• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2010

Өресі биік азамат

1488 рет
көрсетілді

Қазақ қазақ болып, тәуелсіз­дігімізді алған сәттен бастап есімізді жиып, еңсемізді тіктеуде сырттағы ағайынның орны орасан зор екенін айқын аңғардық. Себебі, тәуелсіздік – баршамыз үшін ортақ қуаныш болатын. Біздің де күніміз туды ғой деп, өзегіміз талып, бір-бірімізді сағынысқан бауырлармен қауышу­дың амалын іздеп, қазақ баласының басын қосуды қолға алдық. Міне, со­ның нәтижесінде Президент бас­тап, біз қостап, 1992 жылы қыр­күй­ектің 29-ы күні Алматыда дүние жүзі қа­зақ­тарының құрылтайын өткіздік. Біз сол шақта тілмен айтып жет­кізгісіз керемет күндерді басымыздан кештік. Әлі есімде, жан-жақтан келген ағай­ындарды әуежайдан қарсы алға­ны­мызда ұшақтан түсе сала жата қалып жерді сүйген қандастары­мызды көргенде бәріміз де егілдік. Міне, бұл Отанға деген нағыз сағы­ныш­тың, сүйіспенші­ліктің көрінісі еді. Сол бабалар жерін көксеген қа­зақтың атамекенге оралуы үшін ең­бек етіп, тер төгіп, талай іргелі іс­тер­дің басын қайырып жүрген ізетті іні­леріміздің бірі – Әкім Әбді­хай­ымұлы Ысқақ елімізге кеңінен белгілі азамат. Бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілі­сінің депутаты қызметін де абыроймен атқарды. Тұңғыш ана тілімізде жа­зылған “Халықтың көші-қоны ту­ралы” Заңның авторы атанды. Осы­лайша қазақ тілі мемлекеттік қолд­а­нысқа жарамайды, тек тұрмыстық дейгейдегі тіл дегендерге нақты іспен тойтарыс бере білді. Шеттегі ағайынның атамекенге келуі жолында шын мәнінде қайраткерлік танытты. Ерлік – білекте емес, жүректе. Намыс қашанда ердің жаны. Отанды жан-тәніңмен сүйе білу нағыз аза­маттықтың белгісі. Әкім намыс пен арды ту ғып ұстап, кездескен ке­дергіде өзін дәлелдей білді. Парла­менттегі бір жылға жуық тартыста Әкім Ысқақтың балама заң жобасы жеңіске жетті. Астанамыз Ақмолаға көшкенде Елбасымыз алғаш қол қойған Әкімнің сол бозторғайдай шырылдап қорғаған “Халықтың көші-қоны туралы” Заң болатын. Азаматқа тән белсенділігімен, шынайы ұлтжандылығымен, қазақ тіліне жанашырлығымен елдің елеулісіне, халықтың қалаулысына айналды. Сол қанға біткен қасиеті­мен табандылықпен өзі қабылдатқан заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі агенттік құрылды, облыстарда көші-қон басқармалары шаңырақ көтерді. Он үш жылдан бері қандастарымыздың Отанына оралуы, квота, баспана алу мәселелері осы заңмен іске асып келеді. Алыс және жақын шетелдер­ден Қазақ еліне қайтуды армандап, зарығумен жүрген қаншама қандас­тарымыз атамекенімен қауышты десеңізші. Сол ағайындар бүгінде жат жерде жатбауыр болып, өзгеге телмірмей, өз елінде, өз жерінде бақытты ғұмыр кешуде. Жалпы, ер жігіттің бойында өз Ота­нына деген сүйіспеншілігі бол­маса, мұндай қайратты қадамға бара алмас еді. Бұл үш жүздің басы қо­сыл­ған Ордабасыда дүниеге келген Әкімнің ұстаздар отбасында тәрбие­леніп, аталар аманатына адалдық танытуының арқасы еді. Көші-қон мәселесі әр мемлекет­тің стратегиялық негізгі бағытта­ры­ның бірі екендігі белгілі. Халқының саны аз, жер көлемі үлкен Қазақстан үшін бұл сала қашанда өзінің ма­ңыздылығын жоймақ емес. Әлемде өз қандастарын шақыртып, жағдай жасап отырған мемлекеттер санаулы ғана. Германия, Израиль секілді сон­дай мемлекеттердің қатарына бүгінде Қазақстан да қосылып отыр. Қиын- қыстау заманда жер-жерде тағдыр­дың тауқыметімен тарыдай шашы­лып кеткен қандастарын жинап, елдіктің ерен үлгісін көрсетіп жүрген Елбасы саясатының кемелдігіне бұл жерде де көз жеткізуге болады. 1992 жылы ресми делегацияға мүше болып Елбасымен бірге Иран­ға барғаным есімде. Онда Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары едім. Сол жерде Нұрекеңнің тапсыр­ма­сы­мен мен Иран қазақтарымен кез­дес­тім, ұмытпасам 15 мың қазақ тұрады екен. 1993 жылы Иранға ел­ші болып бардым да, Елбасының пәрменімен солардың үш мыңын атамекенге көшірдім. Елден сыртқа кетіп, тарихи Отан­нан айрылу оңай емес. Бос­қындардың тағдырын мен Иранда жүргенде өз көзіммен көрдім. Ол туралы “Қазақтар қаңбақ емес көше берер” деген мақала да жазғаным елдің есінде болар деп ойлаймын. Ирандағы қандасымыз Нұрым­шат қарияның мына сөзі әлі есімде. Өзі сексеннің жетеуінде еді. “Шір­кін, елге жетіп құлау мен үшін ар­ман, тап осы жерден атқа қонсам, бә­рі кеудемде сайрап тұр, төтесінен тар­тып, үш күнде кіндік қаным там­ған жерге жетер едім”, – деп еді жарықтық. Елге жетіп өлсем арма­ным жоқ деуші еді. Көрмеген қор­лығы жоқ сол қариялармен сөйлес­кенімде: “Несін айтасың, шырағым, Иранға келгенде төрт жылдай ке­ліндер бала көтермеді. Құрыдық дедік. Жерсінбей жүр екен, төрт жылдан кейін ғана келіндер бала көтере бастады. Я құдай, бар екенсің ғой, деп көкке қол көтеріп жалба­рын­дық”, – деді. Бір қарияның: “Шырағым, Мырзатай, шетте жүріп өлген қазақтың мүрдеде де сүйегі қызып жататын шығар”, – деген сөзі де жадымнан әсте кетпейді. Сондықтан Отанға оралу шетте жүрген барша қазақтың арманы, ал кіндік қаны тамған жерде жүрген қазақтар өз Отанының қадірін білуі керек. Өйткені, туған жерден ыстық дүниеде ештеңе болмайды. “Отан – отбасыңнан басталады” дейді қазақ. Ұлы жол өз үйіңнің табалдырығынан бастау алады. Оралмандар үшін өлшеусіз еңбек еткен Әкім ініміз де кезінде өзінің туған жері Ордабасы ауданы негізсіз таратылып кетіп бара жатқанда депутаттық өкілеттігін пайдаланып ауданды, тарихи Ордабасы атауын сақтап қалған парасатты азамат. Би­ліктен де, беделден де туған жерінің абыройын, атауын артық көрді. Кіндік қаны тамған жерін жанындай сүйіп, адал перзенті ретінде ардақтап келеді. Әкімнің “Үш жүздің басын қосқан Орда­басым” атты тарихи-танымдық кітабы елжанды азаматтың туған жеріне, өскен еліне деген мың сан тағзымының куәсі десек болады. Бір жағынан қашанда қазақылықтың туын жықпаған Оңтүстік өңірінде дүниеге келіп, ұлтының уызына жарып өскен Әкімнің бұлай болмауы да мүмкін емес. Туыстарымыз елім деп еміреніп, атамекенге жете алмай жүргенде қаракөз бүлдіршіндерді шетелге сату адам баласының ақылына сыймай­тын жағдай. Қаламгер Ә.Ысқақ осынау өзекті мәселені өз мақала­ла­рында талмай жиі көтерумен келеді. Мәселен, оның депутат болып жүргенде Англия, Америка, Түркия сияқты алдыңғы қатарлы мемле­кеттерге арнайы барып, тәжірибе алмасуы, ондағы қаракөз қазақ ба­ла­ларының іздеушісі болып, олар­дың сан қырлы тағдырын өз көзімен көріп қайтуы елінің ертеңіне алаң­дайтын отаншыл азамат екен­дігінің тағы бір дәлелі. Өз мақа­лаларында “Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар” дегендей, Арман, Джо атты қазақ балаларының тағ­ды­ры жайында жүрек толқытатын эсселер жазып, “қазақ жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған ел” деген түйінді сөзді ұлтым деп жаны ауырар зиялылардың есіне салды. Негізі Әкім табиғатынан жаны нәзік, мінезге бай қарымды қа­лам­гер, көсемсөздің шебері. Оның терең фи­лософиялық пайымдауларға не­гізделген “Жүректегі жазулар”, “Адам іздеп жүрмін” атты эссе кітаптары бүгінде көпшіліктің қолынан түспейтін еңбекке айналды. Оқырмандардың сұранысымен бірнеше мәрте басылып та шықты. Қолына қалам ұстаған шығар­ма­шылық иесінің шын мәніндегі бақыты осы деп ойлаймын. Өзіңмен өзің оңаша қалғанда, түп­сіз ойларға сапар шеккеніңде жа­ның­ды жегідей жеген мазасыздықтан айығу үшін бұл туындылардың та­ғылымы терең деп білемін. Әкімнің кітаптарын қолға алып парақ­та­ғанда-ақ өзіңізге бір сырлас дос тапқандай тынысың ашылып, жан сарайың жадырап сала береді. Ә.Ысқақ қаламы жүйрік, кө­сем­сөз шебері болуымен бірге жаман­дыққа жаны қас, жан біткенді тек жақсылықтан ғана тұратын жарас­тықты әлемге жетелейтін ақын. Оның өлеңдері ізгілікке, мейір­бан­дылыққа толы. Адал, шыншыл, ат­қарған істерінен де, сөйлеген сөз­дерінен де, жазған шығармаларынан да ірілігі көрініп тұратын абзал аза­мат. Бала десе ішкен асын жерге қоя­­тын, бала психологиясын жетік меңгерген, ұрпақ дегенде ет жүрегі елжіреп тұратын қаламгер. Оның қаламынан туған балаларға арналған өлеңдері де өзінің өңіндегі жылылық пен көзіндегі нұр сияқты ылғи шуақ­ты, мейірбан, биязы болып келеді. Сонымен бірге, Әкімнің жан дү­ниесіндегі нәзік иірімді әсем әуен­мен әуелеткен сазгер екенін өнер сүйер қауым жақсы біледі. Ол өзін­дік өрнегі бар елуден астам әннің авторы. Әндері – таңғы шықтай таза, тас бұлақтың суындай мөлдір сағынышты әуендер. Елін, жерін, Отанын сүйетін Азаматтың нәзік­тік­ке толы сыршыл әуендері жаныңды әлдилеп, махаббатқа, жастыққа, өтке­ніңе бас идіріп, еріксіз жүрегіңді тебірентеді. Ән тек құлақтың құ­рышын қандыратын музыкалық шы­ғарма ғана емес, сонымен қатар ол жүректі қозғайтын, сезімді сергі­тетін, ой-өрісіңді оятатын поэзиялық дүние. Әсіресе, патриоттық сезімді қоз­дыратын “Көк тудың желбі­регені” атты әні денеңді шымыр­ла­тып, мерейіңді өсіре түседі. Ал “Көңіл қымбат” деген әні тұрлаусыз өмірдің тұңғиығынан сыр шертеді. Оның сазды лирикасы жан-жүрегіңді тербетеді, толғандырады. Әкімнің туған жерге деген шексіз сүйіс­пен­шілігі, қоғамда болып жатқан құбы­лыстарға бей-жай қарай алмайтын шығармашылық адамына тән терең ойларымен әспеттелген әндері еріксіз тебірентеді, ал ойнақы әуенге толы әндері әрқашан жүрекке жылы тиіп жатады. Дүние үлкен көл, Замана соққан жел. Алдыңғы толқын ағалар Кейінгі толқын інілер, – дегенде данышпан Абай өмірдің үнемі қозғалыста, өзгерісте болатынын аңғартқан екен. Талаптың тұлпарын ерте мініп, ел ісіне араласқан ізетті ініміздің біз білетін қайраткерлік, қаламгерлік, композиторлық үш қыры осындай. Әкімге әрдайым бақытың биік, ғұмырың ұзақ болсын, ел үшін еткен еңбегің жанып, абырой биігінен көріне бер, шырағым, деген тілек айтқым келеді. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Президенттік мәдениет орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.