Қай деңгейдегі болсын басшының бедел-абыройы ел мен халыққа сіңірген еңбегімен, өзіне жүктелген міндетті адал атқаруымен бағаланары анық. Бұл өмірлік қағида тұрғысынан саралағанда Қазығұрт ауданының әкімі болып бекітілгеніне жыл толған Тұманбек Әлиевтің осы мерзім аралығында жүзеге асырған татымды тірліктері алдымен өңір жұртшылығының оның ел басқарудағы қарымды қабілетіне нық сенімін арттырып үлгерді. Таулы, жазықты, сулы аймақты жайлаған Қазығұрт ауданының құнарлы жері жайқалтып сан-салалы егін, мыңғыртып төрт түлік мал өсіруге, өндірісті де өрістетуге өте қолайлы, яғни әлеуеті өте жоғары өңір. Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданғаны мәлім. Қазығұрт ауданында осы маңызды құжаттың шеңберінде алдағы бес жылда жүзеге асырылар серпінді жеті жоба белгіленді. Өңірдің өркендеуін қамтамасыз етуге көзделген бұл ауқымды жоспарлардың бірқатары қазірдің өзінде-ақ орындала бастады.
Алматыдан арнайы шақырылған ғалымдар Қазығұрт кенті орналасқан аумақтың жері астында шипалы судың мол қоры бар екенін анықтады. Әйгілі Сарыағаш шипажайы суының негізгі арнасы осы Қазығұрт жерінің тереңінен бастау алатыны да белгілі болды және ыстықтығы 45 градус. Ал, оның температурасы Сарыағашқа жеткенше едәуір төмендейді екен. Соның әсерінен Қазығұрттың астындағы минералды судың 32 емдік қасиеті болса, Сарыағашта ол 18-ге кемитіні де дәлелденді. Міне, мұндай ерекше байлықты халық игілігіне тиімді пайдалану мақсатында Қазығұрт ауданының орталығына жақын маңда 150 орындық санаторий салу қолға алынды. Бір айда мұнда 450 адам денсаулығын түзеткенде түбінде одан ауданға түсер пайда көл-көсір болмақ. Тынығушыларға жаратылатын қажетті өнімдер осы ауданнан табылатыны да сөзсіз. Аудандағы тұңғыш санаторий келесі жылдың ортасына дейін игілікке берілмек.
Іске асырылған екінші жоба – Қақпақ тауының баурайындағы Көктөбе биігінен жарып ағатын бұлақтардың суының құрамы да мұқият зерттеуден соң адам ағзасына шипалы қасиеті бар болып шықты. Қайбір жылдары аталған бұлақ суының емдік қасиеті жөнінде республикаға кеңінен мәлім болған. Бірақ кезінде оны халық игілігіне талапқа сай пайдалану тоқтап қалып еді. Ауданның бүгінгі басшылығы бұл істі қайта қолға алудың арқасында судың құрамына тағы да мұқият тексеру жасалынып, қазір одан “Көктөбе” деген атпен күніне 1200 дана құты тұтынушыларға жіберіледі. Ғалымдар бұған “Тибеттің суы алтын болса, Көктөбенің суы бриллиант” деген баға беріпті. Өйткені, Қақпақ бөктерінің тумасы адам ағзасындағы тастарды ерітіп шығаратын көрінеді.
Кезінде әлемге әйгілі болған, кейіннен азайып кеткен Алматының апортын Қазығұрт ауданының ауылдарында өсіру идеясы құптарлық. Теңіз деңгейінен 950 метр биіктікте орналасқан аудан жерінде жақсы өсетін Алматы апорты биыл Тұрбат, Алтынтөбе, Көкібел, Қақпақ, Жігірген елді мекендерінде егілді. Жыл аяғына дейін оның көлемін 40 гектарға, келесі жылы 60 гектарға, жалпы үш жылда 100 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Келешекте күллі Қазақстанды Алматы апортымен қамтамасыз ету мақсаты бар. Бау-бақша өсіруге жаңа технологияны батыл енгізу жұмыстары жүргізілді. Ауданда биыл алғаш рет тамшылатып суару жүйесі қолға алынып, оны 70 гектар жүзімдік алқабына пайдалана бастады. Суды үнемдеудің бір тетігі ретіндегі бұл әдіс қазір ойдағыдай нәтиже беріп отыр.
Ауданда 300 мың бас тауық өсіретін ферманың құрылысын жүргізу, жеміс-жидекті, көкөністі кептіріп, оны ұнтақтайтын ТМД елдерінде жоқ зауыт салу, саябақта аквапарк ашу сияқты жобалардың да іске асуына қазіргі кезде игі қадамдар жасалынып қойылды. Бұдан басқа кезек күттірмес, өмірдің өзі ұсынған маңызды жобалар да жетерлік. Мәселен, республика бойынша екі-ақ жерде бар малдың малағынан ең арзан көгілдір отын өндіретін “биогаз” фермасының үшіншісін Қақпақ елді мекенінде салу келесі жылдың жоспарында тұр. Бұл жоба да облыс басшысы тарапынан қолдау тапты.
Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түспейтін тақырып. Биыл жыл соңына дейін таза ауызсу түгілі, ағын суға да зәру Шанақ, Ақжар, Еңбекші ауылдарына Қазығұрт тауы бөктеріндегі есте жоқ ескі заманнан суы азайып көрмеген Ақбура бұлағынан құбыр тарту жұмысы аяқталмақ. Жалпы, елді мекендерге алдағы жылдары жерасты суы емес, таудағы бұлақ көздерінен құбыр жүргізу арқылы жеткізу жоспары да қуаттауға лайық. Жыл ішінде 21 елді мекенде ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты. Келесі жылдың соңына дейін аудандағы ауылдардың бәрі дерлік таза ауыз суды тәулік бойы пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізбек.
Қазығұрт ауданының көрікті жерлері туризмге әбден лайық. Бұл ретте де табиғаты әсем орындарда салынған турбазалардың игілігін халық көріп жатқанын айтуға болады. Аудан бюджеті есебінен спорттық сауықтыру кешені, фитнес-клуб нысандары да бой көтермек.
Жалпы, ауданда белгіленген жеті жобаның жүзеге асырылғандарының және әлеуметтік мәселені шешу мақсатында атқарылған жоспарлы шаралардың нәтижесінде бір жыл ішінде 300-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Алға нақтыланған талай шаруаның арқасында әлі көптеген қолы бос тұрғындардың белгілі бір іс тұтқасын ұстайтындарын бағамдауға болар. Қысқасы, аудан халқы өңірлік биліктің тиянақты қамқорлығын сезініп отыр.
Жеңіс БАҺАДҮР, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы.