• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Қыркүйек, 2010

Железин емес, Үрлітүп

572 рет
көрсетілді

Жуықта облыстағы Железин деп аталатын аудан құрыл­ғаны­мызға 75 жыл толыпты деп той жасап, бәйге өткізіп, Ресейден де қонақтар шақыруды ұмытпай, бір жасап қалды. Құтты болсын... Де­ген­мен, шежіресі сан қырлы халық­тың ұл-қызы болған біздер бұл тарихты әріден қарап, сыр қоз­ғаймыз ғой. Железинка деп атал­ғанына 75 жыл болғанымен, бұл жердің байырғы атауы – Үрлітүп. Бұл маңда бұрындары атақты Үрлітүп, Ұрық, Ұялы болыс­тық­тары билік құрған. Осы жердегі шекарада орналасқан кеден бекеті өткеннің атын жаңғыртып, осылай деп аталып та тұр. Ал, біз болсақ, әлі “инкалап” жүрміз. Тойдың аты – той. Бірақ, ойдың да, ойланудың да уақыты келгені анық. Ауыл шаруашылығы жақсы өркендеген астықты аудан үшін елу жылда бір келетін қуанышты туған күннен ешкім аянып қалмағандай. Чешен, ингуш, грек, украин, неміс, татар, орыс – бәрі-бәрі осы Үрлітүптің жерінде бас қосып, тату-тәтті тірлік кешіп жатқандарын білулері керек-ақ. Өткеннің жолын өзгелерге ұқтырып, ойлантуға өреміз жетпей тұрғандай. Соңғы жылдары еліне кеткен өзге ұлт өкілдерінің орнына қазақ­тың қарасын көбейтіп, Өзбекстан­ның Үшқұдық жағынан оралмандар келіп орнықты. Осы тойда “Желе­зин өлкесі” –“Железинский край” деген  кітап шығарылып, сыйға тартылды. Тіпті, осы жердегі қазақ мектебінің өзі де әлі күнге дейін Железин жалпы білім беретін орта мектебі деп аталады. Үш­құдық­тан келген мұға­лімдер мек­теп­ке Мағжан Жұма­баев­тың есімін беруді сұрағалы қашан. Баяғыда біреу қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қаш­қанына жылай­мын депті ғой. Мұн­да­ғы жағдай құдды сол бейбақтың кейпін көз алдыңа елес­тетеді. Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін деген қазақ. Аудан әкімдігі, аудандық ішкі саясат басқармасы Үр­літүптің өт­кеніне бір үңіліп, жері­­міз­дің атауына қиянат жасат­пауы тиіс еді деп білеміз. Еліміз тәуелсіз­дігін алғанына 20 жылға таяп қалды. Үрлітүп атауын қайта жаңғыртатын уақыттың келгені де күмәнсіз. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.