Талбесік
Облыс басшылығы талай жылға созылған осы бір қиын түйіннің бір мәнісін тапқандай. Ол қазір қалай жүзеге асуда? Ресей жақтағы орман ішінің қызыл өрті орыстардың бек мазаларын кетіргендерін сол жақта тұратын журналист әріптестерден естіп, теледидар арқылы көріп-біліп отырмыз. Тамыздың күні солтүстік өңірде де ми қайнатар ыстық. Шалдай, Бесқарағай орманшылары, өрт сөндірушілер, төтенше жағдайлар басқармасы күндіз-түні табиғат күзетінде. Орман күзетшілерінің көзін ала бере, қасқөйлер әдейі шырпы тастап үлгеретін сияқты. Ресей ормандары табиғаттың алапат ыстық шарпуынан отқа оранып жанып жатса, біздің өңірлердегі ағаш байлығының кезінде тікелей адам қолымен қасақана жасалған қиянаттың кесірінен өртенгенін бәрі де біледі. Ақшаға құнығу, тойымсыздықтың кесірінен орманды өртеуге қаскөйлердің дәттері жетеді. Жерінің 40 пайызға жуығын орман алқаптары алып жатқан Ресейдің кейбір орманды өңірлері жалға да берілген екен, осы уақытқа дейін біздің елімізбен салыстырғанда оларда орман өрттерін болдырмау үш-төрт есеге аз болатын-ды, қалың ағаш қорын сақтауға ерекше мән беріп, спутник жүйесі арқылы бақылауға алынғанын да білеміз. Бізде де орманды қорғап өрттен сақтауға арналған техника, байланыс құралдары жеткілікті. Жетпей тұрғаны орманды алқаптар шетінде бәленбай жылдар бойы тұрып келе жатқан халықтың санасының төмендігі, тоғышарлық әрекеттері болып отыр. Әрине, жұрттың бәрін бірдей тоғышар, қатыгез деп қаралаудан аулақпыз, ауыл халқының арасында да өз жеріне, туған топыраққа жанашырлықпен қарайтын табиғат сүйгіш жандар аз емес, бірақ, бір қарын майды бір құмалақ шірітеді деп, ағаш отаған бір арамзаның аты бүкіл бір ауылға тиері де анық. Орманды қасақана өртеп жіберетіндер әлі де бар. Күні кеше осы мәселе Үкімет отырысында да айтылды. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Шалдай мен Бесқарағай ормандары жаздың шіліңгір ыстығында ғана емес, салқын күз айларының өзінде өртке оранып, ел ішін дүрліктіргені есімізде. Сол кезде “орманды кейбір дөкейлер, тіпті орман басшылары өздері әдейі өртетеді екен” деген қауесет те шығып жүрді. Қос-қостан коттедж салып, қымбат көліктер мініп, аяқ астынан байып шыға келген кейбір орман басшылары да жазасыз кетті. Кезінде Шалдай ормандарын аралап өз көзімен көрген Шерхан Мұртаза аға бастаған бір топ депутат та естіп-біліп, “бір кілтипан бары рас-ау” деп ой түйіп қайтқан еді. Шерхан Мұртаза аға осы дүдамал жайлы өзінің “Ақындар мен әкімдер” деген кітабында жазды да. Табиғаттың сұлулығын, орман байлығын қатыгездікпен қырқып, тегін олжаға кенеліп, өз қоғамына жанашырлық танытпайтындардың ісі елімізге орасан зор шығын келтірді. Өңірде экологиялық ауыр ахуал қалыптаса бастады. Бұған 1997-2007 жылдар аралығында он жыл бойы оты сөнбеген орман өрттерін қосыңыз. Орманның 24 пайызы, яғни 47 мың гектар алқап өртенді. Орманшылар қаза болды. Үйлер, қора-қопсы жанып кетті. Қалың ағашты аяусыз кесіп, отап жатқандардың да әрекеті тыйылмады. Кейін Үкіметтің сиреп бара жатқан орман алқабын сақтап қалуды қолға алған дабылынан кейін жағдай біртіндеп қалыпқа келіп қалды. Іштен шыққан жау жаман. Өкінішке қарай, “Ертіс орманы” табиғи резерваты аумағында орналасқан Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарының маңайында отырған кейбір тұрғындардың өздері ата-бабасынан бері пана болып келе жатқан қара орманды аяусыз балталауға әуестенген көрінеді. Мынадай деректер бар. “Ертіс орманы” шаруашылығы бойынша алғанда былтыр 5427,29 текше метр ағаш ұрланған болса, осының 3942,29 текше метрі Шалдай бөлімшесіне қарасты орман шаруашылығынан ұрланыпты. Бұдан келген шығын 137400,2 мың теңгені құрайды. Әлгі ағаш ұрлаушыларың “мені неге көрсетесің” деп орман күзетшілерін ұрып тастайтын кездері де болды. Ағаш кесу ісі жалғаса берді. Күзетшілер бұған ең алдымен жергілікті ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлері кінәлі десе, тәртіп сақшылары оқиғаны уақытында хабарламайтын орманшылардың өздері кінәлі деп келді. Тексеру көрсеткендей, өткен жылы Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарында 800-ден астам заңсыз ағаш кесу оқиғалары тіркелген көрінеді. Барлығына болмаса да жартылай қылмыстық іс қозғалыпты. Орман өрттерінің шығуына жол берген басшыларға қарсы жаза қолдануда да осындай үрдіс орын алған. Мысалы, 2008 жылы құқық қорғау органдарына жөнелтілген 145 материалдың небәрі сегізі қылмыстық іс деп қабылданыпты. Ал өткен жылы жіберілген 42 арыз бойынша бірде-бір іс қозғалмаған. Жағдай болса күн санап күрделеніп бара жатты. Не істеу керек? Орман ахуалының осындай ауыр жағдайын осыдан бір жарым жыл бұрын облысқа әкім болып тағайындалған Бақытжан Сағынтаевтың өзі Елбасына жеткізуге мәжбүр болды. Облыс әкімі шешуі қиын осы бір түйткілге тоқтау қою үшін резерватқа қарайтын орман алқаптарын тікұшақпен аралап, өрт пен қарақшылық әрекеттерден оталып кеткен көріністерді өз көзімен көрді. Орман аумағында тұрған шаруашылық құрылымдары мен ағаш кесетін пилорама және шпал кескіштерді лицензиялау да өз кезегінде үлкен проблема тудырды. “Ертіс орманы” резерватының жалпы аумағы 277 мың гектарды құрайды, 16 орман шаруашылығы бар. Табиғат қорғау прокуроры Денис Өтебаевтың сөзінше, тіпті, резерват аумағында 2007-2009 жылдары өткен жиындарда көтерілген мәселелер, бұйрықтар мен жарлықтар, қаулылар толығымен іске аспаған. Орман кодексінің талаптары ескерілмеген. Бүгінде орман шаруашылықтары орналасқан Шарбақты және Лебяжі аудандарында тұрғындарды мал және өсімдік шаруашылығына бейімдеу жұмыстары іске асып жатыр. Ауылдықтарда “бізді орман асырайды, ағаш ұрласам да күнімізді көреміз” деген көзқарас басым. Бұл ауданда ағаш кесетін 32 құрал болыпты. Ал, ағаш ұрлығын тоқтату үшін Лебяжі ауданында тұрғындарға 16 мың гектар жер 49 жылға жалға беріліпті. Облыс басшылығы орманшыларға, резерват басшыларына, орман алқаптары орналасқан аудан әкімдеріне қатаң талап пен тәртіп қойды. Біріншіден, облыс аумағындағы темір жол бойымен тасымалданатын ағаш өнімдері толық бақылауға алынды. Қазір ағаш өңдейтін құралдардың 50 пайызы жойылды, тек екеуі ғана келісім-шарт бойынша жұмыс істеп тұр. Облыста “Жайлау” секілді мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді бағдарламалар жасалды, ауылдықтар қолдарына қой берілді, “ағашты отағанша мал бағыңдар” – көпшіліктің күнкөріс бағытын өзгертуге осылай басқаша жол ашылды. Орманшылардың 70 пайызының кәсіби білімі жоқ болып шықты. Осының барлығы орманның жағдайын ауырлата түспесе, жақсарта алған жоқ. Қылмыстық әрекеттердің көп жағдайда ашылмай қалуы да өзінің кері әсерін тигізді. Бұрын үй ауласының ішіне орнатып алған ағаш кесу құралдарын резерваттан 100 шақырым қашықтыққа алып кетуге облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі ұсыныс жасады. Бұл мәселе тіпті облыстық мәслихат шешімімен бекітілді. Қос орман филиалындағы ағашты заңсыз кесуге қатысы бар деген тұрғындардың тізімі жасалып, олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне тапсырылды. Сонымен қатар, резерватта 84 жеке кәсіпкердің жұмыстарының заңдылығы тексерілді. Құрамында ауыл шаруашылығы мен орманшылық мамандары, аудан әкімдері бар арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл күндері жергілікті прокуратура, ішкі істер және әділет органдары да орманды қорғауға белсене атсалысуда. Осындай жұмылып, жұмыс істеу нәтижесінде резерватта қалыптасқан ауыр ахуалды толықтай өзгертуге мүмкіндік бар. Өткен жылы мысалы, 41 адам жазаға тартылды. Биылғы төрт айдың ішінде 14 адам жауапқа тартылды. Нәтиже бар ма? Бар. Бұл ағаш отаушыларға үлкен сабақ болды. Қазір өрт оқиғалары азайды. Біз осы мақаланы дайындау барысында “Ертіс орманы” резерватының жаңа басшысы Қазбек Әметовпен хабарласқан едік. Жағдайдың тұрақты бақылауда екенін, орман іші аман, орман шетінде отырған Шарбақты, Лебяжі аудандарына қарасты далалық жерлерде өрттер болғанын, оларды бүкіл ауыл халқы, орманшылар болып сөндіріп алып отырғандарын айтты. Жаңа басшы өз сөзінде орманды қорғауға өрт сөндіруші мәшинелер, техникалар, орман ішін аралауға ыңғайлы “Нива” сияқты көліктердің керек екенін айтып өтті. Осы жерден қалмақ қосындарын естерін жиғызбай қуған Абылайдың жасыл ту ұстаған сарбаздарының бірі – Барлыбай батыр оларға орманды бекініс жасауға мұрша бермеген. Сол Абылай қалың орманды қалмақтың қолына бермей, аман сақтап қалған Барлыбай батыр сарбаздарына аса риза болған деседі... Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.
•
07 Қыркүйек, 2010
Ормандағы ахуал оңалып келеді
983 рет
көрсетілді