Қазір еліміздің барлық облыстарында “Қазақстанның үздік тауары” атты көрме-конкурстар өтіп жатыр. Бұған дейін біз олардың бірқатары туралы хабарлар жариялағанбыз. Бұл жолы тағы да бірқатарына кезек беріп отырмыз.
Республика аймақтарында өткізіліп жүрген “Қазақстанның үздік тауары” атты көрме-байқаулардың басты мақсаты – өз өндірістерін бүгінгі заман талабына сай жаңғырта білген кәсіпорындарды бәскелестік ортаға тарту. Өз атауынан көрініп тұрғанындай, олардың үздік тауар өндірулеріне ықпал ету. Қазақстанның Кеден одағына кіруіне байланысты соңғы уақытта мұндай шаралардың мәні мен маңызы арта түсуде.
Орал қаласында өткізілген осындай көрмеге өңірдегі 21 кәсіпорын қатысып өз өнімдерін қатал да талапшыл байқау комиссиясының назарына ұсынды. Осы арада өндірісті жаңғырту мен оған жаңа технологияларды енгізу оралдық кәсіпорындар өндірген тауар түрлерінің көбеюіне әрі оның сапасының көтерілуіне ықпал еткенін айта кеткен жөн. Мұнда табыстың бір кілтін – кадрларды оқыту мен қайта оқытудың оң нәтижелері құрайды.
Мұның нақты мысалдары да жеткілікті. Айталық, бұған дейін бірыңғай сыра және квас өндірумен айналысып келген “Нұржанар” ЖШС бүгінде шөлмекке құйылған су өндіруге де лайықты қадам жасады. Ал Азия даму банкі жобасына қатысушы “Желаев нан өнімдері комбинаты” АҚ тұрмысы төмен отбасындағы аналар мен балалардың тамақтану тәртібін жақсарту жөнінде нақты іс-шаралар белгіледі. Комбинат ұжымы ұсынған жоғары сортты бидай ұнынан әзірленген өнім арнаулы нәрлі-минералды қосымшалармен байытылған.
Оралдағы “СВ плюс” деп аталатын тағы бір кәсіпорын Қазақстанда баламасы жоқ ұзындығы 18 метр төбе жабатын плиталар шығарады. Олар өз өндірістерін ұлғайту мен жаңғырту арқылы соңғы кезде бұған қосымша ірілі-ұсақты көше құрылысы материалдарын өндіруді де жолға қойды.
“Қазақстанның үздік тауары” аймақтық көрме-байқауына Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты комитеттер басшыларының арнайы келіп қатысуы байқау жүгі салмақты болғанының бір белгісі іспеттес. Аталған министрлікке қарасты өнеркәсіп комитетінің төрағасы Амангелді Таспихов біткен іс пен игі шара жөнінде өз ойын төмендегіше тұжырымдады.
Байқауға қатысқан кәсіпорындардың бәріне сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Мұндай бағыттағы байқаулар шағын және орта бизнестің дамуына даңғыл жол ашады. Ең бастысы, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі мен экспортқа бейімділік деңгейін биіктете алады. Республика деңгейінде биыл бесінші жыл қатарынан осы тектес аймақтық көрме-байқаулар өткізіліп келеді. Мұндағы басты мақсат Президенттің “Алтын сапа” сыйлығына лайықты ең үздік тауар өндірушілерді алдын-ала іріктеу болып табылады. Яғни аймақтық байқаудың жеңімпаздары аталған президенттік “Алтын сапа” сыйлығын жеңіп алу үшін Астанада өткізілетін республикалық байқауға қатысатын болады.
Комитет басшысының ой-пікірінен тағы бір түйгеніміз 2007 жылға дейін “Алтын сапа” жеңімпаздарына салықтық жеңілдіктер ұсынылып келіпті. Бүгінгі жаңа индустрияландыру бағдарламасы белгіленіп отырған жауапты кезеңде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті “Алтын сапа” жеңімпаздары үшін белгіленген осындай салықтық жеңілдіктерді қайта жаңғырту жөнінде ұсыныстар түсіріп отыр екен.
Бүгінде Кеден одағы шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды рөл атқармақ. Әсіресе бұл істе Ресей және Беларусь мемлекеттеріндегі тауар өндірушілермен өзара іс-қимылды жандандырудың орны бөлек.
Осындай игі іс әлдеқашан басталып та кеткені әрі қазір оның алғашқы нәтижелерін де көзбен көріп, қолмен ұстауға болатыны қандай ғанибет. Айталық, Оралда өткізілген “Қазақ-станның үздік тауары” байқау-конкурсына Қазақстандағы “Оралагрореммаш” АҚ және “Минск автомобиль зауыты” ААҚ бірлесіп шығарған су шашатын және қоқыс жинайтын мәшинелер ұсынылды.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.
***
Отандық тауарлар шығаруды ұлғайтып, бәсекеге қабілеттілікті арттыра түсуді мақсат еткен конкурс-көрмеге отыздан астам кәсіпорын және белгілі кәсіпкерлер қатысты. Конкурста жеңімпаз атанып, республикалық “Қазақстанның үздік тауарлары-2010”, конкурс-көрмесіне, сондай-ақ ҚР Президентінің “Алтын сапа” сыйлығын алу конкурсына қатысуға жолдама алғандар арасында “Каспий аймақтық мәшине жасау зауыты” ЖШС, “Ақтау сүт”, “Волна” кондитер фабрикасы, “Жанарыс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Жамал-ай” кәсіпорны, “Каспиан энд КЭТ-Ринг Сервисес” компаниясы, жеке кәсіпкер ұлттық киімдер тігуімен белгілі М.Тасмұханбетова басқаратын ұжым бар. Сондай-ақ конкурс-көрме қортындысымен бірнеше іскер азамат “Жылдың озат кәсіпкерлері” атанып, марапатқа ие болды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
***
Жамбыл облысында “Қазақстанның үздік тауары” деген атпен аймақтық көрме-конкурс болып өтті. Бұл іс-шараға облыс әкімі Қанат Бозымбаев, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының және “Атамекен” одағы” ҚҰЭП өкілдері қатысты.
“Қазақстанның үздік тауары” көрме-конкурсының мақсаты ел рыногын жоғары сапалы және басекеге қабілетті өнімдермен толық қамтамасыз ету, сапа идеясын көпшілік санасына сіңіру, отандық өнімдердің сұранысын арттыруға бағытталған кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін жандандыру болып табылады.
Көрме-конкурсқа облыстағы кәсіпорындар және жеке кәсіпкерлер көптеп қатысып, қазылар алқасының шешімімен “Өндірістік мәндегі үздік тауарлар” номинациясы бойынша бірінші орынды “Қазфосфат” ЖШС, екін-ші орынды “Шығыс бас-қармасы” ЖШС, үшінші орынды “Тараз металлургия зауыты” ЖШС ие-ленді. Ал “Тұрғындарға арналған тауарлар” номинациясы бойынша бірінші, екінші және үшінші орындарды тиісінше “Амангелді газ” ЖШС, “Айвенго” ЖШС және “Айналайын” қоғамдық бірлестігі бөлісті. “Үздік азық-түлік тауарлары” номинациясы бойынша “Меркі ірімшік зауыты” ЖШС үздік деп танылса, “Ақ ниет” ШҚ екінші және “Тамақ” ЖШС үшінші орынды қанағат тұтты.
Сөйтіп үздік тауарлар бәсекесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыс әкімінің арнайы дипломымен, ақшалай сыйлығымен марапатталып, “Қазақстанның үздік тауары-2010” республикалық көрме-конкурсына жолдама алды.
Конкурс қорытындысы облыс кәсіпорындарының өнімі мен қызметінің сапасын арттыруда алдағы уақытта айтарлықтай нәтижелерге қол жетуге болатынын байқатты. Енді облыстың ең үздік деген кәсіпорындары өз өнімдерін Астана қаласында өтетін “Алтын сапа” бәсекесіне апарып, бақ сынайтын болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары
Қазақстан Республикасының Үкіметі www.government.kz
Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz
Қорғаныс министрлігі www.mod.kz
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі www.eco.gov.kz
Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz
Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz
Денсаулық сақтау министрлігі www.mz.gov.kz
Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.gov.kz
Қаржы министрлігі www.mіnfіn.kz
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі www.mіnplan.kz
Әділет министрлігі www.mіnjust.kz
Төтенше жағдайлар министрлігі www.emer.kz
Мәдениет министрлігі www.sana.gov.kz
Байланыс және ақпарат министрлігі www.bam.gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі www.mіnagrі.kz
Экономикалық даму және www.mіnplan.kz
сауда министрлігі -
Туризм және спорт министрлігі www.mts.gov.kz
Мұнай және газ министрлігі www.memr.gov.kz
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі www.mіt.kz
Статистика агенттігі www.stat.kz