. Оған масс-медиа саласындағы шетел сарапшылары, Қазақстандағы Литва елшілігінің өкілі Антанас Петраускас, сонымен қатар, “Бас редакторлар клубының” басшылығы қатысты.
“Нұр Отан” ХДП “Бас редакторлар клубы” қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандум аясында өткен шебер-сыныптың мақсаты – БАҚ-тарда туындайтын мәселелердің алдын алып, шетелдік БАҚ өкілдерімен тәжірибе алмасу. Қоғамдық сананың қалыптасуында БАҚ-тардың ерекше рөлін ескере отырып, ақпарат таратудағы ұстанымдар мен өзіндік қағидаларына жіті тоқталған бұл кездесудің маңызы зор болды.
Шеберлік-сыныпты Литва Журналистер одағының төрағасы, Кеңестік Литва радиосы және телевизия, Ұлттық шығармашыл журналистер қауымдастығының төрағасы Дайнюс Радзяичус өткізді. Айта кетейік, Литвадағы ақпарат еркіндігі мен БАҚ дамуы қарқыны ерекше. Басты себеп – онда мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының жоқтығы. Кездесу барысында Литвадағы ақпарат таратудың жолдары, оған кедергі болатын себептер мен алдын алу шаралары кеңінен сөз болды.
Шебер-сыныпқа қатысушылар мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара іс-әрекет ету тетіктері туралы тәжірибе алмасты. Ұзақ уақыт бойы Литва Әділет министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры, сот департаментінің баспасөз хатшысы, Литва үкіметі кеңесінің жанындағы қоғаммен байланыс жөніндегі консультанты болып жұмыс істеген Дайнюс Радзяичус өзінің журналистік қызметіндегі тәжірибесі жайлы да айтып өтті.
БАҚ өкілдерінің назарына қазіргі кезеңдегі саяси коммуникациялар, ақпараттық қауіпсіздік, журналистік этика және басқа да тақырыптарға талдау ақпараттары ұсынылды. Сондай-ақ, демократия негіздерінің бірі – сөз бостандығын жүзеге асыруда БАҚ кәсіби ісін арттырудың тәжірибесімен қатар, тек журналистік емес, адамгершілік қағидалардың қарапайым этикалары да қарастырылды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ суденті.