Осыдан біраз жылдар бұрын: “Талғарым Алатаудың бөктерінде, Бір табан жақын жатыр көкте күнге” деп жырлап, сол өлеңді кітабымызға да енгізген едік. Ауданның мәдениет күндерінің салтанатты ашылу сәттерінде осы жыр жолдары Алматы облысының әкімдігі мен Мәдениет сарайының ортасындағы кең алаң, ашық аспан астында күмбірлей қалықтап алдымыздан шыққанда кәдімгідей қуанып қалдық. Облыс орталығына 500 адамдық үлкен делегациямен күллі Талғар қотарыла көшіп келіп жатқандай болған маңызы зор оқиғаға иненің жасуындай болса да өзіңнің қатыстылығыңды сезіну де аз ғанибет емес көрінеді.
Талғар шын мәнінде де күнге, нұрға, жақсылық атаулыға жақын жер, ежелден құт дарыған өңір. Осы жайларды аудандардың мынадай мәністі мәдениет күндерін дәстүрге берік енгізген облыс әкімі Серік Үмбетов те, аудан әкімі Талғат Өмірәлиев те баса айтты. Тұрар Рысқұлов сынды үлкен қайраткер туған, Бауыржан Момышұлының алғашқы батырлық ақ жолын бастап майданға аттандырған Талғар әрқашан өміршең өнегеден жазған емес. Ұлттық театр өнерінің жұлдызы Ыдырыс Ноғайбаевты демограф Мақаш Тәтімовті, қазақ баспасөзі саңлақтарының бірі Бекболат Әдетовті һәм басқа атақты түлектерін талғарлықтар орынды мақтаныш етеді.
Соңғы уақытта Талғар даңқы дүниенің төрт тарабына тарады десек те болады. Шілде айында тау баурайындағы “Ақбұлақ” демалыс кешенінде табысты өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің саммиті ел мен жердің қасиетін таныта түскендей. Ал келер жылдың басында Жетінші ақ Азиаданың биатлон мен фристайльдан жарыстары Бесқайнар ауылдық округі аумағындағы биік таулы Табағанда өтпекші. Мұның бәрі талғарлықтар үшін әрі мерей, әрі мол жауапкершілік жүктейтін үлкен сын. Соған орай үдеден де шығулы. Серік Әбікенұлының Талғар қайта өркендеп-өрлеуді бастан кешіп жатыр деп жағымды баға беруі жайдан жай емес. Жолдар мен көшелерді жөндеуге, жиекжолдар салуға бөлінген қыруар қаржы ілкімді игерілуде. 45 мың халық тұратын үш ауылдық округте газ желісі тартылып, құдай қаласа, көп ұзамай үйлеріне көгілдір отын кіргізіліп берілмекші. Шағын және орта кәсіпкерлік одан әрі даму үстінде. Қазір ауданда көкөніс өсіретін 36 жылыжай жұмыс істеп тұрса, жыл аяғына дейін олардың саны 70-ке жетіп жығылмақ.
Талғар мәдениетінің тамыры тереңде. Орта ғасырларда мұнда Ұлы Жібек жолы бойындағы Талхиз қаласы сауда-саттығымен, өрелі өркениетімен дәуірлеп тұрған. Ендеше, Талғар қаласының орталығында тарихи өлкетану мұражайын ашпаққа ниеттенуді өте құба-құп демекпіз. Бұл күндерде ауданда 4 мәдениет үйі мен 4 кітапхана қызмет етіп жатса, шалғайдағы Нұра ауылының мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге Елбасының “Жол картасы” бағдарламасы аясында 120 миллион теңге қаржы бөлініп, өнер ордасының ғимараты қазірдің өзінде көз тартар кейіпке еніпті. Облыс әкімінің қабылдауында сөз алған мәдениет үйінің директоры, өзі де өнерлі азамат, айтыскер ақын, әнші әрі сазгер, жуырда ғана Шымкентте өткен республикалық шешендік өнер байқауынан екінші орын алып жүлделі оралған Әбдіғани Бәзілхан осы игілікті жайларға қуанышын жасыра алмай, алғысқа толы лебізін түйдекті жыр шумақтарымен түйіндегені жарасымды шықты. Сонымен бірге, тарихи Отанына жеткенше тағдыр теперішін де аз көрмеген осынау оралман жігіттің: “Тарықсаң – Талғарға бар” деген сөздің растығына көзім жетті” деп тәмсілдеуін де Серік Әбікенұлы жылы шыраймен күлімсірей қолдады.
Әрбір келген сайын жаңарып көркейе түскен Талдықорғаннан да үйренерлік үлгі жетерлік. Жақында мұнда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып, жұмысқа жақсы баға беріп кеткенін білеміз. Бір ғажабы, облыс биыл мол астық жинады. Басқа да экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер жоғары. Қызылағаштағы қасіретті қиыншылық елдік пен бірліктің арқасында артта қалып, ол жерге кент орнады. Соңғы уақытта бой көтерген Достық үйі, Тілдер сарайы, Спорт кешені Жетісудың көркіне айналды. Кербұлақ өңірінде туған қазақтың ұлы ақыны Сүйінбай, Қабанбай батыр ескерткіштері бабалар рухына, әрі өткен тарихқа құрметіміздің белгісіндей. Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев пен аудандық мәслихат хатшысы Рая Ыдралиева бастап Жетісудың бұлбұлы ақын Сара ескерткішіне гүл шоқтарын қойғанда шуақты сезімге бөленгеніміз содан болар. Алдағы уақытта мұнда біртуар Нұрғиса ескерткішінің орнатылатыны бір ғанибет болмақ. Осы ретте Талғарда да қастер тұтарлық тұлғалар бар. Мысалы, Райымбек батырға бата берген абыз Әлмерек абыз бабамызға аудан орталығынан неге ескерткіш қоймасқа?.. деген орынды ой тілге тиек етілді.
Мәдениет күнінің бағдарламасы да бай болып шықты. С.Сейфуллин атындағы облыстық орталық кітапханада Талғардан түлеген атақты демограф ғалым Мақаш Тәтімовтің таяуда ғана баспа жүзін көрген “Демографияның жаһандануы” атты аса құнды ғылыми еңбегінің тұсаукесері өтті. Осы арада айта кетсек, Алматы облысы әкімінің қолдауымен жылына елу-алпыс аталымға дейін шығып жатқан ақын-жазушылар кітаптарының арасында талғарлық авторлар да баршылық.
Облыстың орталық алаңы мерекелік әдемі сәнмен көз тартады. Паннолар ілініп, екі жақ қатарда қолөнер мен көркемсурет көрмелері қойылған. Ұлттық-мәдени орталықтар әрқайсы өз шатырларының алдына келушілерді қарсы алуда. Киіз үйлерде қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін бейнелейтін қолөнершілік заттары көрсетілуде.
Бесқайнар ауылынан келген Ділдәгүл Байдолдақызы киіз үйдің ішінде тұтынылатын қазақтың ұлттық қолөнері мен күнделікті қолданбалы бұйымдарын әкеліпті. Аяққап, тұскиіз, оюлы сырмақтар, көрпелер, кестелі жастық, піспекті күбі, сандық деймісіз – бәрі осында. Ділдәгүлдің өзі ата салт-дәстүр мен ұлттық қолөнерді дәріптеу жөніндегі қоғамдық бірлестіктің жетекшісі екен. “Хантәңірі” атты қазақ этноауылын құрып, халыққа қызмет етіп жатқан көрінеді. Оның құрамында тауда тігілген сегіз қазақ үйі бар. Олар “Ақорда”, “Мұражай”, “Отау”, “Мәдениет үйі”, “Шеберхана”, “Асүй” деп аталады. Әр үйдің жасауы әртүрлі. Елуге дейін мейман қабылдай алады. Келіп тамашалаушылар қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық мәдениетінен мол мағлұматтар алуда. “Ділдәгүлдің этноауылына жалпы қауымның, шетелдік мейман туристердің қызығушылығы үлкен” дейді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Райхан Садықова. Сұранысқа орай мұнда семинар сабақтары да өткізіледі. Тапсырысқа сай сірне, табақ-табақ ет, бүрмеқарын, жаубүйрек сияқты көптеген ұлттық тағамдар да әзірленеді екен.
Осы арада бізді аудандық білім бөлімінің бастығы Клара Әбдіхалықова “Зергерлік әшекейлер” атты шатырға бастап барды. Сөйтсек, онда аудан мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары жасаған қолөнер бұйымдары көз жауын алып тұр екен. Бесағаш ауылындағы №29 орта мектептің еңбек пәнінің мұғалімі, қолөнер шебері Ботагөз Исмақованың және шәкірттерінің қолынан шыққан тоқыма бұйымдары, киіз қуыршақ түйе, кәдесыйлар тартымды көрінді. Ал Қызылту-4 ауылындағы №24 орта мектептің мұғалімі әрі жеке кәсіпкер, зергер ұста Сайлау Ботабеков атақты қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының шәкірті болып шықты. Оның күмістен соғылған жүзік, білезік, сақина, сырғалары көпшілік назарын аударды.
“Шертер” ЖШС басшысы Бақытжан Ділмановпен де осы көрмелерді аралап жүріп кездестік. Бұл жігіттер Алматыда 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Енді кәсіпті кеңейтіп, Талғар ауданының Қайрат ауылында ұлттық саз аспаптарын жасайтын ерекше фабрика ашқалы жатқан көрінеді. Ол үшін заңды түрде жер алып, игілікті іс соңына ықтияттап түсіпті. Нақ осы жерде талғарлық ұста Кәрім Ахметов жасаған, құны 8 мың долларлық алтындатқан әбзелді ер-тұрманды сүйсіне, қызыға тамашалаушылар қарасы да әжептәуір болғанын айтсақ дейміз.
Алматыдағы республикалық көркемсурет академиясының Бесағаш ауылындағы филиалы бірсыпыра туындыларды көрмеге қойыпты. Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткер, осы ауылдың тумасы Амандос Ақанаев бастаған филиал суретшілері Талғар ауданы әкімдігінің қолдауымен “Бесағаш” атты этноландшафтық парк жобасын жүзеге асыруда. Жалпы, жоба тарихи ескерткіштерді, обаларды қорғау мақсатын көздейді. Осыған жалғас шатырда Ә.Марғұлан атындағы Археология институты бөлімі Іле алқабындағы Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық үлкен қалалар санатында болған Талхиз және Қойлық қалашықтары бойынша материалдар ұсыныпты. Бұл арада да Талғар тарихының тағылымынан көп сыр аңғарғандаймыз.
Түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Гуняш Тұрсынова өз диаспорасының мәдениеті мен салт-дәстүрінен сыр шертетін көрмелерін аса бір ақжарқын көңілмен таныстырды. Түрік бауырлардың “Бахар” ансамблінің мүшелері де осы арада. Барабан, мей, зарп, саз, зурна атты саз аспаптарын таңсық көре тамашаладық. Бұлардан басқа славян, грек, ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің төрағалары Жанна Третьяк, Константин Муратиди және Розахун Дугашевтардың да Талғардағы белгілі де сыйлы адамдар екенін білеміз. Республикаға танымал спорт қайраткері К.Муратиди солардың бәрінің атынан облыс әкімінің қабылдауында тебіреніске толы жүрек сөзін жеткізген-ді. Мәдениет күнінде бізді Гүлдала ауылының Тілек Жүсіпов деген жас жігіт, жеке кәсіпкері таңырқатқанын айтпай тұра алмаймыз. Ол әуелі кәсіпкерлікті “Шүкір” атты дүкеннен бастап, одан “Үміт” атты базарға жол ашып, жуырда “Ниет” деген спорт сарайын тұрғызған. Ұйғыр ауданында “Шипалы” атты шипажайы ел игілігіне қызмет етуде. Өзінің туған ауылы Сүмбеде мешіт салдырған. 150 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жасап жатқан қайырымдылықтары қаншама. Осындай шарапатты ісіне сүйсінген қауымның Тілек сияқты кәсіпкерлерге тілек қосары, тілекші болары да белгілі болып қалғандай.
Кешке қарай Талдықорғанның орталық алаңында Талғар өнерпаздары ән-күйін қалықтатып, билерін құйқылжытып, тамаша концерт берді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
---------------------------------
Суреттерді түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ.