• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Қыркүйек, 2010

Ақынмен дидарласты

481 рет
көрсетілді

Мемлекет тарихы институты құрылған уақыттан бері алыс-жақын шетелдік ғалымдардың қатысуымен, атап айтқанда АҚШ, Франция, Ресей, Түркия, сондай-ақ өз Отанымыздың танымал ғалымдарымен, белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізіп тұруды игі дәстүрге айналдырып келеді. Жақында Ата Заңымыздың 15 жылдығына орай институт ғалымдары көрнекті ақын, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, халықаралық антиядролық “Невада-Семей” қозғалысының президенті Олжас Сүлейменовпен кездесті. Кездесу барысында Олжас Омар­ұлы институт қызметкерлерінің жұмыс орнымен, ғылыми ізденістерімен танысты. Кітапханада ұйымдастырған “О.Сүлейменов және оның замандас­тары” атты көрмені тамашалады. Институт директоры, тарих ғылым­дары­ның докторы, профессор Бүркітбай Аяған 40 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласына қасірет төндіріп келген Семей ядролық сынақ полигонының жа­былуындағы Олжас Сүлейменовтің зор үлесін ерекше атай отырып, ел та­рихы белсенді түрде зерттеліп жатқан­ды­ғын тілге тиек етті. Биыл ғалымдар Қазақстан тарихының жаңа оқулығы мен хрестоматиясын және онға жуық ғылыми және қоғамдық-саяси басылым­дардың баспадан шыққанын жеткізді. Дидарласу сәтінде ақын Қазақ­станның ЮНЕСКО-дағы қызметі, қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен жетістіктері, атқарған іс-шаралары жайын қозғап, талай жылдар бойы қалам тербеп жүрген “1001 сөз” атты кітабын дайындап жатқанын тілге тиек етті. Ол сонымен қатар, ел бірлігі док­три­насы, жаңа тіл білімі, жаңа оқу­лық­тар, тағы басқа өзекті проблемаларға тоқталды. А.ӘБЕНОВА, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері.