• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2010

Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет.

4584 рет
көрсетілді

Пір бекет Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш аға Кекілбайұлы: “Қиянатқа жол бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдық­тың, қараулыққа жол бермес шапағат­тылықтың, қатыгездікке жол бермес мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді ара­ша­лаған батыр, дауда әділетті арашалаған қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі” деп қадір тұтқан Бекет Ата Мырзағұлұлы шежіре­шілердің айтуына қарағанда 1750, жылқы жылы Жем бойындағы Ақмешітте өмірге келіпті. Әкесі Адай атаның алтыншы ұр-пағы саналатын Мырзағұл еңбекқорлы­ғымен елінің сыйына бөленген, ал анасы Жәния шешеміз ақылдылығымен ауыл-аймағының арасында қадірі асқан жандар болыпты. Атасы Жаналы да әділдігімен аты шыққан, қоныстас руларға танымал, беделді ақсақал болған көрінеді. Бекет ата – Мырзағұл ақсақалдың төрт ұлының кенжесі. Оның шығу тегі былайша айтылады: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы – Мырза­ғұл – Бекет. Жаналы бабамыз да, Мырзағұл атамыз да әулие кісілер болған, жалпы Қосқұлақ әулеті зайырлы тұқым деп есептеледі. Оның үстіне көнекөз қариялар Бекет атаның батырлығы кәрі нағашысы тама Есет батырдан, көріпкелдігі мен әулиелігі өз нағашысы Назарқожадан дарыған екен дейді. Белгілі қоғам қайраткері Сейілбек Шау­хаманов ағамыз Бекет атаның нағашысы Назарқожаның ислам әлеміне танымал әулие Шаа Бүзіріктің ұрпағы екенін айтады. Шаа Бүзірік – Пайғам­барымыздың (с.ғ.с.) немере інісі Әли мен қызы Фатимадан тарайтын жиырма үшінші ұрпағы. ХVІІ ғасырдың аяқ жағында ислам дінін ұстанатын көшпелі қазақтарды діни сауаттандыру мақсатында келген Назарқожа Адай атаның бесінші ұрпағы, белгілі би Жайықұлы Әлменбеттің Ікәй атты жалғыз қызына үйленіп, одан Қожакілен, Мұрын деген екі ұл мен Жәния есімді бір қыз сүйеді. Осы Жәния шешемізден Бекет ата туған дейді шежірешілер. Әбіш Кекілбайұлының айтуына қара­ған­да, ол кезде адайлар Маңғыстаудың ойына құлап кете қоймай, Сыр мен Жайық ара­сындағы кеңістікте малының жайымен кө­шіп-қонып жүріпті. Назарқожаның зи­ратының Үстірт пен Маңғыстау өңірінде бол­мауы, ал оған қызын берген Әлменбет ата­ның Сыр бойына жерленуі сондықтан көрінеді. Бекет атаның кәрі нағашысы, бүкіл саналы ғұмырын елінің егемендігі мен халқының тәуелсіздігі үшін сарп еткен тама Есет батыр Көкіұлы шамамен 1667-1766 жылдар аралығында өмір сүрген, қалмақ­тарға қарсы азаттық күрестің басшыла­рының бірі. Оның түп атасы – ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүріп, Созақта жерленген, Қожа Ахмет Ясауидің қадірменді замандасы, исі түркі жұрты түгел құрмет тұтатын белгілі әулие Қарабура. Ал өз әкесі Көкі батыр бірнеше мәрте қажылыққа барған, соңғы сапарында сол жақта дүние салып, топырақ араб жерінен бұйырған ғұлама кісі көрінеді. Бұл жайлы Хәлел Досмұхамедұлының жазбаларында жақсы айтылған. Әбілқайыр ханмен қимас дос болған Есет батырды өз заманында Тәуке хан жеті руға рубасы етіп сайлаған. Орыс патшайымы Анна Иоанновнадан аты-жөні жазылған естелік қанжар мен хан тарапынан “тархан” деген құрметті атақ алған Есет батырдың ауылы 1742 жылдары Сам құмын жайлаған. Тоқсаннан асқан шағында Есет батыр он екі жасар жиені Бекетке: Үстіңнен дүбір кетпесін, Құлағыңнан сыбыр кетпесін. Ақ пен қараны айырар, Жауды кері қайырар, Атыңда айтып тұрғандай дүр боларсың. Елге шуақ шашып нұр боларсың, Үш жүзге танымал Пір боларсың,.. – деп бата берген екен делінеді. Бала кезінен-ақ зеректігімен көзге түсіп, алдымен атасы Жаналыдан, соңынан ауыл молдасынан сауатын ашқан Бекет ата 14 жасында Хиуадағы Шерғазы хан медресе­сіне оқуға барады. Оның түсіне еніп, “ұстаз – пір” тауып, сопылық жолын ұстануға сілтеме жасаған Маңғыстаудың Қара­ойындағы белгілі әулие Шопан ата екен делінеді. Ал Атамыздың бойындағы Алла сыйлаған ерекше қасиет пен айрықша қабілетті алғаш байқап, оған діни білім алуға кеңес берген ағасы Меңдіқұл батыр көрінеді. Бекет ата оқыған Хиуадағы Шерғазы хан медресесі 1726 жылы салынған. Белгілі өзбек ақыны Пахлаван Равнак, түрікпен поэ­зиясының классигі Мақтымқұлы Фа­раги, атақты қарақалпақ шайыры Әжнияз Қо­сыбайұлы осында білім алып, тәр­бие­ленген. Негізінен бұл медреседе сол дә­уір­дегі өте талантты, белгілі адамдар оқыған. Сондықтан медресе халық арасында “Маскани фозилон”, яғни “Білімдарлар ордасы” атанған. ХХ ғасырға дейін Хиуа медреселерінде оқу мерзімі 7 жыл болған және өз шәкірт-теріне үш сатыдан тұратын бағдарлама негізінде дәріс берген: Бекет атаның медреседе дәріс берген ұстазы, қазақтар Бақыржан Қожа деп аса қадір тұтатын ­­Мухаммад Бақиржан Әзиз – Пайғамбарымыздың немере інісі Әли мен қызы Фатимадан туған Хусейннен тарайтын сейид ұрпағы. Бақиржан Қожа шамамен 1720 жылы әкесі Шафоат Азиздің қасиетті мешіті бар Қара Қапыда дүниеге келіп, 1789 жылдар шамасында өмірден өткен, Хиуа маңындағы Газауат ауылына жерленген. Ұлы ұстаз Бақиржан Қожа өзінің сүйікті шәкірті болған Пір Атамызды ізгіліктілігі мен бірсөзділігі үшін Ахмад деп те атаған (“Ахмад” – араб сөзі, қазақша “ең мақтаулы” деген мағына береді). “Рисолайи хилфати суфихо” кітабының 11-бетінде Бекет хазреттің қонысы Маңғышлақта екені айтылады. Осы кітапта Хорезм өңірінде өмір сүрген, өз тұстастарынан ерекшеленіп, айрықша атақ алған төрт ғұламаның есімі аталады. Олар: Мұхаммад Бақиржан хазрет – “заманының ұлы сейиді” атанған, Мухаммад Сұлтан хазрет – “өз дәуірінің ұлы шейхы” атағын алған, молла Мухаммад Панах – “өз дәуірінің ұлы ахуны” аталған, Бекет хазрет – “заманының ұлы сопысы” атағына ие болған. Сондай-ақ бұл еңбекте Бекет ата “пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны таратушы, мұсылман қауымының ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі, Алла тағалаға ең жақын және Алла тағаланың алдында ең құрметті, өз дәуірінің ұлы сопысы атанған адам”, – деп жазылған. Ал “Тазкираи Мухаммад Бахир” қолжазбасының 168-бетінде Бекет ата “өмірінде қиындықтарды көп көрген, адам таңғаларлық кереметтер істей алатын үлкен қасиет иесі, сопылық­тағы ең жоғарғы мәртебе “машайық” дәрежесіне жеткен, түріктер мен өзбектер арасында атағы кең жайылған белгілі адам еді. Ел оны “Ахмад” деп дәріптейтін. Көңілінде бір Алланы ұстап, құлшылығын өз уақытында орындап отыру тек жасы ұлғайған адамдарға ғана тән әдет болса, ол жас кезінде де Аллаға сол үлкендерше құл­шылық ететін еді”, – делінген (машайық – арабша “машйаха” – періштелер аян беретін терең білімді, өте ақылды адам, қазақша “абыз” деп аударылып жүр). Хиуадағы Шерғазы хан медіресесін тәмамдаған соң Бекет ата 21 жасында туған жеріне оралып, Жем бойындағы Ақмешітті тұрғызып, бала оқытқан дейді шежіреші қарттар. Ал 24 жасында Бейнеуде жерасты мешітін салады. Біз ауызекі тілде “жерасты мешіті” дей береміз. Шындығында ол – Аллаға сыйыну­ға ең қолайлы делінетін жерлерде салынатын, өте қасиетті, береке бастауы саналатын, дінімізде “завийа” деп аталатын сопылардың бас қосып, ілім алатын орны. Түріктер оны “текке”, парсылар “ханака”, арабтар “даира”, “рибат” деп те атайды, “үй”, “бас қосатын бұрыш” деген мағына береді. Оларды мешітпен шатыстыруға бол­майды. Өйткені көпшілікке арналған орын болғандықтан мешіт ішіне кісі жерлеуге рұқсат етілмейді, ал бұлардың ішінде сопылық жолдың негізін қалаушы әулие пірлер мен оның ізбасарлары жерленген. Бекет атаның біз білетін төрт мешіті бар. Бірі өзі жатқан Оғыландыда, екіншісі Ақмешітте, онда атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, баласы Тоғай жерленген, үшіншісі Бейнеуде, бұл жерден топырақ ағасы Меңдіқұл мен шөбересі, түбекке танымал әулие Самалыққа бұйырыпты, төртіншісі Маңғыстаудың ойындағы Тобықтыда. Сондай-ақ Қаби­болла Сыдиықұлы Үстірт үстінде Аралға жақын маңдағы Байшағыр деген жерде (кейбір деректерде Баялы деп жазылып жүр), ал ақын ағамыз Әбу Сәрсенбаев Мұғаджар тауында Ата мешіттерінің бар екенін айтады. Төрткүл дүние түгел таныған сопылық жолдың жиырма үш жыл рухани басшысы – Пірі болған Бекет Ата 1813 жылы 63 жасында өмірден өтіп, Оғыландыдағы өзі қаздырған мешітінің ішіне жерленеді. Кейінгі ел-жұртына: “Аруағым риза болсын десеңіздер, құтханаларыма жау тұяғын жо-лат­паңдар”, – деп өсиет айтыпты. “Шар­ша­саң – көлік, шөлдесең – сусын, қорықсаң – қару, тоңсаң – пана болады”, – деп Ұлы ұстазы Бақиржан Қожа сыйлаған көк асасын өз бауырынан өрбіген ұрпағына мұраға қалдырыпты. Ал көшкен кезде он бір нарға жүк болатын кітаптары мен қолжазбалары біраз жылға дейін мешіттерінде сақталыпты. Ұлан даламыздың Ұлы перзенті Бекет ата Мырзағұлұлы – ислам әлеміне танымал тарихи тұлға. Ол Қабиболла Сыдиықұлы ағамыз айтқандай, “бір ғана Қосқұлақтың, не бір ғана адайдың Бекеті емес, Бекет – қалың қазақтікі, бүкіл адамзат баласынікі”. Оның өмірі мен қадір-қасиеті, ұстанған сопылық жолы жайлы ағылшын, араб, парсы, түркі дінзерттеушілерінің жазбала­рында да құнды деректер бар. Хиуада өмір сүрген ғұламалар тарихын зерттеп жүрген дінтанушы, Бақиржан Қожа ұрпағы Назарбай Реджепұлы Ташкент қаласындағы Әлішер Науаи атындағы кітапханада сақталған тарихи құндылығы­мен өте ерекшеленетін, XVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Хорезм өңірінде өмір сүрген дінбасылары, әулиелер, тарихат өкілдері жайлы жазылған “Рисолайи хилфати суфихо” (Уз ФАШИ инв. №7610), “Фирдаусул икбол” (Уз ФАШИ инв. №5364), “Тазкираи Мухаммад Бахир” (Уз ФАШИ инв. №1846) қолжаз­баларында Бекет ата жайлы тың мәліметтер бар екенін айтады. ХІХ ғасырда Маңғыстау мен Үстіртті зерттеген орыс саяхатшы-ғалымдарының еңбектерінде де біраз дерек кездеседі. Мәселен, түпнұсқасы Мәскеудегі әскери тарихи архивте сақталған “Қазақ даласы­ның экспедициясының топографиялық журналы” деген еңбекте орыс география­лық қоғамының мүшесі, әскери барлау бөлімінің полковнигі Федор Федорович Бергтің басшылығымен орыстардың 1825-26 жылдары Үстіртке жіберген бірінші экспедициясының құрамында болған подпоручик Александр Осипович Дю­гамель­дің 1826 жылы жазған мынадай сөздері бар: “13 қаңтар. Күйкеннің үсті. Тү­сірім жасап жүрген офицерлер сол жақтағы бұлақ ағып жатқан сай бойынан жардан үңгіп қашалған екі бөлмелі мешіт тапты. 14 қаңтар. Үстірт кеш пайда болған құм-саз бүркеген тасты жыныстардан тұрады. Таудың құлауы барлық жерде дерлік тасты және шаппа өр, көбінің астында бұлақ бар, қазақтар олардың алдын бөгеп қойған. Солардың ішіндегі ең суы молы Бекет сопы мешітінің жанындағы бұлақ. Мешіт ақтас жартастан үңгіліп қазылған екі бөлме, іші қазақ үйінің көлеміндей, бірінің кіре­бе­рі­сінде аласа есігі бар, екіншісінің тө­бе­сін­дегі тасты ойып жарық түсетін тесік жа­саған...” Ал аталған экспедицияның мүшесі есебінде біздің өңірде болып, артына өлкеміздің тарихы мен табиғаты туралы өте құнды мұра қалдырған Э.Эверсманн: “1826 жылғы 14 қаңтар күні шың жағалай шолу жасап жүрген шағын жасақ біз тоқтаған жерден 10 шақырым қашықтықтағы аңғар бойынан әктасты шебер етіп ойып жасаған үңгір тапты. Оның іші 10 шаршы метрдей, аузы тар, қабырғалары араб, парсы, татар жазуларымен безендірілген... Бұл үңгірді салған Бекет атты пірәдар қазақ. Үңгір қасиетті Бекет атымен аталған. Мұндай ескерткішті ол төрт жерден қашаған. Оның бірі – Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем өзені бойында, төртіншісі – Арал теңізі жағасындағы Баялыда. Оның бірінде – қыста, екіншісінде – күзде, үшіншісінде – жазда болады екен. Бұл ғажап тақуа кісі осыдан он екі жыл бұрын өмірден өткен”, – деп жазады. 1794 жылдың 23 қаңтарында неміс жерінде дүниеге келіп, 1860 жылдың 14 сәуі­рінде Ресейдің Қазан қаласында өмір­ден өткен, жиырма жасында филосо­фиядан, жиырма екі жасында медицинадан докторлық диссертация қорғап, 1842 жылы Ресей Ғылым академиясының академигі атанған, неміс, ағылшын, француз, орыс тілдерін жетік меңгеріп, татар тілінде таза сөйлей білген Эдуард Александрович Эверсманнан жеткен Бекет ата мешіттері жөніндегі осы бір қысқа ғана мағлұмат өлкеміздің өткені жайлы жазылған біраз ғылыми еңбекке негіз болды. 1851-52 жылдары Үстірттің жер бедерін зерттеген ғылыми экспедицияның мүшесі, Ресей империясы бас штабының топогра­фы, подпоручик Петр Вагапович Алексеев­тің 1853 жылы жарық көрген “Солтүстік Үстірттің Жемге дейінгі аралығының топог­рафиялық сипаттамасы” деген еңбегінде: “Бекеттің Ақмешіті Жем өзенінің сол жағындағы Қандыарал шатқалынан төменде 38 шақырым жерде. Оған өзен жақтағы қапталынан жақынырақ барып қарағанда адам әрең сиятын, қасқырдың үлкен апанына ұқсас ойындыны көреміз. Осы ойынды жер астына қарай 3 сажындай барған соң тіке оңтүстік батыс бағытындағы диаметрі 2,5 сажын, биіктігі 4 аршындай болатын, күмбезі тегіс, төбесінде жарық түсетін ойықшасы бар дөңгелек бөлмеге әкеледі. Бөлменің кіреберіс екі жағында көміліп қалған екі шұңқыр көзге шалы­нады, қазақтардың айтуынша, ол суы тұщы құдықтың орны. Бұл бөлменің оң жақ қапталында тағы бір кішігірім бөлме бар, онда үшкір ұшын жерге тіреп қойған, жұмыр темірден жасалған асатаяқ сүйеулі тұр. Бірінші бөлменің оңтүстік-батыс жақ қабырғасынан көлемі бірінші бөлмеден гөрі үлкендеу, ортасына төбесін тірейтін төрт қырлы тіреуіш баған қойылған, дөңгелек пішінді тағы бір бөлмеге әкелетін есік шығады. Бұл бөлменің қабырғалары дұрыс шеңбер түрінде емес, 6 симметриялық ойынды түрінде қашалған. Оның есікке қарсы бетіндегі біреуі басқаларынан гөрі біршама енді, әрі тереңірек жасалған... Қатты бор жарқабақтан үңгіп салынған мешіттің қабырғалары қолмен өңделген, бірақ біршама тегіс. Мешіт үстіне екі-үш адам жерленген, оған бірнеше ағаш сырықтары шаншылып, әртүрлі мата қиындылары, жылқының жал-құйрығы мен малдың қураған сүйектері ілінген. Осы­ларды көріп, оның мән-мағынасын ұғы­нып, жартылай жабайы халықтың қасиетті адам жатқан орынға осындай болмашы белгілерін қалдыратын діншілдігіне таң қаласың... Қазақтар мұсылман шариғаты бойынша бұл жерге жыл сайын бір рет барып тәу етеді... Жемнің таулы қабағындағы бұл үңгірді жыл сайын жазда Үстірттен Жемге қоныстануға келетін адай руының Мұңал тайпасынан шыққан Бекет... осыдан 50 жылдай бұрын қашап салған. Ол қолы бос кезінде ер балалардың мұсылманша сауатын ашумен айналысқан, ал қалған уақытта намаз оқып, құдайға құлшылық қылу үшін өзінің тастан ойып салған үңгірінде оңаша өмір сүрген. Кей жылдары ол осында, туысқандарының өзіне арнап қалдырған бір кісіге бір күнге ғана жете­тіндей азғантай азығымен қыстап қалатын болған. Оны өлдіге санаған туысқандары жаз шыға қайта көшіп келген кезде, оның тек тірі ғана емес, еш арымаған, бұрын­ғысынан да сау-саламат күйін көріп таң қалған. Бүкіл Орда адамдары осы бір ғажап қазақтың өмірінен неше түрлі кереметтер мен көптеген аңызға бергісіз әңгімелер айтып, оны қасиетті, нағыз әулиенің өзі деп құрмет тұтады. Ол осыдан қырық жылдай бұрын өмірден өтіп, Маңғыстау түбегінің Үстіртпен ұштасқан жеріндегі Оғыланды шатқалына жерленген. Марқұмның ағайындары жыл сайын оның зиратына келіп, басына тәу етеді. Содан кейін артында қалған үш ұлының үлкені бейітке кіріп, әкесінің шашын алып, сақал-мұр­тын түзейді. Мен қазақтардан осы қа­сиетті де керемет адам туралы ақылға сый­майтын, адам ойына келмейтін көп­теген әңгімелер естідім...”, – деп жазады. 1809 жылы башқұрт топырағында дүниеге келіп, біраз ғұмырын Үстірт үстінде өткізіп, оның картасын жасақтап, өте құнды мәліметтер жинақтаған орыстың қарапайым офицері П.Алексеев өз еңбе­гінде Атаның аталған мешітінің бірінші бөлмесінің суретін жариялап, оның Бейнеудегі мешіті жайлы: “Үстірттің солтүстік шетіндегі Манашы сайының саға тұсынан шығыста 25 шақырым жерде... жыра бойындағы бор төбені үңгіп жасаған үлкен үңгір. Ол қазіргі кездегі Үстірттен жаз жайлауға Жемге көшетін қазақтардың жиналатын орны. Жергілікті халық бұл үлкен қауымды да Ақмешіт деп атайды және қасиетті әулиелі жер санайды. Басын­дағы сырық ағашқа мата қиындылары, садақаға сойылған малдың сүйектері байланған...”, – деген дерек қалдырыпты. Белгілі қазақ ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлы 1885 жылғы “Русский архивте” жарияланған А.Дюгамельдің жазбаларында: “Ақбор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сиып, үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым құлаш, биіктігі кісі бойындай дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді. Сыртта құдық бар. Оның оң қапталында тағы бір бөлме. Осылардың арасында сырық тұр. Жемдегі Ақмешітті бұдан елу жыл бұрын салған... Бекет өлген соң Оғыландыға қойылған”, – делінгенін айтады. Кешегі кеңестік кезеңде өмір сүрген белгілі дін ғұламасы шоңай Шайхы өз замандастарына қажылыққа барған сапарында араб дінбасыларынан Бекет ата туралы өте құнды дерек естігенін айтады екен. Ал жылойлық Жолдасқали Сүйесінов Бекет ата жайлы мәліметтің 1820 жылдары Бөкей Ордасында болған неміс саяхатшысы Шульцтің жазбаларында да бар екенін сөз етеді. Ол сонымен бірге: “Еділ қалмақтары­мен болған соғыста Бекет ата жиырмадағы жі­гіт болса керек. Қалмақ әскерлеріне қар­сы Бекеттің жалғыз өзі ту көтеріп шық­қан­да жау быт-шыт болып, жан-жаққа қашады... Осы жеңісі үшін ханның әйелі Бо­пай Бекеттің бетінен сүйеді...”, – деп жазады. Біздің ойымызша автор айтып отырған соғыс 1771 жылдың басында Еділ жаға­лауынан Жоңғарияға қарай үдере көшкен Убаши бастаған 30909 үй қалмақ пен жергілікті қазақтардың арасындағы атышулы айқас болса керек. Сол жылы Бекет ата, шындығында да, 20-21 жас шамасында болған. 1771 жылдың қысын­дағы Айшуақ сұлтанның басшылығымен Сағыз бойындағы, Әбілқайырдың Бопай ханымнан туған ұлы Нұралы ханның бастауымен Ойыл мен Мұғаджар маңындағы қалмақтар мен қазақтар арасындағы қиян-кескі ұрыстар жайлы А.Левшин жазбаларында да бар. Ал Әбілқайыр ханның зайыбы, адайдың белді руының бірінен шыққан Бопай ханым – заманында орыс патшайымдары Анна Иоанновна мен Елизавета Петровнаға, Орынбор губернаторы И.Неплюевке қазақ халқының жай-күйін айтып әлденеше дүркін хат жолдап, патша әкімшілігінің жоғарғы шенді басшыларымен ресми келіссөздер жүргізген, шын мәніндегі ханымдық дәрежеге жетіп, ел басқару ісіне араласқан тарихымыздағы танымал тұлға. Ол 1780 жылдың 31 мамырында өмірден өтіп, Батыс Қазақстандағы Елекке құятын Жосалы өзенінің жоғарғы жағындағы қорымға жерленген. Бопай ханымды Әбіш аға Бекет атаның нағашысы Назарқожаның әйелі Ікәймен бірге туған Табынайдан тарайтын Табылдының қызы деп есептейді. Оны шежіреші қарттар да теріске шығармайды. Бекет ата – “сопылық жолын” ұста­нып, ондағы ең биік дәреже Пір мәр­тебесіне жеткен ислам әлеміндегі санаулы тұлғалардың бірі. “Сопы – суфи”, “сопылық – суфизм” сөзін көптеген дін зерттеушілері арабтың “суф” – ақ жүн, “суфи” – жүн шекпен ки­ген адам, “сафа” – тазалық, “сафуа” – таң­даулы болу деген сөздерінің бірінен шық­қан болар десе, Әбу Райхан Беруни мен тарихшы ғалым Дмитрий Еремеев оны грек­тің “софия” – дана, “софос” – да­на­лық деген сөзінен ауысқан деп есепт­ейді. Шындығында да, біздің заманымызға дейінгі VІ-V ғасырларда өмір сүрген Про­тогор, Горгий, Гиппий, Продик, Ан­тифонт, Критий, Ликофрон, Алкидамант, Трасимах секілді замандастарына жақсы тәрбие берудің жайымен айналысқан грек ойшылдары мен ғұламаларын “софистер – да­налар” деп атаған. Сократ, Платон, Арис­то­тельдер осы “софистер” ілімінен нәр ал­ғандар. Кейінірек римдіктер ақылы қызмет көр­сететін білгір мұғалімдерді де “софистер” деген. Пайғамбарымыздың көзі тірі кезінде оның Мединедегі мешітінің батыс жағында құрма ағаштарынан жасалған көлеңкелік болған. Ол жерге Мединеге ілім алу үшін келген үйі жоқ адамдар тұрақтаған. Кө­леңкелік “софы” деп, ал оны мекендеген адамдар “асхаб-и софы” деп аталған. Пайғамбарымыз олардың тұрмыстық қажеттіліктерінің өтелуін қадағалап отырған және ислам дінінің қағидаларынан дәріс берген. Қажетті білім алғандары Пайғам­барымыздың ұйғарымымен дүниенің әр тарапына дін таратуға жіберілген. Сопылардың көпшілігі Алла сыйлаған ерекше қасиеттері бар жандар. “Сұпы” демей “сопы” деп жазуымыз да сондықтан. “Дарвин маймылдан шықты, мен көк бөріден жаралдым”, – дейді ғой Бауыржан Момышұлы. Біз сөз ететін сопылар да жүн шекпен кигендер емес, даналықтың жолын қуған, ақ жүректі адамдар. Сопылықтың сусындар қайнар бұлағы Ислам шариаты. Ол – бүкіл болмыстың неден тұратынын түсіндіріп бере алатын, қандай қоғам болса да оның тұрақтылығын сақтай отырып, сол қоғамға нәрлі рухани қорек ұсынатын, адалдық пен рухани тазалықты бәрінен жоғары қойып, адам жүрегінде ұялаған жарамсыз көріністерден құтылу шараларын үйрететін, жүректегі ізгі сипаттарды сақтаудың әрі көбейтудің жолдарын көрсететін, “жетілген адам” дәрежесіне жету заңдарын түсіндіретін ілім. “Шариғат базарында сайрандағам, Мағрипат бақшасында жайраңдағам, Тариқат сарайында тайраңдағам, Хақиқат есігін мен аштым міне”, – деп жазған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өзінің 34-ші хикметінде: “Тариқат жібереді жерге тығып, бұл жолға қаламасаң түспең достар”, – дейді. Себебі сопылық жолды ұстану әр мұсылманның еркіндегі, өз ықтиярымен ғана атқарылатын іс. Ол – адамның өзіне қосымша міндеттемелер алуы арқылы өзін-өзі жетілдіру тәсілі, дін ғұламалары әлі күнге дейін біржақты бағасын бере алмай келе жатқан мұсылмандардың белгілі бір бөлігінің тірлік ету дағдысы мен өмір сүру салтына айналған құпия ілім, бастауы бар, өз заманының ұлылары ғана ұстанған, өте қасиетті, аса қадірлі, тым жіңішке жол. Сопылар арасында: “Мен бір-ақ нәрсені анық білемін, ол менің ештеңе білмейтіндігім”, – деген өте мәнді сөз бар. Шындығында әлемдік ғылымға сүбелі үлес қосып, біраз жаңалық енгізген ислам ғалымдары мен мұсылман ақындарының басым бөлігі өз заманында “сопылық жолды” ұстанған. Өйткені XVІІ ғасырда өмір сүрген Кашмир ғалымы Сирадж ад-Дин айтқандай, сопылардың көпшілігі “жетілген адамдар”. Ал “жетілген адам” бір мезгілде бірнеше өлшемде өмір сүреді, сондықтан қатарынан бірнеше ғылымды игере алады, адам таңғаларлық кереметтер көрсетеді. “Мың бір түн” мен Қожа­насырдың (Қожа Наср ад-Дин) филосо­фиялық мәні зор әңгімелерінің негізін салған да сол сопылар. Сопылар биліктен аулақ, саясаттан сырт жүруді дұрыс санайды. Бірақ мемлекет басшысына адал болып, риясыз бе­ріл­гендік та­нытады және Аллаға еш алаңсыз сы­йы­нып, кемелденуі үшін өзі өмір сүрген елінде тыныштық болуына аянбай атсалысады. Сопылық жолдың рухани басшысын арабтар “шейх” (ақсақал), парсылар “пир” (ақсақал), ал қазақтар “пір” дейді. Сопылар салты бойынша Пір көзінің тірісінде орнын басатын болашақ пірді анықтап кетеді, яғни шәкірттерінің арасындағы аса дарынды­сына батасын беріп, өз орнына Пір болуға немесе өз алдына жаңадан жол құрып, соған Пір болуға рұқсат етеді. Ұлы ұстаз Бақиржан Қожаның таңдауы біздің Атамызға түсіпті, сүйікті шәкіртіне батасын беріп, өзі сол жылы мәңгілік сапарға аттаныпты. Бұл 1789-90 жылдар шамасы болса керек. Сөйтіп, Бекет ата 40 жасында ұстазы Мухаммад Бақиржан Әзизден бата алып, ислам әлеміне танымал “сопылық жолдың” Пірі болады. Біздің естуімізше қазақ жерінде өмір сүрген ғұламалардың ішінен тек Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен Бекет Мырза­ғұлұлы атамыз ғана “сопылық жолдың” Пірі болыпты. Оның екеуі де әулиеліктің ең жоғарғы сатысы “гаус” дәрежесіне жеткен де­лінеді. Қазақтағы “Пірдің соңы – Бекет, ер­дің соңы – Есет”, “Мединеде – Мұ­хам­мед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маң­ғыс­тау­да – Пір Бекет” деген сөздер содан болса керек. Қазақтар ұлыстың діни басшысы болып сайланған әулие адамдарды да “пір” деп атаған. Бірақ олар сопылық жолдың пірінен бөлек. Мәселен, 1680 жылы Күлтөбедегі жиында Тәуке хан сайланғанда үш жүздің биі “аруақ салыстыру” арқылы керейт Мүсірәлі Жәдікұлын “бүкіл қазақтың пірі” етіп сайлап, есіміне “сопы әзиз” деген ат қосады (Кие, әруақ туралы ғылым – агиологияда “таң­ғажайып сайыс” деп аталатын бұл шараға ұлы жүзден Айқожа, орта жүзден Шортанбай қожа, кіші жүзден Мүсірәлі, қарақалпақтан Күнқожа, қырғыздан Бекқожа, өзбектен Абдулла қожа қатынасады.) Пір болу үшін сопы “машайық” мәр­те­бесіне, яғни терең білімді, өте ақылды, періштелер аян беретін абыз дәрежесіне жетуі керек. Бұл – пір болу үшін сопыларға қойылатын ең басты талап, пірлерде болуға тиісті негізгі қасиет. Пірдің басты міндеті де осы, қазақша айтқанда “ұлы ұстаз”, “абыз” болу. Сопылық жолдағылар пірді аса қадірлейді, өзара “піріңді құбыла тұт” деседі, тіпті Қожа Ахмет Ясауидің: “Егер пірсіз құдайға жүз, мың рет басыңды сен исең де, құдай сені сүйіктісі етпейді”, деген өсиеті де бар дейді. Дін зерттеуші ғалымдар сопылық жол­дың пірлерінің өз қоныстарын жыл ішінде әлденеше дүркін өзгертіп отыратынын айтады. Тіпті қайсыбіреулері бір орында 40 күннен артық отырмаған. Дінтанушы ға­лымдар бұл қонысаударулар Аллаға сиы­нуға қолайлы орындардың жыл ішіндегі ауысып отыруына байланысты дейді. Ал сопылардың өздері “Иленген терінің тазарып, жұмсарып, әрленетіні сияқты, адам да қоныс аударып, қиындық көріп, туа біткен нашар қылықтары мен дөрекілігінен арылып, жан дүниесі тазарып, мейірбандық пайда болып, дінге деген бірбеткейлігінен құтылады” деп есептейді. Атамыздың Оғыландыда негізгі мешіті болуы, бірнеше жерден жерасты мешіттерін салуы сондық­тан. Себебі, Пірлердің негізгі қонысында “завийа” болса, қосалқы қоныстарында оның кішілеу түрі “даира” салынады. Әулиеліктің “гаус” делінетін ең жоғарғы сатысына көтеріліп, “елі мен жерінің жебеушісі” атанған Абыз ата, аса биік мәртебе “машайық” дәреже­сіне жетіп, “заманының ұлы сопысы” атағын алған ислам әлеміндегі ерекше танымал Тұлға, барша мұсылман дүниесі мойында­ған әйгілі “сопылық жолдың” ширек ғасыр рухани басшысы болған Ұлағатты ұстаз, ұлан даланың ұлыс ұранына айналған Ұлы перзенті Пір Бекет туралы адам таңғаларлық ғажайып әңгімелерге аңыз деп қарамауымыз керек. Ол – аңыз емес, шындық. Тек біз, қарапайым адамдар, қырын түсіне ал­май­тын, сырын біле бермейтін шындық. Басшы ӘЗІРХАНОВ, саяси ғылымдар кандидаты. Пір Дертім болса Денеге Дендеп кірер, Жан жарасын келесің емдеп кілең. Естігенде есімін Елең етер Бір әулие бар болса – Сен деп білем! Бақ па! Сор ма – маңдайға бұйырары, Болжап білу пендеге қиын әлі... Тәңірісін танымай кеткен қазақ, Қиналғанда – Бекетке сиынады. Жеткізе алмай жатса да, Жырым мейлі, Жаңсақ кетсем қаламым дірілдейді. Әулиенің Басы деп, Бабасы деп – Бүкіл қазақ бас иіп – “Пірім!” дейді. Маңғыстауда сездіріп дара көркін, Сан бұралаң болса да барар жол тым. Бекетіне бұрылмай кете алмайды, Патша болсын, Хан болсын, Қара болсын. Талайларды табынған мен де көрдім, Мен де барып, Дертімнен емделермін... Бекетіне Бас имей кеткені жоқ, Кеудесінде жаны бар пенделердің. Қабыл болсын деңіз тек тілегені, Тірі пенде түбінде бір өледі... Қанша самғап, Қалықтап, Жүйткісе де, Бекетіне бәрібір тіреледі. Бекетіне Бір күні жығылады, Болмасақ та Болжалдап Бүгін әлі... Пері болып кетпесе, диуана, Пір Бекетін бұл қазақ ұғынады. Күн керегін білеміз, Ай керегін. Бекет Ата қол жетпес Бәйтерегім. Барам дейсің Барардай нағашыңа, Қабылдамай қойса егер Қайтер едің?! Адамдар бар осыған жиі өкінген, Тани алмай Құдірет, Кие кімнен?! Баруың да, Бекетке Бармауың да, Байқалып тұр ол сенің ниетіңнен. Көкірегіңе күй толып, ән байланып, Құштарлыққа құмарың қанбай қалып. Бекет Ата Бекініп жатып алар Маңғыстауды шықпасаң Маңдайға алып! Қолтығынан демесе – қысылғанның, Қанатынан жебесе – ұшырғанның. Бара алмауы Бекетке мүмкін емес, “Біссімілласын” айтатын мұсылманның. Сан ұтылдым Осыны айтпағаннан, Қажет емес, Тахыт та, Тақ та маған. “Не бітірдім”, – дейді екен, Бұл өмірде – Бекетіне бір барып қайтпаған жан! Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ. Бекет ата-Пір Баба Әнін жазған Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ. Өлеңін жазған Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ. Алтай мен Маңғыстаудың арасында, Қазақтың ұлан байтақ даласында. Пір Баба, бір өзіңе табынбайтын Жан бар ма алты алаштың баласында! Қайырмасы: Ұранымсың, Жан баба, Жыр-әнімсің, Жан баба, Жебеушімсің, Жан баба, Демеушімсің, Жан баба, БЕКЕТ АТА-ПІР БАБА! Жауыңды қан төгіспей қашырыпсың, Аруақпен алты қырдан асырыпсың. Тілепсің бар игілік барша жанға, Дұшпан да қасиетіңе бас ұрыпты. Қайырмасы. Әулие абыз баба ақылы асқан, Халқына білім беріп, сәуле шашқан. Әділет-амандылық жол алсын деп, Тілеген арасында жер мен аспан. Қайырмасы.