Көптен күткен Қазақстан – Түркия құрама командалары арасындағы бұл ойын кеше түнде ойналды. Осы күні Астананың “Астана-арена” стадионына жиналған көрерменнің қарасы айтарлықтай көп болды. Сол көрермен қауымның ең негізгісі болып кешеннің төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырды.
Жасыратыны жоқ, бәріміз едәуір үміт артқан матч 3:0 есебімен Түркия футболшыларының пайдасына шешілді. Сөйтіп, түріктер тағы да мерейлерін асырып кетті. Бірақ бұл қалай дегенде бұдан бес жыл бұрынғы 6:0 деген есеп емес-тін. Оның үстіне біздің жігіттер тым нашар ойнаған жоқ. Бұл жерде жеке шеберліктері жоғары, командалық ойынның тәсілдеріне тереңірек қанық османлы жігіттерінің басым түсуі әбден заңды еді.
Матч алдын ала белгіленген уақытта, тура түнгі 22.00 сағатта басталды. Біз халықаралық стандартқа да енді бейімделіп жүрген халықпыз ғой, Еуропа стадиондарының бәрінде футбол ойындары осылай кеш өтетінін жаңа біліп жатырмыз. Бұл жұрттың жұмыстан кейін келіп көрулеріне де, үйлерінде отырып, көгілдір экраннан тамашалауларына да барынша қолайлы уақыт болып табылады. Мәселен, бізде түнде болған сол кездесуді Түркияның да, Еуропа құрлығындағы өзге елдердің де тұрғындары көріп шыққаны анық.
“Бұл әнім бұрынғы әннен өзгешерек” демекші, біздің тап осы түрік қардаштарымызбен бұл жолғы қауышуды күткенімізге көп болған. Бұл күтудің басы биылғы қыста Швейцарияның Ньон қаласында 2012 жылы Польша мен Украинада өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне жеребе тартылғанда, біздің құраманың Түркия командасымен бір топқа түскені белгілі болған шақтан да бұрын басталған. Дәлірегі, қыжылдың қызуы 2005 жылдың 8 маусымында Алматыда түрік футболшыларынан 0:6 есебімен күйрей жеңіліс тапқанымыздан кейін-ақ, көп ұзамай лып етіп көтерілген. Соның алдында, 2004 жылғы 9 қазанда Ыстамбұлда осы қарсыластан 0:4 болып тағы оңбай ұтылғанымыз да санамызда сартап болып тұрғанымен, екі ретте де мүлтіміз кетіп қалғандай көрінген. Енді ше, тап сол 2004 жылы Еуропа чемпионатына бару үшін Латвиямен плей-офф шайқасын өткізіп, шешуші сәтте 0:1 есебімен еріксіз тізе бүккен түріктерді де шалып жығатын тәсіл бар екеніне көңіл именбей иланатын. Ал бүгінде рейтингісі қанша жерден жоғарылап кеткенімен, латыштар кешегі кеңес кезеңінде бізден үйде де, түзде де кезек ұтылып жүрген елдің бүгінгі ұрпақтары болатын.
Сондықтан енді қайта кездессек, түріктерге бұрын кеткен есеміз қайтып, көңіліміз тоғаятындай көрінетіні шындық еді. Оның үстіне содан бері де біраз уақыт өтіп кетті. Біз түріктерге оңбай жеңілгенде, құраманың тізгіні жаттықтырушы ретінде ешқандай білімі де, білігі де жоқ Сергей Тимофеевте болды. Ол атқарған тірлігінен нәтижелі жеміс шығарудан гөрі, өзінен қалайда жауапкершілікті алшақтатудың жайын алдымен ойластырған қу жігіт болып шықты. Оның орнына голланд маманы Арно Пайперс келгеннен соң барып, еуропалық үрдіс пен үлгіде құрама командалар қалай жаттығатынын біле бастадық. Расы керек, кезеңінде жеңісі мен жеңілісі қатар жүрген бұл маман 2008 жылдың қазанында орынтағын босатқанға дейін қазақ футболын тура жолға салуға біраз бағыт жасап кетті. Ал ол кеткеннен кейін неміс маманы Бернд Шторк шылбырды ширатып ұстай бастады.
Жаңа бапкердің өзі де матч басталар алдында сол кілки ұтылыстардың ендігі кездесуде алға құлшына ұмтылуға үлкен себеп болатынын айтып еді. Бұған қоса сол аралықтан бері өткен біраз уақытта біз қаншалықты деңгейде ілгері жылжи алдық, бұл матч соны да көрсетуге тиіс болатын. Бұл – бір. Екіншіден, түрік құрамасының тізгінін әлемдегі бағалы бапкерлердің бірі Гус Хиддинк ұстады. Біздің “А” іріктеу тобында түріктер мен біздерден басқа тағы Германия, Австрия, Бельгия және Әзірбайжан құрамалары бар екенін жанкүйер қауым жақсы біледі ғой деп ойлаймыз. Көзі қарақты оқырман бірден байқаған шығар, бұл топ негізінен герман және түркі нәсілділер жұрағатынан құралып отыр. Осындағы алты құраманың үшеуін немістер жаттықтырады. Бізде Бернд Шторк болса, әзірбайжандарды Берти Фогтс, Германияның өзінде Йоахим Лев бар. Сол сияқты неміс тілді Германия мен Австрияны мәдениеті мен менталитеті ұқсас Бельгия толықтырады. Ал қалған үш ел –Түркия, Әзірбайжан және Қазақстан түркі тілдес елдер болып табылады.
Бір қызығы, Еуропаның футбол қазанында қайнаған бар-жоғы осы үш түркі елі болса, соның бәрі бұл жолы бір топтың торына тап келіпті. Мұның арғы жағында Шторк кезінде Қазақстанда туғанымен, Германияда өскен екі футболшыны құрамаға тартып отыр. Бұлардан бөлек, Алексей Попов және Қазбек Гетериев сынды екі ресейлік ойыншыны да қатарға қосқан жайымыз бар. Мұндай жағдайды Түркия құрамасы да қолданып жүр. Оларда, мысалы, түбі бразилиялық Мехмет Аурелио (шын аты-жөні Марко Аурелио) ойнайды. Бұдан бұрын сапта ағылшын Казим (Колин Ричардс) де болған. Бұдан қалды, құрамадағы біраз түріктің туған жерлері басқа елдер болып келеді. Мәселен, Хамит және Халил Алтынтоп, Нури Шахин, Хакан Балта және Омер Эрдоған – Германияда, Мәуліт Эрдинч – Францияда, ал Торғай Бахадир Австрияда туып-өскен.
Енді тікелей матчтың өзіне келсек, ол түріктердің бірден бас салған жойқын шабуылымен басталды. Соның арқасында матчтың 1-ші минөтінде-ақ біздің қақпаға бұрыштама айып добы бағытталды. Осы жағдай 5-минөтте тағы қайталанды. Бірақ таяуда Оман құрамасымен осы стадионда жолдастық кездесу өткізіп, онда 3:1 есебімен жеңіске жетіп, кәдімгідей қоразданып қалған біздің жігіттер бұған ыға салмады. Арасында олар да алға доп асырып, қарсыластарының тамырын басып көріп жатқандай әсер қалдырды. Сондай бір сәттерде біздің Сергей Остапенко түрік Онур Реджеп Киврак қорғаған дарбазаны баспен нысанаға алды. Дегенмен, мықтының аты мықты ғой, түріктердің ойлы шабуылы барған сайын қауіпті бола түсті. Мәселен, ойынның 10-шы минөтінде біздің қақпашы тіке ұрылған допты әзер қағып үлгерді. Келесі қиын соққы 13-ші минөтте жасалды. Оны қорғаушы Сабри Сарыоғлу алыстан қиялай тартты. Бұдан кейінгі сәттердің бірінде Мехмет Аурелио біздің қақпа алаңында екі қорғаушының ел-селін шығарса, келесісінде атақты Нихат Кахведжи сол маңнан сәл болмағанда гол соғып жібере жаздады. Оны да қорғаушыларымыз әупірім әлегімен қайтарды.
Бұдан кейін де түріктер қайта-қайта біздің қорғаныстың мазасын ала берді де, арасында алаң иелері қарсы шабуыл ұйымдастырып тұрды. Бұл жерде Нұрбол Жұмасқалиевтің қақпа алаңына қарай көлбей тастаған добына Сергей Остапенконың шамалы ғана жетпей қалғаны есте жақсы сақталды. Ал есеп тіпті де күтпеген жерден ашыла кетті. Осы тұста ойын біршама саябыр тапқандай болып көрініп еді, сөйтсек, онысы дауыл алдындағы тыныштықтай ғана бола салған екен. Алдымен Хамит Алтынтоп біздің қақпаға қарай доп зырлатты. Онысы қақпашы Андрей Сидельниковтің жанынан жанай өтіп, қақпаның оң жақ бағанына барып соғылды да, кері қарай көлбей қайтты. Міне, сол допқа онсыз да ойын басталғалы шабуылда белсенділік танытып жүрген Түнжай Шанли бұрын жетті. Ол аяғын тоса қойғаны сол еді, домаланған доп қақпаға қарай күмп ете түсті.
Сірә, біздің жігіттер түйін осылай ойламаған жерден бірден шешіле салады деп күтпесе керек, мына голдан кейін әп-сәтте божырады да қалды. Тәжірибелі түріктер бұл жағдайды өте тамаша пайдалана білді. Сөйтіп, арада бар болғаны екі минөт өткеннен кейін есепті 2:0-ге жеткізді. Түріктер құрамындағы ең атағы зор екі футболшының бірі болып табылатын Хамит Алтынтоп өзіне қарай зуылдап ұшып келе жатқан допты шамамен 25 метрдей жерден тоқтатпастан қақпаға қарай ұрды да жіберді.
Кездесудің екінші таймы да қонақтардың басымдығымен өтті. Бірақ бұл біздің құраманың гол соғуға мүмкіндігі болмады деген сөз емес. Ондай жағдайлар бізде бір емес, бірнеше рет болды. Алайда, бірде шеберлігі жетіспеген, бірде қатты толқып кеткен ойыншыларымыз олардан нақтылы нәтиже шығара алмай жатты. Оның орнына түрік Нихат Кахведжи матчтың 74-ші минөтінде өзіне тән шеберлікпен екі-үш қорғаушыны алдап өтті де, ойын есебінің соңғы нүктесін қойды. Түріктердің бұдан кейін де гол соғатын мүмкіндіктері болды. Біздің бағландар да одан құралақан қалған жоқ. Ойын сонымен бітті.
Бұл ойын Түркия құрамасының топтан озып шығатын екі команданың бірі болуға әбден лайық екенін көрсетіп берді. Енді топтардағы келесі ойын 7 қыркүйек күні ойналады. Бұл күні Қазақстан құрамасы Венада Австрия командасымен кездеседі.
Серік ПІРНАЗАР, Астана.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.