• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Қыркүйек, 2010

Ардагер аяқдоп шеберіне құрмет

432 рет
көрсетілді

“Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин танымал футболшы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықты­рушысы, Қазақстан Республикасы Футбол федерациясының вице-прзиденті Сейілда Байшақовпен кездесті. Спорттағы жолын 1970 жылы Жамбылдың “Энергетик” командасында бастаған Сейілда Байшақов бір жылдан кейін сол кездегі еліміздің жетекші командасы – “Қайраттың” негізгі құрамы сапына шақырылады. Тасқамал қорғаушы КСРО чемпионатының ең үздік дебютанты ретінде танылса, КСРО біріншілігінің жоғарғы лигасында 225 матч өткізіп, өзін аса шебер ойыншы ретінде көрсете білген. Кездесу кезінде Нұрлан Нығматулин Қазақстан футболының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, бүгінде 60 жасқа толып отырған мерейтой иесін асқаралы жасымен құттықтап, оған партияның ең жоғарғы марапаты – “Белсенді қызметі үшін” төс­­белгісі мен естелік сыйлықтар табыс етті. “Сіз тек Қазақстанда ғана емес, бұ­рынғы Одақ көлемінде ең үздік дебютант атанып қана қоймай, қазағымыздың атын шығардыңыз. Сол үшін біз сізді қазақ фут­болының абыройы, қаһарманы, Қа­зақ­станымыздың мерейі, мәртебесі деп білеміз және әрқашан да құрметтейміз. Сіз Қа­зақстан футболының дамуына үлкен үлес қосып келесіз. Жасыңызға жас қосылып, халқымыз үшін, жастар үшін еңбек етіп жүре беріңіз. Ал біз, “Нұр Отан” партиясы сіздерге қолдау көрсететін боламыз. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай, қазақстандықтардың 30 пайызға жуығы бұқаралық спортқа жұмылуы қажет. Ал сіздер, яғни спорт саласының мамандары Мемлекет басшысының сол тапсырмасын орындауға тікелей мүдделі бо­лып, қазақ спортының дамуына үлкен мән бе­ріп отырсыздар”, – деген партия Тө­ра­ғасының бірінші орынбасары ардагер спорт­шыға денсаулық, отбасына амандық тіледі. Ал Сейілда Байшақов өз кезегінде партияның өзіне көрсеткен құрметі үшін алғысын жеткізді. “Бұл ең бірінші кезекте маған деген құрмет пен сенімнің белгісі. Сол себепті мен болашақта да өзімнің бар күш-жігерімді Қазақстан спортының дамуына бағыттайтын боламын”, деді танымал аяқдоп шебері. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.