• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Қыркүйек, 2010

Ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік

455 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Орталық комитеттің хатшысы әрі насихат бөлімінің жетекшісі Лю Юньшан бастаған Қытай Халық Республикасының делегациясын қабылдады. Кездесу барысында тараптар Астана мен Бейжің арасындағы екіжақты ықпалдастықтың бары­сын талқылады. Атап айтқанда, сау­да-экономикалық және шекара­лық аймақтағы ынтымақтастықтар мен халықаралық ұйымдар шең­бе­рін­дегі өзара іс-қимылдар жөнінде пікір алмасылды. Соның ішінде Қырғыз Республикасындағы жағ­дай туралы әңгімелескен тараптар оның әлі де алаңдатушылық жағ­дай­да екендігін атап өтті. Осы орай­да Қанат Саудабаев Қырғыз­стан­дағы тұрақтылықты, экономи­ка­лық даму мен қауіпсіздікті қам­та­масыз ету жолындағы көмектерді жан-жақты бірлестіру қажеттігін атап өтті. Мұның өзі жалпы ай­мақ­тағы тыныштықтың сақта­луын­да маңызды рөл атқарады. Астана мен Бейжің арасындағы ынтымақтастықты дамытудың алуан қырлары туралы айтқанда, тараптар партияаралық және парламентаралық әріптестіктердің маңыздылығын атап өтті. Өзінің сөзінде Қ.Саудабаев Қазақстан-Қытай стратегиялық ынтымақтастығының жоғары деңгейде екенін атап өтіп, оның Астанада маусым айында Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао ара­сын­да болған келіссөздер бары­сында кезекті рет нығая түскенін ауызға алды. Тараптар сауда-эко­номикалық ынтымақтастықтың іс жүзінде дамуы – аса ірі бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысынан айқын көріне­тінін атады. Осыған орай Қ.Сау­дабаев осы саладағы ынтымақ­тас­тықты жаңа сапалы деңгейге, яғни инновациялық өзара іс-қимыл ба­ғытында өрбітудің маңыздылығын еске салды. Сонымен бірге, ол қо­нақты еліміздің 2010-2014 жыл­дар­ға арналған Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масымен таныстырды. Келіссөз барысында тараптар Қа­зақстан мен ҚХР арасындағы шикі­заттық емес секторларда ын­ты­мақтасу бағдарламасына арнал­ған іс-шаралар жоспарын уақтылы жүзеге асырудың қажеттілігіне де назар аударды. Жақсыбай САМРАТ.