• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2010

Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күні

716 рет
көрсетілді

Бауыржан Момышұлы – 100 Егер көзі тірі болғанда биылғы 24 желтоқсанда Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы 100 жасқа толған болар еді. Бірақ жазмыштан озу маңдайалды деген перзенттердің де маңдайына жазылмаған. Сондықтан екінші дүниежүзілік соғыс шежіресіне аты алтын әріппен жазылған озық ойлы қолбасшылардың қатарында аталатын қазақ батырының рухына өзі армандап өткен тәуелсіздік тұсында жиі-жиі тағзым етіп, ұлықтағаннан басқа қайран жоқ. Елінің елдігі мен ұрпағының ұлықтығы танылатын тұс та осы. Иә, елдің елдігі мен ердің ерлігін алты алаштан да әрі асырып мақ­таныш етер осы халықтық іс-шараның қам-қарекетіне бүгінде батыр өмірге келген облыс жұртшылығы үлкен дайындық үстінде. Ол, әлбетте, алдын-ала бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Дегенмен, халықта “тойдың болғанынан, боладысы қызық” деген сөз бар. Біз, осыған орай, об­лыс әкімі Қанат Алдабергенұлы БОЗЫМ­БАЕВПЕН аты аңызға айналған батыр мерейтойы алдында аз-кем әңгімелескен едік. – Қанат Алдабергенұлы, жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабыл­дауында болып, облыс экономикасының жартыжылдықтағы өсіп, өркендеу барысы туралы айтып бердіңіз. Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың аты аңызға айнал­ған қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы­ның 100 жылдық мерейтойын лайықты атап өту жайы да жан-жақты сөз болыпты. Бұл туралы көпшілік БАҚ арқылы дер кезінде хабардар болды. Біз бүгін сол әңгіме жайлы өз аузыңыздан естісек деп едік. – Елбасының қабылдауында болғанда мен биылғы жылдың жеті айында облыс халқы қол жеткізген әлеуметтік-экономи­калық табыстар туралы айтып бердім. Жеті ай ішінде өңірдегі өнеркәсіп өнді­рісінің өсімі 9 пайыздан асты, оның ішін­де тау-кен саласын игеру 29 пайызды құрап отыр. Ауыл шаруашылығы саласын­дағы өндіріс те дамып келеді. Облыста егін жинау науқаны аяқталып, қырманға 230 мың тоннадан астам астық жиналды. Астық­тың орташа өнімділігі гектарына 15,5 центнерді құрады. Облыста жұмыс­сыздық азайып келеді. Бір ғана “Батыс Еу­ропа-Батыс Қытай” автомобиль жолы­ның құ­рылысына 4,5 мыңнан астам адам тартыл­ды. Та­ғысын тағылар дегендей, міне, осы­ның бәріне есеп бергеннен кейін, Елбасы аты аңызға ай­налған батыр Бауыржан Момышұлының 100 жыл­дық мерейтойын өткізуге қалай дайындалып жат­қанымызды сұрады. Экономика халықтың әл-ауқатын жақсартса, елдік пен ерлік халықты рух­тандырады, намысын оятады, ұлы бас­тама­ларға, үлкен істерге жетелейді. Бұл тұрғыда батыр Бауыржан атамыздың есіміне алты алашты былай қойғанда, алыс-жақындағы шет елдердің көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым өкілдеріне дейін құр­метпен қарайтынын айтып өткен абзал. Батыр қа­ламынан туған төл шығармаларымен бірге, ол туралы жазылған қызықты, ғибратты естеліктерді іздеп жүріп оқиды. Аңыз қылып айтатындары қан­шама! Қазақ халқының маңдайына біткен осындай қаһарман ұлын кезінде Куба елі басшыларының ардақ тұтып, арнайы шақыруы да осы ұлан-ғайыр құрметті көрсетеді. Олар, тіпті, Бауыржан ат­а­мыз­дың әскери педагогика, соғыс психоло­гиясы тура­лы лекцияларын өздерінің әскерлері мен әскери оқу орындарында теориялық және практикалық тұр­ғыдан қолданады екен деген де дерек бар. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігі нығайып, ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымға төрағалық етіп отырған тұста батыр тойын алдыңғы толқын ағалар мен ке­йінгі толқын інілер ғибрат қылып айта жүрер ұл­ғат­пен өткізу Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бас­таған бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы деп білем. Әлі есімде, осыдан жиырма жыл бұ­рын, Баукеңнің елдік пен ерлік жолын­дағы өр мінезін үлгі тұтқан көптеген ұлттар мен ұлыстардың, майдандас достарының тілегіне мізбақпай келген бұрынғы КСРО басшылығының жүрегін сонау 1990 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне тән сабырлы саясатымен, салиқалы ақыл-парасатымен жібітіп, халқымыз үшін сол кез көп жыл арман болған Кеңес Одағының Батыры деген өте жоғары атақты алып беріп, артында қал­ған асылдың сынығындай ұлы Бақытжан Момышұлы мен келіні Зейнеп Ахметоваға өз қолымен тапсырып еді. Елдік пен ерлікті бұдан артық қалай ұлықтауға бо­лады. Біле-білсек, сол тұстағы газеттерге Ел­басының “Бауырым Бақытжан! Халқы­мыздың асыл перзенті Бауыржан Мо­мыш­ұлына Совет Ода­ғының Батыры ата­ғы берілуімен шын жүректен құттықтай­мын! Кешегі сұрапыл соғыста көп ұлтты отанының, намыс туын желбірете ұстап, жүрек жұтқан ерлігімен, дара бітімімен ұлтымыздың атын дүйім әлемге жайып, абыройын ас­қақтата білген Бауыржан ағамыздың та­ри­хы­мызда алар орны ерекше. Қан майданда қол бас­таған, ал бейбіт күнде халқының еркесі болған Бау­кеңнің абзал азаматтығы, ерен ерлігі, қай­таланбас мінезі, туған халқы, келер ұр­пақ­тар үшін өшпес өнеге. Елдің махаббатына бөленіп, аты аңызға айналған асыл аға­мыздың отан алдындағы еңбегі кеш те бол­са әділ бағасын алғаны бүкіл республи­ка жұртшылығын, исі қазақ баласын ерек­ше қуанышқа кенелтіп отыр. Баукең жұл­дызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн! Қуаныш ұзағынан болсын!” деген жеделхаты жарияланған болатын. Біле-білгенге, сол кезде осы жеделхаттағы “Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн!” деген сөздің аржағында үлкен мән-мағына жат­қанын түсінуге болатын еді. Сондықтан Елба­сының батыр тойына дайындығы­мыз­­дың барысын тәптіштей сұрауында, елдік пен ерлікті өзінің биік деңгейінде ұлықтау тұрғысынан алып қарағанда, үлкен жауап­кершілікті сезіну болды деп ойлаймын. – Қанат Алдабергенұлы, той қарса­ңында архив құжаттары арқылы жарыққа шыққан кітаптарға біраз үңілгеніңіз аңғарылып тұр. Елбасының батыр ағасы алдындағы азаматтық парызын адал өтегені жайлы құжаттар көп. Соның бірі Нұрсұлтан Әбішұлының КСРО Президенті М. С. Горбачевке жазған хаты. Ел болып атап өткелі отырған батыр мерейтойына қажетті құжат болғандықтан оқырмандар назарына оны да ұсынудың артықтығы болмас. “Президенту Союза Советских Социалистических Республик тов. Горбачеву М. С. О присвоении звания Героя Советского Союза Момышулы Баурджану В последние годы трудящиеся и широ­кая об­щественность республики, многие знатные люди, ве­тераны войны и труда, деятели науки и куль­туры, народные де­путаты упорно ставят вопрос о восста­новлений исторической спра­ве­дли­вости – присвоении звания Героя Советского Союза участнику Великой Отечес­т­вен­ной войны, ле­гендарному панфиловцу, гвардии полков­нику Баурджану Момышулы (посмертно). В поддержку общественного мнения и с учетом новых сведений о подвигах Б. Момышулы в годы войны Военный Комиссариат Казахской ССР и ветераны панфиловской дивизии вошли с хода­тайс­т­вом о присвоении ему высокого звания. Действительно, Баурджан Момышулы – ле­гендарная личность, широко известная и по­пуляр­ная в республике, истинный народный герой, пользующийся непрере­каемым авторитетом. Родился он в 1910 году, с 1932 года служил в рядах Советской Ар­мии, прошел всю Оте­чес­твенную войну, ко­мандовал взводом, ба­тальоном, полком и диви­зией. После войны окон­чил Военную ака­де­мию Генштаба Совет­ской Армии, занимался военно-педагогической дея­тельностью. Баурджан Мо­мыш­улы особенно прославился в оборонительных боях под Москвой на Волоколамском направлении в осенне-зимних операциях 1941-1942 годов. В должности командира батальона провел 27 успешных боев, имеющих исключительно важное тактическое значение. В боях у деревни Горюны и железно­дорожной стан­ции Матренино его батальоном уничтожено до 600 немецких солдат и офицеров, 6 танков, захвачено 18 станковых и ручных пуле­метов, 2 орудия, 3 радиостанции, 2 штаб­ных автомашины с секретными докумен­тами. При ночном налете с полувзводом бойцов и легкими орудиями в расположение противника в районе деревни Лопастино-Десятиворка уничтожено до 200 немецких захватчиков. В боях в населенном пункте Крюково стрелковым полком Б. Мо­мыш­улы уничтожено до полка пехоты про­тив­ника, 18 танков и много другой боевой техники. В этих и во многих других боевых операциях Баурджан Момышулы проявлял завидную личную храбрость, мужество и отвагу, личным примером воодушевлял на смелые действия бойцов, такти­чес­ки верно и умело управлял подчиненными под­разделениями. За все эти и другие подвиги Б. Момышулы командиром 316 стрелковой дивизий И. В. Панфиловым 7 ноября 1941 года был представлен к награждению Орденом Ленина, а в августе 1942 года командиром 8 гвардейской стрелковой дивизии Серебряковым был представлен к присвоению звания Героя Советского Союза. Но оба представления, по неизвест­ным причинам, остались без внимания. В дальнейшем Баурджан Момышулы в должности командира полков и дивизий активно участвовал в наступательных операциях 1942-1943 годов на Калининском фронте и в разгроме весной 1945 года не­мец­ких войск в Курляндии. Только в операции в районе станции Приэкуле в феврале-марте 1945 года 9 гвардейская стрелковая дивизия под командованием Баур­джана Мо­мыш­улы прорвала три по­лосы сильно укрепленных обо­ронительных сооружений противника, продвинулась вперед до 8 км, освободила 15 населенных пунктов, уничтожила 950 немецких солдат и офицеров, 25 орудий, 50 пулеметов и минометов, 35 танков. Жизнь и подвиги Б. Момышулы легли в ос­но­ву многих художественных произ­ведений: по­вести А. Бека “Волоколамское шоссе”, книг А. Кри­вицкого “Вовеки не забуду”, Дм. Снегина “На дальных подступах” и “В наступлении”, М. Габ­дулина “Мои фронтовые друзья”, А. Нуршаихова “Истина и легенда”, худо­жественного фильма “За нами Москва”, пьесы В. Шаинского “Воло­колам­­с­кое шоссе”, поставленной во МХАТе, и ряда других. Недавно в результате активных поисков в архивах Министерство обороны СССР нами обнаружено письмо-записка бывшего командира 8 гвардейской (панфиловской) стрелковой дивизий Серебрякова в Президиум Верховного Совета СССР от 17 июля 1944 г., где детально и подробно описываются подвиги Б. Момышулы в сражениях под Москвой и подтверждается факт представления его к ордену Ленина, затем к высокому званию Героя Советского Союза (прилагается. Арх. МО СССР, Ф. 1063 оп. д. 4, л.л. 96-98). Присвоение звания Героя Советского Союза легендарному герою казахского народа Баурджану Момышулы стало бы историческим актом торжества спра­ведливости”. Айтайын дегенім, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы хатынан кейін көп ұзамай, яғни 1990 жылдың 11 желтоқсаны күні алты алаштың айбыны, қазақ халқының мақтанышы болған Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. – Дұрыс айтасыз, тәуелсіздік таңы алдында жазылған бұл тарихи құжатта батыр атамыздың барлық ерлік жолы қысқа да нұсқа түрде қағазға түсірілген. Дегенмен, хатты жазып Кремль бас­шы­лығына жөнелту бар да, сол хаттың тағдырына алаңдап, артында іздейтін, сұрайтын елі бар екенін айтып, халық өкілдері тапсырған ама­натты адал орындау бар ғой. Меніңше, Елбасы еңбегі, осы тұрғыдан алғанда, әбден бағалауға лайық. – Қанат Алдабергенұлы, халқымызда “тас түскен жеріне ауыр” деген сөз бар. Өйткені, батыр тойын бүкіл ел болып атап өткенмен, жауап­кер­ші­ліктің негізгі салмағы батыр туған облысқа түсейін деп отыр. Мерейтойға әзірлік барысында күтпеген қиындықтар кездесіп, соның салдарынан асығыстықтар орын алып отырған жоқ па? – Жалпы алғанда, қиындық тудырып отыр­ған ешқандай мәселе жоқ деуге болады. Бүгінде облыс орталығы мен бар­лық аудандарда Бауыржан Мо­мыш­ұлының 100 жылдығына арналған түрлі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік және спорттық шаралар өткізілуде. Бұл тойдың әл­қиссасы ғана. Ал мерейтойға дайындық пен оны өткізу жө­нін­дегі ұйымдастыру ко­митеті жиі-жиі отырыстар өт­кізіп, ме­рейтой бағдарламасын тиянақтай түсуде. Облысқа шетелдерден, Астана мен Ал­маты қалаларынан және еліміздің өзге облыстарынан шақырылатын ресми қонақтардың тізімі жасалды. Құдай қаласа, оқырмандар көптен күтіп жүрген “Бауыржан Момышұлы мұралары: XXІ ғасыр көгінде” атты 30 томдық еңбегі ме­рейтойға ар­налған үлкен тартудың бірі болмақ. Мерейтой алдында “Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Міне, осы алқалы жиында Бауыржан Момышұлының 30 томдық жинағы мен 2000 дана “Қаhарман Бауыржан Момышұлы” фотоальбомының тұсаукесері өтеді. Ел игілігі үшін қолға алынған тағы бір іс – облыс орталығындағы Бауыр­жан Момышұлы атындағы “Жеңіс” саябағын жаңалау және абаттандыру жұмысы. Бекі­тілген жоба бойынша саябақтың І.Жан­сүгіров көшесіндегі кіреберісіндегі ескі арка жаңар­ты­лып, саябақтың ортасынан стелла мен субұрқақ салынуда. Сондай-ақ, саябақтың жан-жағын ою-өрнекті темір шар­бақ­пен қоршау жұмыстары да ұмытылған жоқ. Бұл жобаның “тартылу күші” – батыр атындағы саябақтың орта­сын­дағы Бауыржан Момышұлына ар­нал­ған биіктігі 16,40 метр болатын мону­ментке түспекші. – Жөн екен, бұл жұмысқа барлығы қанша қаржы қарастырылған? –Батыр саябағын қайта құру жұ­мыс­тарына 70 млн. 503 мың теңге қа­рас­тырылған, бүгінгі күнге дейін оның иге­рілгені 58 млн. 472 мың теңгеден асып жы­ғылады. Құдай қаласа, жаңалау мен жөндеу жұмыстары 15 қыр­кү­йек­ке дейін аяқталып та қалар. – Әдетте, мұндай мерей­тойлар ақындардың жыр ша­шуы­мен де мәре-сәре боп жатушы еді... – Ол да ұмыт қалған жоқ. “Мен Бауыржанды жыр­лай­мын!” атты рес­пуб­ликалық мү­шәйра өтеді. Мүшәйраның ережесі наурыз айында “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті”, “Ана тілі”, “Ал­маты ақшамы” және жергілікті БАҚ-тарда жария­ланды. Оны өткізуге облыстық бюджеттен 3,0 млн. теңге бөлінді. Мү­шәйра жеңімпаздарын анықтау, қорытындысын шығару елге белгілі ақын, жазушыларға тапсырылды. Сонымен бірге, “Ерлігі мен өрлігі биік Бауыржан!” атты патриоттық әндер байқауы мен Б.Момышұлының 100 жылдығына арнал­ған пьеса да батыр тойынан “тобықтай” аламыз деп келген жұртшылыққа үлкен рухани сый-сияпат болар деп ойлаймын. – Ұлттық спорт ойындары ұмыт қалған жоқ па? Баукең атамыз атқа құмар болған адам ғой. ­– Біздің облысымыз ат спортымен де алда келе жатқан өңір. Әсіресе, жеңіс туын қолдарынан түсірмей жүрген “Әулиеата” көкпаршылар клубының шабандоздарына көп рахмет. Той қарсаңында облыс орталығы маңындағы Бауыржан Момышұлы атындағы ипподромда ұлттық ат спорты ойындарын өткізуге арналған ұйымдастыру комитеті құрылып, дайындық жұмыстары басталып кетті. Сондықтан атбегілер мен ат спортының жанкүйерлері батыр тойында құмардан шығуға тиіс. – Батырдың кіндік қаны тамған Жуалы ауда­нында да атқарылып жатқан жұмыстар аз болмау керек. Батыр музейі аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына орналасқанын білеміз. – Мерейтой дегенде кейбіреулер тек қана ас беріп, ат шаптыру, яғни ішіп-жеу мен дарақы түрде көңіл көтеру деп ойлайды. Мәселеге осы тұрғыдан кел­генде, біз облыс орталығымен бірге аудан­ның да әлеуметтік ажарын аша түсуді басты назарда ұстап отырмыз. Мерейтойға дайындық жұмыстары үшін ауданға 200 миллион теңге қаражат бөлінді. Ол қаржының мақсатты түрде жұм­салуы қатаң бақылауда ұсталып отыр. Ауыл­дың кіреберісіне орнатылған батыр ескерт­кішінің аумағы абаттандырылып, гүлзарлар жасалды. Су жүйесі жүргізілді. Жиек және төсеніш тастармен әрленді. Бүгінге дейін аудан орталығындағы 8 әлеуметтік нысан жөндеуден өткізілді. Жол да, жаяулар жүретін соқпақ та жөнделуде. Ою-өрнекті шарбақтар да көше сәнін аша түскен. Көше бойына орналасқан, бірақ тұрмысы төмен отбасылардың үйлері де әктеліп, боялып дегендей, жөнделіп жатыр. Бауыржан Момышұлы музейін жаңарту, айналасын абаттандыру және музей алдындағы алаңқайға батырдың бюстін орнату жұмыстары аяқталып келеді. Музейдің қасынан 20 миллион теңге қаржыға батыр атындағы аллея салынып жатыр. Оған апаратын жолға қоршаулар орна­ты­лып, асфальт төселіп, жиек тастар қойыл­ған. Су құ­бырлары тартылып, бағаналарға шамдар ор­натылды. Той салтанаты, негізінен, осы жерде өте­ді деп күтілуде. Алдын-ала есептеуіміз бо­йынша осы жерге көптеген киіз үй тігіліп, мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Тойдан кейін батыр аллеясы ауыл тұрғындары мен батыр му­зейіне келушілердің демалатын әсем орнына айналады. Ауыл айнасының бірі болып табылатын белгілі Боранды бекетіне “Казақстан темір жолы” – ұлттық компаниясы” АҚ тарапынан 27 млн. теңге қаражат бөлініп, оны жаңарту, жөндеу жұмыстары да қолға алынуда. – Қанат Алдабергенұлы, Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова жақында музейге батыр тұтынған көптеген заттарды әкеліп тапсырғанына куә болдық. Осы бастаманың басында кімдер тұрғанын оқырмандарға айта кетсеңіз. – Халыққа қажетті бұл игі шара да облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынып отыр. Бауыржан атамыздың тұтынған заттарын осы уақытқа дейін көздерінің қарашығындай сақтап келген ұлы мен келініне көп рахмет, біздің өтінішімізді дұрыс түсініп, аты аңызға айналған адам ұстаған заттарды ірі-ұсақ деместен музейге әкеліп тапсырды. Осы ретте айта кететін бір мәселе, бұрын аудандық музей ретінде қаражаттан қағажу көріп келген мекемеге біз енді “Бауыржан Момышұлы атындағы облыстық музей” деген мәртебе беріп, ерекше қамқорлыққа алып отыр­мыз. Содан кейін, батырдың кіндік қаны тамған ауылға баратын жол бойына “Бауыржан Мо­мышұлы” деп жазылған жол бағыттағыш стелла орнатылады. Бүгінде ол да қолға алынып, безендіріліп жатыр. Тойдың сәні, қашанда, ән мен күй ғой. Ал Жамбыл облысы Кенен атаның күміс көмей ұрпақтарына аса бай. Сондықтан облыс өнер­паз­дары той қонақтарына облыс орталығындағы Тұрар Рысқұлов атындағы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерекелік үлкен концерттер қояды. – Қанат Алдабергенұлы, халқымыздың даңқты қаһарманының мерейтойын ойдағыдай өткізу, оның ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүріп, бас-көз болу кез келген әкім үшін мерейді өсіретін іс деп білеміз. Батыр тойы бүгінгі жас ұрпақты, ертеңгі болашақты рухани тұрғыдан тәрбиелеуде қаншалықты маңыз атқарады деп ойлайсыз? –Батыр атамыздың аты-жөні – қазақ халқының төлқұжаты тәрізді сим­во­ли­калық тұлғаға айналып, бала кезімізде сол аты аңызға айналған адамға еліктеп өстік емес пе!?. Одан кейін батыр туралы әде­биеттер де толқын-толқын ұрпақты көп тәр­биеледі. Кеңес өкіметінің кезінде Бау­кеңнің үйіне барып, бір сәт болса да көру, әңгімелесу мүмкіндігіне ие болғандар өзін бақытты сезінетін. Орыс жазушысы А. Бектің “Волоколамск тас жолы” хикаяты, біле білген кісіге, қазақ халқын тану, мойындау, қазақ халқынан туған перзенттердің, яғни Бауыржандай хас батырларының ерлігі мен өрлігін үлкенді-кішілі өзге ұлттар мен ұлыстарға ұлықтау болып табылады. Мысалы, Баукеңнің батырлығы туралы осы кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, испан, тағы басқа көптеген шет елдердің тілдеріне аударылып, кең тарап кеткенін еске алсақ, көп нәрсені пайымдаймыз. Сондықтан, ерлігімен бірге, артына әскери педагогика мен соғыс психологиясын жетілдіріп, байытуда баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға елі үшін мәңгі жасай бермекші. Оның ерлігі де, өрлігі мен өжеттігі де, өз қолымен жазып кеткен қыруар еңбегі де болашақ ұрпақ үшін баға жетпес рухани қазына деп білемін. Ал болашақ ұрпақтың сол баға жетпес рухани байлықтың қуаты арқылы тәуелсіз қазақ елін қызғыштай қорғайтыны хақ. – Әңгімеңізге рахмет. Той тойға, ой ойға ұлассын! Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.