• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2010

Көкбастау атшабарында дәстүрлі бәйге өтті

905 рет
көрсетілді

Тұлпардың қадірі артқан күн Бәйге десе делебесі қозып, қиқу қосып: “Ер қанаты – ат”, деп желпінетін халық өткен сенбіде Көкбастау атшабар алаңына ағылды. Жыл сайынғы үрдіс биыл да жалғасып, Ата Заңымыздың 15 жылдығы құр­метіне Президент кубогын сарапқа салған ұлттық ат спорты ойын­дарынан республикалық жарыс жалауы көтеріліп, аламан, топ, құнан бәйге мен жорға жарысына бабы келіскен, талай додаларда аузымен құс ілген 157 сәйгүлік жарыс жолына шықты. Президент кубогы сарапқа түскен бәйге жүлдесіне жеті жаңа автокөлік тігіліп, тұлпар мен шабандоздардың жауапкершілігін еселей түсті. Көкбастау жазығындағы ат­шабар алаңындағы бөктерді жағалай жайғасқан жанкүйерлер алдынан бас төреші Орынтай Әмірғалиев бастаған шабандоздар сап түзеп өткенде құстай ұшқан тұлпарларды жазбай танып жатты. Облыс әкімі Серік Үмбетов көпшілік алдында ат спортының саламатты өмір салтын қалып­тастырудағы мән-маңызына тоқ­талып, биыл дәстүрлі мерекенің 12 рет өткізілгенін, өңірде бұл шараға лайықты назар аударылғанын атап өтті. Алдағы кезде де ұлттық дәстүрге сай оның аясын кеңейту бағытындағы жұмыс жалғаса­тынын жеткізді. Халқымызда: “Ат шаппайды, бап шабады”, деген мағыналы сөз бекер айтылмаған. Бүгінгі жарыс жолына жүзден жүйрік сәйгүліктер шығатыны анық. Олай болса тұлпарларыңыз табысты болып, аттарыңыз бен баптарыңыз қатар шапсын, деді. Тақымын қысып, екпіндеген шабандоздарға Алматы облы­сының құрметті азаматы Ізбасар Балтағұлов бата берген соң, 11 шақырымдық қашықтықтағы құнан бәйге басталды. Алғашқы айналымда-ақ екпіндеген аттар­дың қатары сиреп, мәре сызығын Болат Әбішұлының қыраны қиып, автокөлікті иеленді. Ал, топ бәйгеге жал-құйрығы сүзілген 50 тұлпар қосылды. Бұл жолы өзге­лерден оқ бойы озған алматылық Уәлихан Әбдіралиевтің “Атил­ласы” бірінші келіп, шетелдік автокөлікті иесіне сыйласа, Сол­түстік Қазақстаннан келген Біржан Шаймерденовтің “Нұр Отаны” екінші орынға шығып, темір тұлпар кілтін алды. Бәйге жолындағы 9 шақы­рымда жүрісінен жазбаған жор­ғалардан асығы алшысынан түскен Жамбыл облысынан келген Бөтен Сүлейменовтің “Тачан­касы” ав­то­көлік, екінші орынды Жамбыл ауданының, үшінші орынды аста­н­алық Арман Төлеуовтің “Фран­цузы” қанжығасына байлады. Аламан бәйгенің орны бөлек екені белгілі. “Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер” демекші бұл бәйгеге 46 жүйрік қосылып, айналым сайын шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктер бір үміт, бір күдікті жанкүйерлердің дегбірін қашырды. Десек те бағы жанған Жамбыл ауданының келісті торқасқа “Гауһар” атына заты сай екенін дәлелдеп, өз­гелерді шаң қаптырып, бас бәйге “Джип” автокөлігі мен Президент кубогын жеңіп алды. Бұдан кейінгі бірінші, екінші орындарға тігілген автокөліктерді Қарасай ауданы мен Астана қаласының тұл­парлары еншіледі. Көкбастау жазығын мерекеге бөлеген ұлттық ат спорты жарысы осылайша аяқталды. Суреттерде: Көкбастауда өткен жарыс сәтінен. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.