Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір тапсырмасы Қызылжар өңірінде орындалды. Ол – “Қызылжар-1300” деп аталатын астық комбайнының құрастырылуы. Жоба жуырда жүзеге асып, су жаңа он техника өз иелерін тапты. “ҚазБелагропроммаш” бірлескен кәсіпорны” ЖШС-ның ашылу салтанатына жиналғандарды отандық ауылшаруашылық техникаларының бәсекеге қарымды қырлары ерекше қызықтырды.
Көктемге салым Беларусь мемлекетінің мамандары Қызылжар өңіріне арнайы ісаспармен келіп, облыс басшылығымен екі жаққа да тиімді болатын бірлескен кәсіпорын ашу уағдаластығына қол жеткізген еді. Арада көп ұзамай өндіріс орны Тайынша стансасында орын теуіп, мәшине-трактор жөндеу зауытының ғимараты босатылып берілді. Қазақстан мен Беларусьтің “ҚазБелагропроммаш” бірлескен кәсіпорны астық жинайтын комбайндарды ТМД елдеріне де жеткізумен айналысатын болады. Президент жуырда облыста болған жұмыс сапарында алғаш құрастырылған “қыр кемелерін” көріп, “Қызылжар” атауын ұсынған еді. Тұсаукесер рәсімде сөйлеген сөзінде облыс әкімі Серік Біләлов Елбасы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты келелі міндеттер қойғанын, солардың бірі үдемелі индустрияландыру бағыты болып табылатынын, бүгінгі жиын өңірде инвестициялық саясатты іске асырудың нақты көрінісі, мәшине жасау саласын өркендетудегі маңызды оқиға екенін жеткізді. ЖШС келешекте жылына 250 комбайн құрастыруды межелеп отыр. Бір комбайнның бағасы 17 миллион теңгені құрайды. Ресейдікіне қарағанда 5 миллион теңгеге арзан.
Беларусьтің “Лида Агромаш” зауыты бас директорының орынбасары Андрей Захарчук диқандарға ұсынылып отырған комбайндарға жан-жақты сипаттама беріп, артықшылықтарын жіпке тізгендей айтып берді. Ол өз сөзінде бірлескен кәсіпорын өнімдерінің сапалы әрі арзан ауылшаруашылық техникаларын шығарумен әлемдік рынокта танымал немістің “CASE” фирмасына балама екенін айта келіп, үш деңгейлі тазарту масақтан дәннің толық алынуына, 260 аттық күші бар қуатты мотор бір сағатта 12-14 тонна астық тазартуға мүмкіндік беретінін алға тартты. Кабина кондиционермен, компьютермен жабдықталған.
Сол-ақ екен, 10 комбайнның иелері табыла кетті. “Надежда-Север” ЖШС-нің директоры Дәуренбек Қабдөшев өздерінің инвесторы “Богви” фирмасының 5 комбайн сатып алуға ықыласты екенін жеткізсе, “Есмұқанов”, “Мәдина” ЖШС-лар да осынша техникаға “құда түсті”.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.