8-9 қыркүйекте Астанада “Ұлттық медициналық холдинг” АҚ-тың ұйымдастыруымен “Болашақ госпиталі” І Халықаралық медициналық іскерлік форумы болып өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев пен Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев қатысты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ауруханалық басқарудың халықаралық тәжірибесін алға тарта отырып, елімізде “Болашақ госпиталін” құру туралы тапсырмасын орындау осы форумды өткізудің мақсаты болып табылады. Форум өткізуде Қазақстанның бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жағдайындағы медициналық ұйымдарды басқарудың тиімді түрлерін әрі қарай зерделеу және енгізу тәжірибесі ескерілген.
Форумның негізгі мақсаттары – денсаулық сақтаудағы менеджменттің әлемдік және отандық үрдістерін талқылау үшін пікірталас алаңын құру, форумға қатысушылар арасында іскерлік серіктестік қарым-қатынастарын дамыту, отандық медицина ұйымдарының басшыларына шетелдік әріптестерінің басқарушылық тәжірибесімен танысу мүмкіндігін ұсыну болып табылады. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарын басқару, саладағы мемлекет-жеке меншік әріптестігі, медициналық ұйымдарды аккредиттеудің халықаралық стандарттары, пациентке бағдарланған күтім, ақпараттық технологиялардың рөлі және саладағы басқа да өзекті мәселелер енгізілген.
Форумның бірінші күнінде алдыңғы қатарлы әлемдік сарапшылар және денсаулық сақтауды басқару саласындағы АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД елдерінің халықаралық ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ отандық мамандар сөз сөйлеп, екінші күні стратегиялық жоспарлау, медициналық қызметтердің сапасы, ақпараттық технологиялар, корпоративтік басқару, бизнес-үдерістерді оңтайландыру және қаржы менеджменті секциялары бойынша ауруханалық басқару саласындағы қазақстандық және шетелдік дәріскерлердің қатысуымен оқыту семинарлары өткізілді.
Форумда маңызды спикерлер ретінде Халықаралық бірлескен комиссиясының (Joіn Comіssіon Іnternatіonal) Еуропа аймағы бойынша басқарушы директоры доктор Карло Рампони (Франция), профессор, Оклахома университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің халықаралық денсаулық сақтау факультетінің деканы, доктор Аль-Асаф (АҚШ), Таяу Шығыс және Африка аймағындағы “Интернешнл-SOS”, “Occupatіonal Health and Kazakhstan” компаниясының медициналық директоры доктор Бо Диис (БАӘ) сияқты денсаулық сақтау саласындағы беделді сарапшылар болды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. АСТАНА.