• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2010

Ифтар сауаптан болсын

972 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы “Риксос” қонақүйінің “Жерұйық” залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары қауымына арнап қасиетті Рамазанның құрметіне ифтар дастарқанын жайғызып, ауызашар берді. Оған елорданың дін исламды бек тұтынатын мұсылмандары арасынан үш жүздей өкіл жи­нал­ды. Оның ішінде мемлекеттік саяси қызметкерлер, депутаттар, діни қыз­меткерлер мен намаз­хандар, құр­метті ақсақалдар мен аналар, мә­дениет және БАҚ өкілдері болды. Дастарқанды ашқан Қазақстан мұ­сыл­ман­дары діни басқармасы­ның төраға­сы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі алғашқы сөзді дінбасы Президент Нұрсұлтан Назар­баевқа берді. Елбасы Қазақ­стан мұсылмандарын қасиетті Ра­ма­занмен құттықтап, ораза ұстаған барлық жамағаттың құлшылы­ғы­ның қабыл болуын, отбасылары­ның аман, жүздерінің жарқын болуын тіледі. Одан әрі Елбасы ислам дінінің игі қасиет­терін айтып берді. Біздің дініміз жоқ-жітікке, қарып-қасерге көмек беруді уағыздайтын барынша әді­летті дін. Елімізде ты­ныштық бо­лып, ешқандай қан төгілмей, бей­біт өмір сүріп келе жатқа­нымызға ислам дінінің әсері мол. Өйткені, ислам дінін бек тұ­тынатын хақ мұсылман әрқа­шанда төзімді болып, басқа­лардың сені­мі­не құрметпен қа­рауды талап етеді, дей келіп осыдан әрі Елбасы Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­лары съезінің Қазақстанда тұрақты түрде өткізіліп келе жат­қан­дығын, келесі жылы Қазақ­стан­ның ИКҰ төрағасы болатындығын ауызға алып, осының бәрі еліміз­дегі тұрақтылық пен тыныштықтың арқасы екендігін айтты. Бұл істе исламның атқарып отырған рөлі зор, деді Президент. Жылдан-жылға жастар ара­сын­да ислам дінін қадір тұтып, оның талаптарына мойын ұсыну­шылар саны көбейіп келеді. Бірақ адам діннің сыртқы пішінін ғана сақтап, ниеті дұрыс болмаса еш­қан­дай құлшылықтың қабыл бол­ма­сы хақ. Сондықтан адам ең бас­тысы өзінің ниет-құлқын дұрыс жолға қойып, шын жүре­гімен Аллаға сенуінің маңызы зор, деді Елбасы. Одан әрі мұ­сылман дінін тұтынушыларға арналған құрмет биліктің барлық деңгейінде де тұрақты түрде жа­салып келе жатқанын айтты. Қазір барлық облыстар мен аудан әкім­дері де өздеріндегі мұсылман­дар­дың өкілдеріне арнап ифтар дастарқанын жайғызуда, деді  сөзінің соңында. Әбсаттар қажы Дербісәлі қазақ­стандық барша мұсылмандар аты­нан Рамазанның құрметіне жай­ғыз­ған ифтар дастарқаны үшін Елбасы Н.Назарбаевқа алғы­сын айтты. Елі­мізде жүргізіліп отыр­ған бейбіт­сүйгіш, дұрыс сая­саттың арқасында мұсылмандар қауымы өзінің сенім бостан­дығына толық ие болып, жылдан-жылға саны қатты өсіп келеді. Дініміз құрсауда, рухымыз тұсау­да болған кеңестік кезеңде елі­­мізде бар болғаны 68 мешіт бол­са, қазір олардың саны 2 мыңнан асып барады және олардың бәрі де арнайы салынған ғибадат­ха­налар, деді ол. Содан кейін дін­ба­сылардың Елбасы туралы жазған пікірлер жинағынан тұратын кітапты сыйға тартты. Ифтар дастарқаны басында ақ­сақалдар атынан Зейнолла Мұха­мед­жанұлы және басқалар сөйлеп, Елбасына өздерінің риза­шы­лық­тарын білдірді. Сенатор Өмірбек Байгелди төгілдіріп тұрып бата берді. Жақсыбай САМРАТ.