• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2010

Ұлттық сәйкестік: талап пен талғам

5227 рет
көрсетілді

Бүгінгі заманның екпінінен тау теңселеді. Қашаған айлар мен жыл­дар­ды ауыздығымен алысқан ұшқыр ойлар желдей естіреді. Өзгеріске толы дүниенің тамырын тап бассам деген ойшылдар “түн ұйықтамай­тындай, күндіз отырмай­тындай”. Қайшыласқан пікірлер мен сеңдей соғылысқан пайымдар ақпарат әлемін жайлап алған. Сол көп тұжы­рымның ішінде айтыла-айтыла жау­ыр болған көсесі де, кө­ңіл көркей­тетін көсемі де бар. Бәрі­нің көксегені біреу – адамзат да­муы­ның алдағы ұзақ сапарында адас­тырмайтын темір­қазығын табу, ұл­тын ардақтау, дәстүрін ұлықтау, ең­сесін тіктеу. Ба­тыс оза шабамын деп тулайды, Шы­ғыс көштен қалмаймын деп шу­лай­ды. Қиянда қалғандар қия шапқысы келеді, қия шабудың қисынын тап­қысы келеді. Төрткүл дүние бұрын-соңды болмаған ғалам­дық аламанға қиқулап қосылған. Сол аламандағы көп ұранның ішінде ұлттық сәйкес­тік туралы дабылдың жаңғырығы басым. Ұлттық сәйкестік (национальная идентичность) дегеніміз не? Оған берілген көп анықтаманы сүзгіден өткізіп сипаттасақ, ұлттық сәйкестік – нақты бір ұлттың жа­һандану жағдайында бәсекелестікке төтеп беру қабілеті және сол бәсеке­лестікте тірек ететін ұлттың күш-қуа­ты. Қазіргі таңда осы сәйкестік ұлт­тың өркендеу мүмкіндігінің көрсет­кішіне айнала бастады. Егер сен бү­гінгі жаһандық экономикалық, тех­никалық және әлеуметтік-мәдени оң өзгерістерге дер кезінде бейімделе алсаң, алаөкпе уақыттың шаңын қауып қалмайсың. Сырт қарағанда барынша түсі­нікті. Кімнің жұрттан қалғысы келеді дейсің. Түлкі заманды тазы болып ша­луға бәрі пейілді. Алайда сәйкес­те­нудің де қыры мен сыры бар. Дер­бес елдер, әсіресе, тәуелсіздікке қо­лы зорға жеткен бұрынғы отар елдер, ұлттық қадыр-қасиеті ғасырлар бойы үстемдік еткен режімдердің қанжы­ға­сында кетіп, түпкі қасиетін қалпы­на келтіруді күні-түні ойлаған елдер ғаламға ұлттық қанын суытпай бей­ім­делудің жолын іздеп тоқсан тол­ғануда. Дәл осы жерде ұлт пен ұлт­тың тағдырын қолына ұстаған тұл­ға­лардың саяси-рухани біліктілігі, жа­ңаша ойлау қабілеті сынға түскен. Адам­заттық жалпыға ортақ өрке­ниет­ті жатсынып, іштей де, сырттай да тұйықталған мемлекеттер де бар, жаһандық жаңғыруға ұлттық беделін сақтай отырып еркін қосылудың орайлы жолын тапқандар да жоқ емес. Қайсыбір елдер бұл бейімделу кезеңінде ХІХ-ХХ ғасырлардағы Ба­тыстың тәжірибесін ұстануда. Әлем­дік дамудағы АҚШ пен Жапо­ния­ның, Қытайдың ұлттық идеяларын ескерген Германия ГФР-дің бұрынғы федералдық канцлері Конрад Аде­науэр­дің: “Мен неміспін, әрқашан болғанмын және өзімді ылғи осылай сезінемін”, деген сөзін ұлттық сая­сатта түпқазық етіп отырғанына де­рек көп. Францияның ұлттық идея­сынан де Гольдің: “Франция, егер француз алғашқы қатарда тұрса ғана нағыз Франция болып табыла­ды”, – деген қағидасы анық сезіледі. Еуро­о­дақ­тың өзге мемлекеттеріне келсек, олар Ұлыбританияда сонау ХVІІІ ғасырда көтерілген күштердің тепе-теңдігі тұжырымдамасын ұстануды қалайды. Ғаламдық бәсекелестікте ұлттық мүдде үшін саяси күшке салуды жақтаған Бисмарктың ой-байламы да көнере қойған жоқ. Мұндай кесімді ұлттық идеялар этностық тегін және құндылықтарын ұзақ ғасырлар бойында мемлекеттік деңгейде сақтап қалған елдерде дәйекті жүзеге асырылуы мүмкін. Ал көп этносты мемлекеттерде таза ұлттық өктемдікті саясатта алға шы­ғару олардың түптің түбінде ыды­рауына алып келуі ғажап емес. Бұған саясаттанушылар кешегі КСРО-ны, Югославия мен Чехословакияны мысалға келтіреді. Аталған федера­ция­лық мемлекеттерде бір ұлттың мәдениеті мен тіліне басымдық беру олардың тарих сахнасынан кетуіне әкеліп соқты. Екінші жағынан қазіргі мемле­кеттердің бәрі бірдей ғаламдық бә­се­кеге және ұлттық сәйкестікке қа­бі­летті емес. Ағылшын саясаткері Р.Ку­пер “Разлом нации. Порядок и хаос в ХХІ веке” еңбегінде бүгінде бар мемлекеттерді үшке бөледі. 1. Псевдомемлекеттер – өзінің ұлттық қуатын елдің ішінде жүзеге асыра алмайды, шекарасын сақтауға мүмкіндігі жоқ. Мәселен, Либерия, Сомали, Ауғанстан. 2. Модернистикалық мемлекеттер – ұлттық мемлекеттер, ішкі қуатын халықаралық қатынастарда еркін қолдана алады. Олардың қатарында Америка Құрама Штаттары, Жа­пония мен Қытай бар. 3. Сыртқы дүниемен қарым-қа­тынасын күш-қуатының ықпалымен емес, өзара келісімдермен реттейді, саяси-экономикалық даму мұраттары үшін тәуелсіздігін өз ырқымен шек­тей алады, ішкі және сыртқы бай­ланыстары жариялы, ашық. Бұлар негізінен дамушы мемлекеттер. Осы үш топтағылардың алғашқы­ла­ры үшін ұлттық сәйкестік мәселе­лерін басқа қуатты елдер шешеді. Екіншілері осындай сәйкестікті аса қажет етпейді, керісінше, өзгелерді өзіне бейімдеуді ойлауда. Үшінші­лер­ге ұлттық сәйкестіктің тиімді жол­да­рын тауып жүзеге асырудың өмірлік маңызы зор. Олар экономикалық да­мудың өтпелі кезеңінде тұрған­дық­тан, халық шаруашылығы мен мә­дениеттің барлық саласында озық атаулының бәрін сіңіруге және ба­рынша тезірек сіңіруге тиіс. Мұндай мемлекетке ТМД шеңберінде Қазақ­станды жатқыза алар едік. Импе­риялық ниеттен толық бас тартып үлгермеген, әскери қуаты мен жер байлығы шексіз, белгілі деңгейде индустриялы болып саналатын Ресей де бүгінде осы жолды таңдап отыр. Р.Купердің жіктеуіне мән берген Батыс саясаткерлері екінші топтағы алпауыт мемлекеттерді ерекше бөліп алып, дүние соларға бейімделеді де­ген қорытынды шығаруға әуес. Олар­дың пайымдауынша, әлемнің эко­но­микасы осы елдердің әл-ауқатымен өлшенеді және соған тәуелді. Бұл мемлекеттердің этностық негізін құрайтын ұлттардың мәдениеті де өзгелерге үлгі. Алайда соңғы уақытта бұған күмән келтірушілер табылып отыр. Мұндай көзқарас соңғы әлем­дік дағдарыс кезінде күшейе түсті. Еуроодақ елдеріндегі экономикалық тоқыраулар, Грекияның, Испания мен Португалияның елеулі қаржы тапшылығына тап болуы кәрі құр­лықтың алдағы тағдырына күмәнмен қарата бастады. Батыстың өзінде Еуроодақтың мүмкіндігі таусылды, оны ыдырау күтіп тұр деген ойлар естілетін болды. Біз бұл пайымдарды күмәнсіз дей алмаймыз. Мұндай байламдар АҚШ саясаттанушысы, профессор Ф.Фу­куя­­менің әлемнің барлық аймақтары ұдайы қайта құрылу үстінде болады, енді жаһан дамыған елдердің емес, экономикалық мүмкіндігі мол дамушы мемлекеттердің төңірегіне шоғырланады деген тұжырымын еске салады. Шындығында солай болып жатқан жоқ па?! Бүгінде әлемге олжа салып келген Америка Құрама Штат­тары да, өзін жаһанның жарылқау­шысы ретінде сезінетін Еуропа да, ерекше қарқынмен дамып келе жатқан Қытай да Еуразияға, оның ішінде осы ұлан-ғайыр аймақтың тәуелсіз шығысына үйіріліп отыр. Сол шексіз-шетсіз кеңістіктің кін­дігіндегі Қазақстанның бір өзі ғана дүниенің төрт қиырын саяси жағ­ы­нан да, экономикалық мүдделер жа­ғынан да белгілі дәрежеде ымыра­ла­суға ықпал жасап келеді. Осы тұста атап өтейік, ұлттық сәйкестік пен бейімделудің біржақты немесе екіжақты болуы белгілі бір өңірдің экономикалық және тран­зиттік тартымдылығына ғана емес, сол өңірдегі мемлекеттер басшыла­рының уақыт тынысы мен талабын сезе білу қабілетіне де тәуелді. Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев бұл орайда Еуразия айма­ғын­да оқ бойы озық тұр. ХХІ ғасырдың әлем таныған мемлекет қайратке­рі­нің көрегендігі сонда, ұлттық ішкі сәй­кестік пен ұлттық сыртқы сәй­кестікті бір-бірімен үндестіре ойлады және саяси зеректікпен сәтті жүзеге асырды. Елбасының бұл орайдағы қызметіне жасалған зерттеулерді қай­таламай, жаңа қырынан келсек, қа­зақ­стандық ұлттық сәйкестікте әлем­дік жүйенің жеке ұлттық құн­ды­лық­тарды сақтай отырып, бүкіл адам­зат­тық әмбебап құндылықтарды өгей­сі­мей қабылдайтын тұтастыққа бет алғаны әуелден ескерілген еді. Сон­дықтан да біздің көпэтносты еліміз­дегі ұлттық ынтымақ, ұлттық мәде­ниеттердің үндесу үлгісі көпұлтты ғаламның ұлттық сәйкестенуінің үлгісі ретінде қабылданды. Бұл та­рихи жеңіс болатын. Олай дейтініміз – туған Отанында өзін барлық жағынан еркін сезінген ел ғана адамзаттың толыққанды мүшесі екен­дігіне көз жеткізе алады. Ал Қа­зақстан Президенті ел азаматтары­ның бәріне, шығу тегіне қарамастан, толық рухани бостандық сыйлады. Қазақ мемлекетінде тұратын әр этнос өкілі ұзын саны он ба, жүз бе, миллион ба, тілдік, әлеуметтік, саяси өмірде тең дәрежеде. Дәл осы теңдік еліміздегі жүзден астам этностың әуелі өзді-өзді үндесуіне, сол үрдіс жетіле келе мемлекет құраушы ұлт­тың төңірегіне топтасуына ұласты. Ақиқат үшін айтайық, мұндай теңдік пен ұлттық сәйкестікке қол жеткізудің тәжірибесі бұдан бұрын да бар еді. Еуропада ондай саяси қадам алғаш Францияда қолға алынды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында елге ағылған мигранттардың қатары көбеюіне байланысты “ықшам мә­дениет” бағыты таңдалды. Түрлі этнос өкілдеріне өздерінің мүдделе­рін ашық білдіріп, ұлттық мәдениетін қорғап дамыту үшін ассоциациялар құруға рұқсат берілді. Мемлекет олар­дың діни және рухани талап­тарын барынша қанағаттандыруға тырысты. Арада оншақты жыл өткенде Фран­цияның саяси және шы­ғарма­шылық элитасы мигранттарды жа­рылқаудың мұндай үлгісінен бас тартуға шақыра бастады. Оларды ел президенті Валери Жискар д, Эстен қолдады. Неге? Біріншіден, “ықшам мәдениет” бағыты бойынша құрыл­ған этностық ассоциациялар мемле­кеттің бақылауынан шығып кетті. Ұлттық талаптарда шек болмады, әр этностық топ өздерінің дәстүр-салтын билікпен бірге француз халқының мойындауын қалады. Мұндай талаптар көпшілік жағдайда этностық мүддені емеес, олардың жетекшілерінің жеке мүддесін көз­деді. Мемлекеттің унитарлық жүйе­ден федералдық құрылымға көшуін қарастыру туралы ойлар естілетін болды. Осының бәрі Жискар д, Эстеннің президенттік жауапкершілікпен: “Біз енді бұл бағыттан бас тартамыз. “Ық­шам мәдениет” бағыты кезінде фран­цуз қоғамына жалпыға ортақ мә­дениеттен бас тартып, көптеген эт­ностық мәдениеттерге бөліну қаупі төн­ді. Мұның соңы жеке-жеке ұлт­тық бірліктерге ыдырауға әкеліп со­ға­ды. Ал біздер, француздар ежелгі та­рихымыз бен төл мәдениетімізді бұлай құнсыздандыра алмаймыз”, деп мәлімдеді. (Ж. Эстен “Французы”). Сол тұста Францияның тұрғын­дары мигранттардың есебінен 40 миллионнан 54,6 миллион адамға көбейген еді. Билік элитасының қа­те­лігі осы 10 миллионнан астам түрлі ұлт өкілдерінің этностық мүдделерін мемлекеттік ұлттық мүддемен сәй­кестендіре алмауы болатын. Соның салдарынан француздар елдегі азия­лықтар мен африкалықтарға, басқа да көшіп келушілерге төзімсіздікпен қарады, ішкі ахуал шиеленісіп кетті. Француздардың 36 пайызы магриб жағынан жеткендерге, 41 пайызы африкалықтарға ашық қарсы. Бұған әсіре ұлтшылдық бағыттағы элита­ның келімсектерді ассимиляция ар­қы­лы француздандыру, соның есе­бінен біртекті (гомогендік) ұлт құру туралы идеяны саяси ұстанымға айналдыруға ұмтылуы да ықпал етіп отыр. “Францияда тұрғың келеді екен, – дейді осы бағыттағы зия­лы­лар, – күнің үшін әйтеуір өмір сүр­ме, французша өмір сүр”. Еуропаның ғана емес, планета­ның дамыған демократиялық мемле­кеті болып саналатын бұл елдің ұлт­тық сәйкестікке жету бағытын­дағы тәжірибесінен мынаны айқын аңғарамыз: 1. Этностардың ұлттық мүдделері мемлекет құраушы халықтың ұлттық мүддесінен тысқары тұра алмайды. Осы екі мүддені үйлестірудің Қа­зақстан Президенті ұсынған үлгісі ең алдымен мәдениеттердің дербестігін сақтай отырып, мемлекеттің байырғы тарихи мәдениетіне бірте-бірте кі­рі­гуін көздейді және соған сабырмен қол жеткізуде. Бұл бүгін де, ертең де саяси тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Ал төл мәдениет­терін үндестіре алғандардың уақыт ағымымен түбінде бір ұлт болып ұйы­суына жол ашық. Барлық тарап­қа қолайлы осы бірігу жолы қазақ­стандықтардың адамзатпен ұлттық сәйкестікте болуы үшін тамаша алғышарт. 2. Көп ұлтты мемлекеттерде эт­нос­аралық саяси және рухани өзекті мәселелердің шешімін атқарушы биліктің қолына басыбүтін беріп қоя алмайсың. Біріншіден, билік он­даған, жүздеген ұлт өкілінің талап-тілегін қанағаттандыру үшін сол талаптарды саясиландыруға мәжбүр болады. Бұл билік үшін де, этностар үшін де тиімсіз. Екіншіден, этностық мүдделердің қанағаттандырылу жол­дарын ұлт өкілдерінің өздері ашық талқылауына, қорытындыларының ұдайы жария болуына мемлекет барлық жағдайды жасау арқылы олардың қоғам алдындағы жауап­кер­шілігін арттырады. Қазақстан халқы Ассамблеясы – осыған қызмет етіп келе жатқан ұйым. Елбасының тікелей бастамасымен құрылған бұл ұйым елімізде өмір сүріп жатқан этностарды дербес мүддені ойлағанда тұтас қазақстандық мүддені негізге алуға жұмылдырды. Тек сонда ғана этностар мәдениетінің кедергісіз және мемлекеттің қолдауымен дами­тын­дығына көз жеткізді. Ұлттық өз­ара сәйкестіктің осы заманғы шығар­машылық орталығына айналды. Барша қазақстандықтар жаппай қолдап отырған осындай тәлім барда, ел Президентінің әлем құптаған ұлт­тық сәйкестік тағылымы барда ұлт­т­ық тұйықталу туралы ойлау өз қо­лыңды өзің кескенмен бірдей. Кейде кейбір зиялылардың тарапынан Ба­тыс пен Шығыстың айқын ұлтшыл­д­ық бағыттағы сарындарын жөн са­наған, соған икемдеген байламдарын естисің де жаңару мен үндеуге бет түзеген ғасырдың ағымына ілесу қандай қиын деген ойға келесің. Ал ондай сарындар алыстан да, жақын­нан да жалқынданады. * * * Жаһанмен ұлттық сәйкестенудің қай елдерге тиімді, қай елдерге тиім­сіз екендігі жөнінде Батыста да, Шы­ғыста да көптеген зерттеу мақала­ла­ры жарияланды. Сол ғылыми ең­бек­терде бұл үдеріске қатысушыларды екі топқа бөледі: ұлттық сәйкестіктің объектісіне айналғандар және оның субъектісі болып отырғандар. Бұлар­дың алғашқысы – бейімденушілер, екіншісі – бейімдеушілер. Әлемде ұзақ уақыт бойы Еуропа үлгі, яғни бейімдеуші ретінде та­нылып келеді. Бұған алғаш қарсы болғандар еуразийстер еді. Олар Ресей аристократиясының батыс­шыл­дығын сынап, мына сауалдарға жауап іздеді: 1. Роман-германдық мәдениеттің басқа мәдениеттерге қарағанда ба­рынша жетілдірілгенін дәлелдеуге бола ма? 2. Бір ұлттың екінші ұлт жасаған мәденитетті толық қабылдауы мүм­кін бе? 3. Еуропа мәдениетіне бейімделу игілік пе, әлде қасірет пе? 4. Әлемнің еуропалануы болмай қоймайтыны құбылыс па? 5. Еуропаланудың зардаптарымен қалай күресуге болады? Осы сауалдар төңірегінде тол­ған­ған Ресейдің ұлтшыл элитасы жүз­деген еңбек жазған. Олардың көшін Н.С.Трубецкий, П.Н.Савицкий, Г.Ф.Фло­ровский, Л.П.Карсавин, Н.П.Сув­чинский секілді еуразийстер бас­тады. Солар шығарған “Евразийс­кая хроника” журналы мен “Евра­зия” газеттерінде “Еуропа мәдениеті – еуропалықтар үшін. Біз төл мә­дениетімізді ардақтаймыз” деп үзілді-кесілді мәлімденді. Еуропа мен Азия­ның қоспасы болып табылатын ке­ңістікте Еуразия мемлекетін құруды ұсынды. Сол арқылы Батыстың ық­палынан азат болуға шақырды. Мұ­ның астарын әркім әртүрлі түсінді. Мәселен, әлемге әйгілі жазушы, ша­мадан тыс орысшылдығымен көзге түскен Ф.М.Достаевский еуразийс­терді жан-тәнімен қолдай отырып: “Біз Еуропада бейімделушілер мен құлдармыз, ал Азияда билеуші­лер­міз”, деген болатын. Осы қалам­гер­дің “Еуропада – татарлармыз, Азияда – еуропалықтармыз” деген ұлтшылдық сарындағы ұраны да белгілі. Еуропаның қол жетпейтін өркениетіне ақ тер, көк тер болып босқа ұмтылғанша, жайбарақат жат­қан Азияны ауыздықтауға үндеген ол Ресей тарихында “Орыс идеясының” негізін қалаушылардың бірі ретінде мәңгі қалды. Әрине, Еуропада ұлтан болғанша, Азияда сұлтан болу әлдеқайда тиімді. Патшалық Ресей бұл саясатты қы­лыш­тың жүзімен жүргізді. Комм­у­нистік Ресей де тарап кеткенше сол бағытты ұстанды. Осылайша Ресей империясы ғасырлар бойында қол жеткен жерді өзіне бейімдеумен болды. Ал бүгінде бұл алпауыт ел бейімделушінің кейпінде Батыс пен Шығысқа алма-кезек қарайды. Ұлттық сәйкестіктің шарттарын да жасап қойған. С.В.Кортуновтың “Становление национальной иден­тичности” еңбегінде ол шарттар былай жіктеледі: - Ресейдің дәстүрлі өркениетін сақтай отырып, Еуропа өркениетіне интеграциялану; - тұйықталудан толық ашық­тық­қа қадам жасау; - ұлттық сәйкестік үрдісінде объек­тіден субъектіге айналу; - әлемге бейімделе жүріп саяси зер­делі империялық ұлт құру. Бұлар ресми қабылданған прин­циптер болса, Ресейдің бірқатар сая­си элитасы ұлттық сәйкестікте бәрі ұлттық өркениеттің сүзгісінен өтуі керек деп есептейді. Әсіресе, Батыс пен АҚШ-тың ақпараттық агрессия­сына қатты шүйлігуде. Бүгінде Ресей телеарналарында көрсетілетін көркем фильмдердің үлес салмағы отандық өнімдерден үш есе артық екендігін ақпараттық апат деп санаған зия­лылар қазіргі таңда әлемде 120 те­леграф агенттігі, 46 мың телестанса, 30 мың радиостанса бар екендігін есептей келіп, 86 мемлекеттің шетел­дерге хабар тарататынына, олардың та­лайы Ресейдің ақпараттық кеңіс­тігіне енгеніне, соның салдарынан жастардың өзге мәдениеттер мен дәстүрлерге әуес болып бара жатқа­нына қынжылады. Ресей Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясының профессоры И.Па­нарин (“Технология информацион­ной войны”) ұлттық бәсекеде және ұлттық сәйкестік үрдісінде Ресей объектіге емес, субъектіге айналу үшін сыртқы дүниемен батыл ақпа­раттық интеграцияға баруды ұсына­ды. Оның ойынша, Ресей әуелі Гер­маниямен, Австриямен, Франция және Испаниямен осындай байла­ныс орнатуға тиіс. Содан кейін Ресей толық мүшесі болатын Еуропалық бірегей интеграциялық ақпараттық арна құру қажет. Оны 2010 жылы еуропалық ақпараттық қоғамға айнал­дырып, ақпарат алмасуда өзара ти­імді келісімге қол жеткізуге бола­ды. Ал түпкі мақсат – Ресей басты ойыншы болып табылатын Азия – Тынық мұхиты ақпараттық қоғам­дастығын құру. Бұл қоғамдастық әлемдік ақпарат айналымында әр елдің талап-тілегін ескереді, ақпа­раттық агрессия ұғымы жоғалады. Ресей зиялыларын алаңдатып отырған мәселелер біздің елде де бар. Ұлттық фильмдер Қазақстан теле­ар­наларында көрсетілетін киноөнім­дерінің үш пайызын ғана құрайды. Ресей элитасы Батыстың ақпарат ағымынан қорғануды ойласа, біз осы мемлекеттің телеарналары республи­каға еркін енгеніне, қазақ тіліндегі төл хабарлардың солардың көлең­кесінде қалғанына алаңдаудамыз. Әрине, қазіргі кезеңде, теле-ком­муникациялық технология барынша дамыған уақытта сыртқы ақпарат ағымына тосқауыл қою мүмкін емес. Оның қажеті де жоқ. Өзің бере алмайтын немесе өндіре алмайтын ақпаратты әлемдік арналар арқылы халыққа жеткізуге міндеттісің. Сол ақпараттардың айқын зардапты түр­лерінен елді қорғау да парызың. Әл­емнің дамыған елдерімен ақпараттық технологияда бәсекеге түсе алмай­тының да белгілі. Олар құрып отыр­ған ақпарат жүйесінің қуаты бас ай­налдырады. Би-Би-Си, СНН секілді алпауыттарды былай қойғанда, АҚШ-та ғаламдық тағы бір жеке­меншік ақпараттық империя құрыл­ған. “Америка – онлайн” әлемдік Ин­тернет – провайдері мен бұқара­лық ақпарат құралдары саласындағы ең ірі компания “Тайм Уорнер” бірігіп күшейе түсті. Олардың ортақ құны 350 миллиард долларға жуық. 1994 жылы “Хьюз” компаниясына тиесілі екі байланыс жер серігі ұшы­рылды. Ол бір мезгілде 150 теле­ар­наның хабарын таратуға қабілетті. Осындай жағдайда И.Панариннің ұсыныстары орынды секілді көрінеді. Қазақстан әуелі ТМД аймағында ақ­параттық қоғам құруға ынталы бо­лып, сол арқылы қауымдастық шең­берінде ақпарат алмасудың барлық тараптарға тиімді жүйесіне қол жет­кізе алар еді. Мұндай қоғам ел Пре­зи­дентінің жүзеге асып отырған Еуразия идеясының аясында осы ұлан-ғайыр кеңістікте дүниеге келсе құба-құп емес пе?! Жаһандық үрдіске айналған ұлттық сәйкестік өрісінде ақпарат ағымы мен ақпарат алмасу­дың қаншалықты маңызды екенін ескерсек, бұл ойлардың түбінде қолға алынатынына сенесің. * * * Ұлттық сәйкестіктің қажет еке­ніне және оның болмай қоймай­ты­нына көз жеткізген елдердің қатары уақыт өткен сайын толығып келеді. Жаһандану ғасырында ешкім де өз­гелерден тыс дербес өмір сүре ал­майды. Алайда бұл сәйкестіктің де жөні мен жосығы болуы керек. Да­мушы мемлекеттердің саяси-шығар­ма­шылық элитасы бүгінде осы үнде­судің объектісіне ұзақ уақыт айналу қаншалықты тиімді және қанша­лық­ты зиянды деген ойға берілген. Егер сен экономикалық-мәдени даму жо­лын өзіңе үлгі тұтқан елдің өрке­ниетін талғаммен қабылдап, ұлттық тарихи қалыптасу дәстүрлеріңмен сәйкестендіре алмасаң, алдымен рухани, соңынан саяси тәуелділікке ұшырауың мүмкін. Осыған орай нені сәйкестендіреміз, нені қабылда­май­мыз деген сауалға ғылыми- фило­софиялық негізделген дұрыс жауап табудың маңызы зор. Осы жерде назар аудара кетейік, ұлттық сәйкестікте Еуропаның Фран­ция, Германия, Англия секілді барынша дамыған елдерінің өзі барынша сақ. Олар қазіргі деңгейіне саяси- экономикалық құрылымды әлемнің озық үлгілерін талғаммен қа­былдай отырып сабырмен модер­ни­зациялау арқылы жетті және сол жетілу жолында ұлттық мемлекет прин­ципін бірінші кезекке қойды. Әлі де солай. Дәстүрлі өркендеу жолынан жаңылдырмайтын әрі әлеммен қатар дамуға бастайтын мұндай бағытты бүгінгі Қазақстан да таңдаған. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйытқы болған Еуразия­лық Одақ секілді халықаралық ұйым­дар арқылы Қазақстан өзінің мемле­кеттік, яғни ұлттық мүддесін алыс және таяу шет елдермен экономи­калық-рухани сәйкестікте дәйекті шешіп келеді. Елбасы тәуелсіздік стратегиясы аясында талай мәрте атап көрсеткеніндей, бұл одақтар ең алдымен әр елдің ұлттық мүдделері өзара тиімділік жағдайында жүзеге асырылуын, таңдау еркіндігі сақтала отырып күш біріктіру мақсатын көздейді. Нақ осы ұстаным жекеле­ген мемлекеттер арасындағы және адамзаттық деңгейдегі сәйкестікте адаст­ырмас темірқазық болуға тиіс. Ғаламмен ұлттық сәйкестікке ұм­ты­лудың қазіргі заманғы ерекше­лік­тері туралы зерттеулер аз емес. Ба­тыс­тың саясаткерлері мен ғалымдары кешегі Кеңестер Одағы республи­ка­ларының осы ыңғайдағы ахуалын талдай келіп, бұл орайда Қазақ­стан­ның іргелес мемлекеттерден көш іл­гері кеткеніне, Отанымыздың қысқа мерзімде серпінді экономикалық даму жолына түсіп үлгеруі соның нәтижесі екеніне назар аударады. Олар сонымен бірге кейбір мемле­кеттердің “жабық есік” жағдайында өмір сүріп отырғанын айта келіп, бұлардың қатарына Өзбекстан мен Түркіменстанды қосады. Батыс ел танушылары мұны аталған мемлекет­терде кешегі коммунистік режімнің тұсында дәстүрлі ұлттық құндылық­тардың сұйылып кетуінен, оларды қайта жаңғырту үшін белгілі мерзімге тұйықталудың қажет болғандығынан емес, мемлекет билігін қолға алған­дардың әлеммен ашық араласып, ұлттық сәйкестікке баруға дайын болмай шыққандығымен түсіндіреді. Бұл пайыммен белгілі дәрежеде келісуге болатын шығар. Ұлттық сәйкестікке талпынған ел­дердің біразында мәдениеттер алма­суының тарихы да зерттелуде. Ұзақ уақыт Британия мәдениетін сіңірумен болған Индияның тарихи қысқа мерзімде ұлттық рухын тауып, барлық жағынан қарқынды дамып келе жатқандығының сырын білу артық болмас еді. Кеңестік мазмұн­да­ғы коммунизм идеясын елді қы­рып-жойып жүзеге асыруға асыққан Қытай жалт бұрылып, Батыстың на­рығын қалай тез игереді деген са­уал­­ға айқын жауап тапсаң, төңірекпен тізе қоса ілгерілеудің тетігін табар едің. Осындай зерттеуді ТМД аума­ғын­да ерте бастаған Ресей ғалым­да­ры жарамсыздығы тарихи дәлелден­ген режімдік идеологиялардың зардабынан жедел арылып, әлеммен ұлттық сәйкестікке түсудің бірден-бір тиімді жолы – мемлекеттік ұлттық құндылықтарды әмбебаптандыру деп отыр. Бұл жердегі ұлттық мемле­кет­тік құндылықтар дегеніміз – елді экономикалық және рухани дамы­тудың саяси шешімдері, сыртқы дү­ние­мен осы салаларда жасалатын қа­рым-қатынастың басым бағыттары. Егер осы таңдаулар мемлекеттің ішкі қажеттігінен туындап, жүзеге асыру мүмкіндігіне сай келсе және өзге ел­дермен байланыста қатаң ескеріліп, нақты нәтижелерге негізделсе, ұлттық құндылықтардың әмбебап­тандырылғаны. Қазақстанның даму жолы, Елбасының өркендеу жолы осы талаптардың айрықша еске­рілуімен дараланады. Ал Батыс пен Шығыстың ойшылдары болса, же­келеген ұлттардың сәйкестігі адам­заттық сәйкестікке бастайтынын дә­лел­деуден жаңылған емес. Осындай байламдардың ішінде С.Хантинг­тонның (“Столкновение цивили­зации”) ойы оқшау тұр. Ол ұлттық сәйкестік қанатын кеңге жая келе адамзаттық біркелкі өркениеттің құрылуына әкеледі, жаңа адам, әлем адамы жасалады дейді де, оған “хомоглобалис” деп ат қояды. Кім білсін, екпінінен тау теңсе­летін заманда ол да ғажап емес қой. Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты.