• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
04 Қыркүйек, 2010

Әлеуметтік саланың әлеуетін арттырған

489 рет
көрсетілді

Қазақстанның экономикалық әлеуетінің артуына, еліміздің мұнай-газ саласының қарқынды дамуына “Қарашығанақ Пет­ролиум Оперейтинг Б.В” (ҚПО) компаниясының қосқан үлесі кешенді де қомақты. ҚПО энергетикалық қуат көздері бойынша еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру, ел экономикасын инновациялық әртараптандыру үрдісін жетілдірумен қатар өңірдің әлеуметтік инфрақұры­лы­мын дамытуға да барынша жағдай жасап келеді. Әлемдік мұнай-газ саласында атағы шыққан бұл беделді құрылымның жергілікті жердегі тұрғындардың тұрмыс ахуалын жақсарту мақсатында атқарып жатқан игі шаралары да жетерлік. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында ҚПО Ақсай қаласында 900 оқушыға ар­налған жаңа мектеп ғимаратын салып пайдалануға берді. Ақсай қаласының 10-шы шағын ауданында бой көтерген бұл №6 орта мектеп ғимаратының құрылысы ҚПО-ның қаржыландыруымен екі жыл мерзімде толық жүзеге асты. Бұл әлеу­мет­тік нысанға 8 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлінген. Нысанның құры­лысын бас мердігер ретінде “Жайықсель­строй” атты оралдық құрылыс компания­сы жүзеге асырды. Жаңа мектеп ғимаратында өскелең талаптарға сай оқу корпусымен қатар 2 спорт залы, хореографиялық және ком­пью­терлік орталықтары бар. 560 орындық акты залы да ерекше көз тартады. Мектеп жа­нында үлкен стадион және спорт алаңдары, бастапқы әскери дайындық алаңдары жабдықталған. Сол сияқты сыныптан тыс сабақтар өткізуге арналған орындар да бар. ҚПО компаниясы жаңа мектеп ғи­ма­ратын қажетті жабдықтармен, жиһаздар­мен, компьютерлік техника және мето­дикалық көрнекі құралдармен толық қамтамасыз етті. Сонымен бірге мектеп жанында жол жүру ережелерін үйренетін арнайы алаң жабдықталған. Мектеп ғи­маратының айналасы көгалдандырылып, жоғары талғам талабына сай абатта­н­дырылған. Ақсай қаласындағы жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының, Бөрілі ауданының басшылары, ҚПО компаниясының жетек­шілері, мердігерлік ұйымның басшылары, ардагерлер және өңірдің қоғамдық ұйым­дарының өкілдері қатысты. Салтанатта сөз алған ардагерлер мен ата-аналар ос­ын­дай заманауи мектеп ғимаратын пайдалануға берген демеушілерге шынайы алғыстарын білдірді. – Еліміздің айтулы мерекесі болып табылатын Конституция күні және жаңа оқу жылы қарсаңында осындай ірі де іргелі оқу орнының бой көтеруі ақсай­лық­тар үшін үлкен қуаныш әрі зор мереке. Бұл игі жетістікке Батыс Қазақстан об­лысының, Бөрілі ауданының әкімдіктері мен ҚПО компаниясының арасындағы тығыз әріптестік байланыстың арқасында қол жеткіздік. Алдағы уақытта да бұл өза­ра тығыз байланысымыз бен жемісті әріп­тестігіміз жалғаса бермек, – деді сал­та­натта сөйлеген сөзінде ҚПО компания­сы­ның Үкіметпен және сыртқы байла­ныс­тар жөніндегі директоры Нұржан Камалов. Батыс Қазақстан облысы әкімінің ор­ынбасары Нұрлан Ноғаев Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының 15 жыл­дығы мерекесі құрметіне ашылып отырған жаңа мектептің артықшылықтарына жан-жақты тоқтала келіп, осы игі мақсатты жү­зеге асырған ҚПО компаниясы мен мер­дігерлік ұйымдар тарапына үлкен алғыс айтты. ҚПО компаниясының жаңа оқу жылы қарсаңындағы әлеуметтік демеушілік қадамдары осы бір жаңа мектеппен шектелген жоқ. Компания Конституция күні мерекесіне орай Бөрілі ауданының мектеп-интернатына және Березовский, Успенский, Қарасу, Приуралия, Қызыл­тал селолық мектептеріне бір-бір жаңа автобус сыйлады. ҚПО-ның әлеуметтік салаға бағытталған жобалары шеңберінде Қаршығанақ кентіндегі бастауыш мектеп­ке күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, аз қамтамасыз етілген отбасыларынан шыққан 135 балаға толықтай мектеп жабдықтары сатып алынды. ҚПО компаниясы Өнімдерді бөлу туралы қорытынды келісім шеңберінде өздері қабылдаған міндеттемеге сәйкес Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларға жыл сайын 10 миллион АҚШ доллары мөлшерінде қаржы бөліп келді. Ал 2009 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қарашығанақ жобасын басқарудың бірлескен комитетінің ше­шімімен өңірдің әлеуметтік инфрақұры­лы­мын дамыту жобаларына бөлінетін жыл сайынғы қаржы мөлшерін 20 миллион АҚШ долларына жеткізілді. Өңірде жемісті жұмысын жалғас­ты­рып келе жатқан ҚПО компаниясының әлеу­меттік инфрақұрылымды дамытуға бөлген қаржысының нәтижесінде Батыс Қазақ­стан облысында бірқатар мектеп, ауру­хана, спорт, әлеуметтік және мәдени орта­лықтар бой көтерді. Жаңа жолдар салы­нып, об­лыстың бірқатар елді ме­кендеріне газ және су құбырлары тар­тыл­ды. ҚПО компа­ния­сы Өнім жөніндегі ақырғы ке­лісім мер­зімінің ішінде өңірдің әлеуметтік инфра­құрылымына жарты мил­лиард АҚШ долларынан астам ин­вестиция сал­мақ. Бұл еліміздің әлеу­мет­тік әлеуетін арт­тыру аясында өңірдің одан әрі қар­қын­­­ды дамуына игі ықпал ете­тіндігі сөзсіз. Алдағы уақытта іс жүзіне асырылатын бірінші кезектегі әлеуметтік жобаларды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсы­нады. “ҚазМұнайГаз”, ҚПО компа­ния­лары және әкімдік өкілдері бекіт­кеннен кейін бұл жобаларды іс жүзіне асы­ратын мердігерлерге тендер жарияла­нады. Бүгінгі күнге дейін осындай жо­бамен жүзеге асырылатын нысандарды са­луға жергілікті құрылыс ұйымдары тар­ты­лып келеді. Бұл өз кезегінде батыс­қа­зақ­стандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұ­мыс­тарының сапалы әрі уақытында жүр­гі­зілуіне ҚПО-ның әлеуметтік жобалар жөніндегі бөлімі бақылау жасайды. Сонымен бірге бұл бөлім еңбекті қорғау, техникалық қауіпсіз­дікті сақтау және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне айрықша маңыз береді. “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В” компаниясы бірнеше компания­лар­дан құралған біріккен кәсіпорын болып табылады. Бұл ретте оның құрамында “Би Джи Групп” компаниясының 32,5 пайыз, “Эни” – 32,5, “Шеврон” 20 және “ЛУ­КОЙЛ” компаниясының 15 пайыз үлесі бар. ҚПО әлемдегі мұнай-газ конден­сатының ең ірі кеніші болып табылатын Қарашығанақ кен орнында өндіру және дамыту жұмысымен айналысады. ҚПО компаниясының облыстағы жә­не республикамыздағы әлеуметтік ин­фра­құрылымды дамытуға қосқан үлесі үнемі жоғары баға алып келеді. 2006 жылы ҚПО компаниясы “Золотой Прометей” сый­лы­ғымен марапатталса, 2008 жылы әлеу­меттік жобаларды жүзеге асырудағы зор жетістіктері үшін “Парыз” сыйлығымен марапатталды. Компания алдағы уақытта да осы ізгі мақсат жолындағы тура жолы­нан таймақ емес. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.