...Көкпекті ауданының әкімі, көрші Жарманы тоғыз жыл бойы үздіксіз басқарып, ауданның мәдниеті мен спортын көш ілгері шығарып, экономиканы ілгері шығарып, экономиканы ілгері жылжытқаны үшін “Құрмет” орденімен марапатталған, баяғының батырларындай зор денелі, иықты Дүйсенғазы Мағауияұлы Мусин мұның алдында бір апта бұрын хабарласып, Ата Заңымыздың күні қарсаңында ауылдарында көп жаңалықтардың болатынын айтқан еді. Шынында да келіп, көргенімізде Көкпектіде көзге бірден түсетін әдемі ғимараттар мен спорт кешендерінің пайдалануға берілгенін байқадық. Енді бір айдан кейін көкпектіліктер ауданның 80 жылдық торқалы тойын атап өтуге әзірленуде.
Қос Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, КСРО-ның жеті дүркін, Әлемнің, Азияның бірнеше дүркін чемпионы, ФИЛА-ның бюро мүшесі Дәулет Болатұлының атасы Тұрлыхан Қасенұлы 1931 жылы Көкпектіде аудандық білім бөлімі мен аудандық газетті бірге басқарыпты. Әлі күнге дейін көненің көзі қариялар Тұрлыханның балуан, әрі әнші, күйші болғанын тұрғындар арасында беделді болғанын айтады. Енді, міне, немересі Дәулет “Туған жерге тағзым” акциясы бойынша жақын арада мерейтойларын атап өтетін Көкпектіге атбасын бұрыпты. Жалғыз келген жоқ, жанында ұстазы, халықтың сүйікті ұлдарының бірі Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко бар. Өскеменнен тікұшақпен жеткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келген соң қонақтар “Дәулет” күрес кешеніне қарай бұрылды.
“Дәулет” күрес кешенінің құрылысы биылғы сәуірде басталыпты. Оған бюджеттен 16 миллион 646 мың теңге бөлінген. Қалған үш миллион теңгені демеушілер берген. Есімі берілген кешенге Дәулет Болатұлы “Газель” автокөлігін, күрес кілемдері мен тренажерлік, теледидар, басқа да оқу құралдарын ала келіпті.
Дәулет Тұрлыханов атындағы спорт кешенінің ашылу салтанатында өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы жиналған тұрғындардың алдында сөз алды:
– Құрметті көкпектіліктер, сіздердің ауылға қуанышты бірге бөлісуге келіп тұрмыз. Елбасы Н. Назарбаев спорттың бұқаралылығын арттыру жайында үнемі айтып келеді. Ол үшін кез келген адам жат әрекеттерден аулақ болып, дене тәрбиесі мен ой, еңбекті қатар алып жүрулері тиіс. Еліміздің қалаулы ұлы Ер Дәулеттің есімімен спорт кешенін атау жөніндегі бастамаларыңыз қуантады. Осы спорт кешенінен Дәулет сияқты мықты азаматтардың шығуына тілектеспін, – деді өңір басшысы.
Олимпиада чемпиондары Ж.Үшкемпіров, Ю.Мельниченко осындай маңызы бар кешенді салып берген облыс әкімі Б. Сапарбаевқа алғысын білдірді. Дәулет Болатұлы болса “Спорттың арқасында талай елдерді араладым, спорт саңлақтарымен таныстым. Олардың барлығы Қазақстанның керемет қарқынмен дамып келе жатқанын, Арқаның төрінде әсем Астананың бой көтергенін, Н.Назарбаев сияқты кемеңгер, ақылды басшысы бар елдің алдағы уақытта да тамаша табыстарға жете беретініне ауыздарының суы құрып әңгімелейді. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуі, биыл желтоқсанда ЕҚЫҰ Саммитінің 56 мемлекет басшыларының қатысуымен Астанада өтетінінің өзі Қазақ елінің болашағын білдірсе керек. Не айтамын, маған құрмет көрсеткен жерлестеріме, өңір басшысы, Бердібек Мәшбекұлына, аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин мырзаларға алғысым шексіз. Келешекте ауруханалар емес, осындай зәулім спорт ғимараттары салынса, көк байрағымыз шетелдердің аспанында самғай беретіні сөзсіз” – деп ағынан жарылды.
Бұдан кейін облыс әкімі Б.Сапарбаев, Олимпиада жұлдыздары лентаны қиып, ішке енді. Кешенде спортшыларға арналған жуыну кабиналары, күрес кілемі, 2 көпфункционалды тренежер, басқа да бөлмелер бар. Қонақтар аралап көріп, сапасына разы болды. Бұдан кейін грек-рим күресінен облыстық жарыс басталды. Өскемен, Семей қалалары, Үржар, Аягөз, Жарма, Көкпекті аудандарының балуандары 8 салмақ бойынша жеңімпаздарды анықтады. Бұл сайыста семейліктер мен Жарма, Көкпекті, Үржар аудандарының шеберлері көзге түсті.
Алматы, Астана және Өскеменнен келген қонақтар бұдан кейін Құмар Раев атындағы жетім балалар үйіне келді. Дәулет ағалары балалар үйінің жеткіншектеріне саз аспаптарынан, бильярд, волейбол, гандбол, футбол доптарын тарту етті. Аудан әкімі Д. Мусин өз сөзінде Дәулет Болатұлының спорттағы жетістіктері, оның атасы Тұрлыхан қарияның осыдан 80 жыл бұрын Көкпектіде екі бірдей аудандық білім бөлімі мен аудандық газетті басқарғанын, демек, бұл жолғы сапардың ерекше екеніне балалардың назарын аударды. Жақсылық пен Юра өздерінің қалай жеңіске жеткендері жайлы әңгімелеп берді. Ал Дәулетпен бірге келген еліміздің белгілі әншілері Жеңіс Сейдолла мен Медеу Арынбаев балаларға ән салып берді. Көңілдері жабырқау жандардың мерейлері өсіп, әнші ағаларына қосылып ән шырқағандары әсерге бөледі.
Көкпектідегі жаңа мектепте де осындай әсерлі кездесу өткізілді. Бұл мектептің түлектері арасынан талай жүлдегерлер шығыпты. Олимпиада чемпиондары Жақсылық пен Юрий, Дәулет оқушылардың сауалдарына жауап қайтарса, Жеңіс пен Медеу әннен сәлем жолдады.
“Қалбатау” асыл тұқымды мал зауытының атақ-даңқы бүкіл елге таныс. Бұдан 80 жыл бұрын құрылған Қалбатауда салмағы 1430 келі “Брусок” деген асыл тұқымды бұқа КСРО-ның халық шаруашылығы көрмесінде сан мәрте бірінші орынды жеңіп алған. Қазір Жарық ауылында 2700 ірі қара, 1100 жылқы бар. Салмағы 440 келі 220 тайынша етке өткізілуге әзір тұр. Қожалық иесі М.Ибраев пен ауыл әкімі Мұрат Жұмағазинов келешекте де асыл тұқымды мал басын көбейте беретіндерін айтты. Облыс әкімі бастаған топ спорт мектебінде, сосын осындағы орта мектепке келіп, кездесу өткізді. “Мен Жарыққа келе алмай жүр едім. Дәулет жерлестеріңізді ертіп келдім. Мектеп пен клуб үйі тозып тұр екен. Келер жылы “Жол картасы” бағдарламасына енгізуге тырысамыз”. Ауыл тұрғындары Бердібек Мәшбекұлына атқарып жатқан оң істеріне алғыстарын айтты.
Сол күні өңір басшысы Қалбатау ауылындағы жаңа футбол алаңының ашылуына қатысып, “Жол картасы” бойынша сапалы бой түзеген аудандық мәдениет үйін көрді. Жарма ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Аманжол Дәуітов атқарып жатқан істерімен таныстырды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті-Жарма аудандары.
Суретте: Көкпектідегі Дәулет Тұрлыханов атындағы спорт кешені; лента қию рәсімі; Қалбатаудағы жаңа футбол алаңы.