• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

443 рет
көрсетілді

Үнем мен ұқыптылық үйлесімі Қуат көздерінің барлық түр­лерін тиімді пайдалану еліміздің тұрақты дамуының басты тұғыры болып табылады. Сондықтан бүгін­де энергия үнемдеу және қуат көздерінің тиімділігін арт­тыру Мемлекет басшысының Үкіметтің алдына қойып отырған маңызды міндеттерінің бірінен саналады. Үкіметтің тікелей тапсырмасымен Қазақстан Рес­публикасы Табиғи монополия­ларды реттеу агенттігі бұл сала­дағы жұмысты белсенді жүргізіп, табиғи монополия субъектілерін (ТМС) инвестициялар тартуға ынталандыру мақсатында тариф­тік реттеу жүйесін жетілдіруге қа­тысты кешенді шаралар белгі­леуде. Бұл орайда бірінші кезекте нормативтік-техникалық ысырап­тарды азайту, нормативтен тыс ысыраптарды болдырмау, электр энергиясын тұтынудың есептеу жүйесін жетілдіру және теңдес­тірілген тарифтерді тәжірибеге енгізу жұмыстары қолға алынып отыр. Осы орайда еліміздің “Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы” қолданыстағы заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың 2009 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енгені белгілі. Үкімет ТМС-терге норма­тивтен тыс ысыраптарды жою жөнінде іс-шаралар жоспарын жа­сап, оны іске асыруды міндет­теді. Содан бері шектеуші және ынталандырушы шара ретінде ТМС тарифтерді көтеру немесе оның деңгейін қайта қарауға өтінім беру үшін заң нормала­рына сәйкес инвестициялық бағдарламалар мен ысыраптарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бірге әзірлеуге міндетті. Табиғи монополиялар субъек­тілері тарифінің ел мүддесі үшін маңызы зор. Еліміздің ірі кәсіп­орындары да, әлеуметтік салалары да, қарапайым тұрғындары да ТМС өнімдерін тұтынушы болып есеп­теледі. Ендеше, тариф саясатының экономикалық әрі әлеуметтік мәні бар. Сондықтан да Елбасы бұл көкейкесті мәселеге үнемі ерекше басымдық беріп, Үкіметтің алдына табиғи монополия субъектілерінің жұмысын ретке келтіру, тариф сая­сатын тиімді де жүйелі шешу мін­детін жүктеді. Мемлекет басшысы жүктеген міндетті іс жүзіне асыру барысында Үкімет тұтынушылар сұранысын тиімді қанағаттандыру мақсатында тариф саясатын барын­ша жетілдіру шараларын қолға алып отыр. Жақында Табиғи монополияларды реттеу агенттігі “Қазақстан Республикасында 2010-2014 жылдарға арналған тарифтік саясат жөніндегі салалық бағдар­лама” әзірлеп, Үкімет қарауына ұсынды. Өткен аптада болған Үкімет отырысында бұл бағдарлама жан-жақты талқыланып, бірауыз­дан қабылданды. Енді осы бағдарламаның негізгі мақсаты мен міндеттерін саралап көрейік. 2010-2014 жылдарға арнал­ған тарифтік саясат бағдарлама­сының негізгі мақсаты, біріншіден, активтерді модернизациялау мен жаңғыртуға инвестиция тартуды ынталандыру, екіншіден, электр қуаты мен суды үнемдеу, үшінші­ден, субъектілер ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Осы мақсаттарды іс жүзіне асыру үшін бағдарламада тиімді тарифтік саясат жүргізудің үш бағытына ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда: 1) инвес­тициялық тарифтер бойынша жұмыс істейтін ТМС-тардың санын көбейту және инвестиция­лық міндеттемелердің орындалуын бақылау; 2) электр энергиясына және суға тұтыну көлеміне байла­нысты теңдестірілген тарифтер енгізу, сонымен бірге нормативтен тыс ысыраптарды жою және норма­тивтік ысыраптарды оңтайландыру арқылы энергия қуатын үнемдеуге қол жеткізу; 3) шикізат, отын, ма­териалдар, энергия және әкімшілік шығындарды оңтайландыру жолы­мен ресурстарды үнемдеу. Бағдарламаның негізгі іс-шаралары бірнеше нысаналы индикаторларды жүзеге асыруды көздейді. Бірінші, тарифтер дең­гейі­нің тұрақты болуын қамтамасыз ету. Яғни, бағдарлама аясында 2010-2014 жылдар аралығында база­лық табиғи монополия субъекті­лерінің инвестициялық тарифтер­мен жұмыс істеуіне кезең-кезеңмен көшуін қамтамасыз етіп, 2014 жыл­ға қарай инвестициялық (орта және ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша барлық базалық табиғи монополия субъектілерінің жұмыс істеуіне қол жеткізу болмақ. Тағы бір ерекше атап айтар мәселе, бағдарламада 2010-2014 жыл­дар аралығында ТМС-ға тартылатын инвестицялар ауқымы да нақтыланған. Оның ішінде жеке­леген салалық бағдарламаларға сәйкес әрбір салаға тартылатын жыл сайынғы инвестиция мөлшері де болжанған. Мәселен, бағдарлама шеңберінде электр қуатын тасы­мал­дау саласына тартылатын ин­вес­тиция көлемін 2014 жылға қарай 33,1 млрд. теңгеге дейін жеткізілу жоспарланып отыр. Екінші нысаналы индикатор нормативтік-техникалық ысырап­тарды оңтайландыру мақсатын көздейді. Нормативтік-техникалық ысы­раптарды кезең-кезеңмен оңтай­лан­дыру өз кезегінде нормативтен тыс ысыраптарды жоюға мүмкіндік береді деп күтілуде. Осы ретте нор­мативтік-техникалық ысыраптар мәселесіне түсінік бергеніміз жөн. Халықаралық қалыптасқан ұғым бойынша, инженерлік-техникалық жүйелерді пайдалану үрдісіне байланысты болатын шығындар ескерілген. Оған инфрақұрылым­дардың ескіруі, пайдалану мерзімі­нің ұзарып кетуіне байланысты бо­латын шығындар жатады. Бұл көрсет­кіш әрбір елде әртүрлі. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін кеңестік жүйедегі нормативтік-техникалық шығындар қағидасын пайдаланамыз. Мәселен, елімізде электр қуатын тарату желілері бойынша нормативтік-техникалық шығын көлемі 30 пайызды құрай­ды. Ал сумен жабдықтау саласын­да­ғы нормативтік-техникалық ысы­рап мөлшері 35 пайызға жетеді. Ал Францияда мұндай ысырап мөл­шері 7 пайыздан аспайды. Осы шы­ғын­ның бәрі тұтынушы есебі­нен толық­тырылады, яғни тарифке енгізіледі. Міне, бағдарламада көрсетіліп отырған нормативтік-техникалық ысыраптарды оңтайландыру 2014 жылға қарай нормативтен тыс ысыраптарды болдырмауға мүмкін­дік береді. Осының нәтижесінде сала субъектілері зор эконо­микалық тиімділікке қол жеткізбек. Жоғарыда айтылған шаралардың арқасында электр қуатын тарату желілері бойынша экономикалық тиімділік деңгейі 671,8 млн. кВт/сағ. немесе 4,4 млрд. теңге, жылу жүйелерінде 3,8 млн. Гкал. немесе 8,5 млрд. теңге, су шаруашылығы саласында 105,0 млн. текше метр немесе 0,65 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде. Бағдарламаның негізгі мақсат­тарының бірегейі электр энергия­сын және суды үнемдеу болса, оған қол жеткізетін басты механизм – теңдестірілген тарифтер жүйесін тәжірибеге енгізу болып табылады. “Электр энергетикасы туралы” Қазақстан Республикасының Заңына былтырғы жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр қуатын сатып алатын барлық тұтынушылар тәулік аймақтары бойынша теңдестірілген тарифтер негізінде ақы төлеу тәртібіне көшті. Бұл тарифтерді қолдану электр энергиясын ұтымды пайдалануға және тұтынушылардың қаржысын үнемдеуге жәрдемдеседі. Кешкі та­риф­тер деңгейі жалпы қолданыс­тағы орташа тарифтерден 2,5-4 есе тө­мен, бұл тұтынушыларды энер­гия жүйесінің ең аз жүктелген мерзі-міне, яғни кешкі мерзімге көшуіне ынталандырады. Агенттік энергия үнемдеуді ынталандыру үшін және халықтың әлеуметтік жағынан қорғалуын ескере отырып, белгі­ленген шамадан аспайтын электр энергиясын тұтынғаны үшін төле­нетін ақы ең төменгі тариф бойын­ша есептелетін тәртіпті қол­да­нысқа енгізді. Тұтастай алғанда, электр энергиясын ұтымды пайда­лану кезінде тұтыну көлемдері бойынша теңдестірілген тарифтерді қолдану тұтынушыларды электр энергиясын және қаржы үнемдеуге ынта­ландырады. Оған өткен жылдан бергі тәжірибе толық дәлел болмақ. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде дерлік электр энергия­сына тұтыну көлеміне қарай және тәулік аймақтары бойынша теңдестірілген тариф қолданылады. Осының нәтижесінде өткен бір жылда шамамен 150 млн. кВт/сағ. электр энергиясы, 30 мың тонна отын үнемделген. Еліміз бойынша тұтынушылар басқа жылдармен салыстырғанда, электр энергиясын тұтынғандығы үшін 2,1 млрд. теңге қаржыны аз төлеген. Сумен жабдықтау саласында тұтынушылар топтары бойынша теңдестірілген тарифтер еліміздің 13 өңірінде енгізілген. Биылғы жылдың соңына дейін қалған үш өңірде – Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстарында теңесті­ріл­ген тарифтер жүйесі енгізіледі. Су­ды тұтынғаны үшін теңдесті­рілген тарифтер тәртібін енгізу нәти­жесінде жыл ішінде су арнала­рының табыстары 13,2 млрд. теңгеге артып, су тұтыну мөлшері 10 пайызға дейін төмендеді. Қай жағынан алғанда да жаңа жүйенің тиімділігі айқын көрініп тұр. Сондықтан бағдарламада 2014 жылға дейін электр энергиясына және суға тұтыну көлеміне қарай теңдестірілген тарифтер қолдану жүйесін одан әрі жетілдіре отырып, тәжірибеге тереңдете енгізу көзделініп отыр. Табиғи монполия субъектілерін электр қуатын тарату және су жүйелері мен құбырларын модернизациялау мен жаңғырту үшін инвестиция тартуға міндет­тейтін, тұтынушыларды қуат көз­дерін үнемдеуге ынталандыратын жаңа тарифтік саясаттың ел эконо­микасы үшін өміршеңдігі ақиқат. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. “Жол картасының” үш ұстыны Жақында Ақтөбеде “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен оған аймақтық деңгейде келтірілетін кедергілерді азайту мәселелері бойынша республикалық кеңес болып өтті. Жиында сонымен қатар қазіргі таңда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысында алда келе жатқан облыстардың да аттары аталды. Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың мәлімдегеніндей, бұл саладағы алғашқы үш орынды осы реттеріне қарай Ақтөбе, Қарағанды және Алматы облыстары өзара бөлісіп тұрған болып шықты. Бұл үш облыс республиканың қалған аймақтарынан оқ бойы алда келеді. Мұны об­лыстық әкімдік өкілдері мен жеке кәсіпкерлік субъектілері алдында сөйлеген сөзінде Эко­номикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов та айтып өтті. Өзінің баяндамасында ол үстіміздегі жылдың сәуір айында сөреден шыққан “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының негізгі мәнін түсіндіріп берді. Ал оның басты мақсаты аймақтық кәсіпкерліктің экономиканың шикізат емес секторындағы тұрақтылығы мен тепе-тең өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын сақтау және олардың қатарын жаңа орындармен толықтырып отыру болып табылады. Басқосуда айтылғандай, бағ­дарламаның үш бағыты бойынша субсидия беру үшін екінші деңгейлі банктерге сомасы 231,4 млрд. теңгені құрайтын 481 өтініш түскен. Күні бүгінге дейін бұлардың арасынан жалпы кредиттік құны 41,14 млрд. теңге тұра­тын 55 жоба іріктеліп алынды. Бағдарламадағы бірінші және үшінші бағыттардың жүзеге асырылу жауапкершілігі жер­гілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Осы жерде бірінші бағытты құрайтын жаңа бизнес-бастамаларға қолдау көрсету мақсатында екінші деңгейлі банктерге тағы 27,7 млрд. теңгеге 108 өтініш тап­сырылғанын айта кету­міз керек. Бүгінде аймақ­тық үйлестіру кеңестерінің қарауында 30 өтініш жатыр. Ал бұған дейін осындай 28 жоба мақұлданған болатын. Сол келісілгендер ішіндегі мейлінше көп үлес алып отырғаны Ақтөбе облысы болып сана­лады. Бұл аймақтан ұсынылған 1,2 млрд. теңгенің 8 жобасы қаржыландыруға жіберілген. Бұл несие қаражаттары облыста, айта­лық, көкөніс қоймасын салуға, металл құрылғылары зауытын қайта құруға, жиһаз фабрикасы өндірісін ұлғайтуға жұмсалмақ. Сол сияқты Астана қаласынан ұсынылған 1 млрд. теңгелік несиенің 5 жобасы қолдау тапты. Ал Қарағанды облысы бойынша 500 млн. теңгенің 4 жобасы таңдап алынған. Осындай жобалар Батыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да бар. Екінші бағыт кәсіпкерлік секторды сауықтыру деп аталады. Ол Экономикалық даму және сауда министрлігінің кәсіпкерлерлікті дамытуға арналған “Даму” қорымен өзара үйлесе жұмыс жасауы негізінде жүзеге асырылады. Бұл жүйе бойынша келіп түскен өтініштер өте көп. Солардың арасынан қазір құны 170 млрд. теңге тұратын 348 жоба іріктеліп алынып, банктердің қарауына жіберілді. Экономиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы әзірге екі рет бас қосып, 19 жобаны талқылады. Бұлардың 13-іне қолдау көрсетіліп, 4-і кредиттің мақсатқа сәйкес келуін тексеру үшін кейінге қалдырылды. Сол сияқты 2 жоба бағдарламада белгіленген басыңқы секторға сәйкес келмейтіндігіне байланысты алынып тасталды. Қолдауға 1 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалып, жаңадан тағы 700 жұмыс орнын ашуға бағыт ұстап, субсидия алатын уақыты ішінде бюджетке 4 млрд. теңге көлемінде қаржы құю болжамын жасаған жобалар ілікті. Олардың қатарында Маңғыстау облысындағы құю және прокат цехтарының, Шығыс Қазақстан облысындағы жылу кешенінің құрылыстары секілді ірі жобалар бар. Ал Ақтөбе облысында темір жол жылжымалы құрамының жөндеу жұмыстарына байланысты жасалған жоба қолдау алды. Бағдарламадағы үшінші бағыт – экспортқа бейімделген өндірісті қолдау шеңберінде екінші деңгейлі банктердің қарауына жалпы сомасы 34,7 млрд. теңгеге топталатын 25 өтініш түсті. Осы күндері аймақтық үйлестіру кеңестерінде тағы 15 өтініш қаралып бітті. Бұлар­дың 19,24 млрд. теңгеге баға­ланған 14 жобасына субсидия беру жөнінде шешім қабыл­данды. Мәселен, Алматы облысында “Даму” қоры, екінші деңгейлі банк және жобаны ұсынушы арасында отандық аккумулятор өндірісін жүргізу және оны экспортқа шығару жобасын пайыздық ставкамен субсидиялау жө­нінде келісім-шарт жасалын­ды. Осы жұмысты жүргізіп әкету үшін енді жоба иесіне 1,3 млрд. теңге көлемінде несие бе­ріледі. Ал Шығыс Қазақстан облысында жалпы кре­диттік құны 11 млрд. тең­ге­ден асатын 6 түрлі жоба мақұлданып отыр. Көрініп тұрғандай, осы ба­ғыттағы жоба саны жөнінен бұл облыс республикада алды­на ешкімді салмай, жеке-дара топ ба­сын­да келеді. Бұдан басқа Батыс Қазақстан, Қара­ған­ды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақ­стан облыстарынан осындай бір-бір жоба қатарға ілікті. Олар металлургия және тоқыма өнеркәсібімен қатар өнеркәсіптің басқа да салаларын қамтиды. Облыстық әкімдіктердің іскерліктері мен қабілет­теріне сын болып табылатын үшінші бағыт бойынша қалған аймақтардың сырт қалғаны көңілге оншалықты қонымды болып тұрған жоқ. Баяндамада бұл жайында да айтылды. Баяндамашы сонымен бірге, банктердің бағдарламаларды жүзеге асырудағы белсенділіктерінің төмен болып отырға­нын да сынға алды. Бұл жерде тек “Центркредит” банктің ғана игі істерін атап өткен ләзім. Жиында сондай-ақ бизнес-қауым, екінші деңгейлі банк және әкімдік ұсынған ұсыныстардың негізінде бағдарламаның механизмін жетілдіру турасында да сөз қозғалды. Енді осы бойынша министрлік “Жол картасына” өзгерістер енгізіп, тиісті құжаттарын дайындайтын болады. Басқосуда сонымен қатар субсидияланған кредиттің жалпы сомасындағы айналым капиталын қаржыландырудың бастапқы үлесінің мәнін анықтау, банк несиелеріне жеке кепілдеме беру жөнінде шешім шығарудың жолда­рын жеңілдету, Экономикалық даму және сауда министрлігі мен облыстық әкімдіктер арасындағы қағаз айналымын ықшамдау, өлшемдерді анықтауға келісім беруге бағытталған құжаттардың санын азайту жөнінде ұсыныстар айтылды. Енді оларды қайта қарап, тиісті шешімге келу келер күндердің еншісінде тұр. Ең бастысы, аталмыш жиын “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының еліміздің қай өңірінде қалай қолға алынып отырғанын, қай аймақта оған қандай мән беріліп келе жатқанын айғақтап көрсетіп берді. Осы кезге дейін жоғарыда аталған үш бағыт бойынша бір ұсынысы да өтпеген облыстар да бар. Алдағы уақыттарда сол аймақтардың басшылары осы төңіректе мықтап ойланулары керек-ақ. Серік ПІРНАЗАР.

Тамшылатудан тапқан табыс Тайынша ауданында тағы бір игі іс өмірге келді. Абай ауылдық округінде көкөніс өсірумен айналысатын “Астық-СТЕМ” ЖШС тамшылатып суару әдісін қолдана бастады.  Бұл тәсіл оң­түстік жақ үшін таңсық болма­ғанмен теріскей өңірде  кенжелеу дамып келе жатқаны жасырын емес. Сергей  Звольский басқара­тын шаруашылық  егіншілікпен көптен бері айналысады. 5 мың гектарға бидай, 2 мың гектарға  зығыр, 1,5 мың гектарға рапс, 120 гектарға картоп  егеді. Ауа райы­ның күрделілігіне қарамастан, биыл өнім тәуір шықты. Ал, көкөніс өсіруді қолға алғаны енді ғана. Бастапқыда  көкөніс шаруашылығына немістің заманауи технологиясын енгізіпті.  Тәжірибе учаскесіне соны қолда­ныпты. Мәселен, “GRІMME” фирмасы шығаратын техника­лармен картопты отырғызудан бастап жинауға дейінгі барлық операциялар тегіс атқарылады. Көкөніс себетін басқа техника түрлері де жеткілікті. Ол сарымсақтың “Докапо”, сәбіздің “Шантана”, “Каскад”, картоптың “Рамоно”, “Невский”, “Каротоп”  сұрыптарын аудандастыру ар­қылы жылда мол өнім алып жүр. Сергей көкөністі тамшылатып суаруды  израильдік мамандардан үйреніпті. Кейін арнайы курстар­да тәлім алыпты. Құпиясы мол жаңалықтың қыр-сырын әбден меңгеріп, тиімділігіне көз жеткізгеннен кейін “ҚазАгро” АҚ арқылы лизингке осы заманғы шетелдік қондырғылар сатып алыпты. Тереңдігі 50 метрлік екі ұңғыма құдық қазып, шағын су қоймасын жасаған. – 15 гектарға сәбіз, бір гектар­дай жерге қызылша, картоп, қызанақ, 0,7 гектарға сарымсақ ектік. Тамшылатып суарудың пайдасы мол. Суды үнемдеумен қатар өнімділік те артты. Гектар басы 60-65 тонна сәбіз, 50 тонна сарымсақ аламыз деген межеміз бар.  Келесі жылы суармалы алқап көлемін 100 гектар­ға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Өнімді өткізу жолдарын да ойластырып қойдық, — дейді шаруашылық жетекшісі. Сергей Адамович — Қызыл­жар өңірінде ашық аспан астында көкөніс өсірудің израильдік әдіс-тәсілін алғаш қолданушылардың бірі. Оның ауыл шетінде  салған көкөніс қоймасы да ерекше назар аудартады. Сыйымдылығы екі мың тонналық қойма озық технологиямен жабдықталған. Германиялық тасымалдағыштар, кептіретін, желдететін жүйелер қол еңбегін жеңілдетіп қана қой­майды, өнімнің сапалы сақталуын да қамтамасыз етері анық. Қарағаш – округтің орталы­ғы, ақ қайыңды орманды бет­кейге орналасқан елді мекендер­дің бірі. Егіншілікке де, мал ша­руашылығына да қолайлы мекен.  Әлеуметтік, мәдени ғимараттар сақталған, сол қалпынша жұмыс істеп тұр. Көшелер түзу, ас­фальт­талған, 20 колонка орна­тылған. 229 үйдің  116-сына ауыз су тарату желілері енгізілген. Тағы 20 үйге жеткізіл­мекші. Енді, міне, әлеуеті жоғары елді мекен тұрғын­дары  шетелдік тех­нология ар­қылы көкөніс­тің нешеме түрін өсі­ріп отыр. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы. Теңдестірілген тариф тиімділігі Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Алматы облысы әкімдігімен бірлесе отырып Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономи­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­діктері” атты Жолдауын түсіндіру бағытында тұр­мыстық-коммуналдық шаруашылық инфрақұры­лымын жаңғыртуға қатысты кеңес өткізді. Кеңесте суды және электр энергиясын үнемді қолдануға теңдестірілген тарифтер тетіктерін енгізу, шикізат, материалдары шығындарының нормаларын оңтайландыру, реттелетін рынок субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерін орындауына бағытталған тариф құру және тариф қолдануға қатысты даулы мәселелер талқыланды. “KEGOK” АҚ 2010 жылдың 1 тамызынан бастап электр энергиясын желілермен тасымалдау қызметі тарифтерін төмендетуіне байланысты “ЖетісуЭнергоТрейд” ЖШС тарифі 1 сағатқа 12,04 теңгеге (ҚҚС-сыз) төмендетілді. Алматы облысында тәуліктік аймақтар бойынша теңдестірілген тариф 2008 жылдың маусым айынан бастап қолданылуда. Талдықорған қаласында түнгі тариф 1 кВт/сағатқа 4,65 теңге, күндізге 15,76 теңге құрады. Алматы өңірінде түнгі тариф 2 кВт/сағатқа 3,23 теңге, күндізге – 14,53 теңге. Алматы облысында тәуліктік аймақтар бойынша теңдестірілген тарифтерді енгізу нәтижесінде 406,8 млн.теңге тұтынушылар қаражаты үнемделді. Агенттік төрағасы Н.Алдабергенов баянда­масында теңдестірілген тарифтерді енгізуден 150 млн.кВт/сағат электр энергиясының, 30 мың тонна тас көмірдің үнемделіп, қоршаған ортаға залалды заттардың шығарылуы 13,5 мың тоннаға азайтылатынын айтты. 2009 жылы Қазақстан бойынша енгізілген теңдестірілген тарифтерден 2 млрд. теңгеден астам қаржы үнемделген. Бұл тұтынушылар қаржысы. Энергия үнемдеу шеңберінде агенттік электр, жылу энергиясы, газ және су шаруашылығы саласында нормативтік-техникалық ысыраптарды азайту, нормативтен тыс шығындарды жою жұмыстарын жүргізбек. Мәселен, “Талдықорғанжылусервис” ҚМКК-де нормативтен тыс ысыраптар 2008 жылы – 13,0, 2009 жылы 13,7 пайызды құраған. Норматив­тен тыс ысыраптарды жою жөніндегі шаралар жос­пары бойынша 2010 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында бұл көрсеткіш 3,6 пайызға төмендетіліп, 13,0 мың Гкал. немесе 25,7 млн.теңге үнемделді. Талдықорған қаласында ауыз сумен жабдық­тау және кәріз жүйесі қызметін атқаратын базалық табиғи монополия субъектісі “Жетісу су құбыры” ҚМКК бойынша, агенттіктің стратегия­лық жос­па­ры­ның индикаторларына сәйкес, 2010 жылы нор­ма­тивтік ысыраптардың төмендеу көлемі 60,4 мың текше метрді құрады немесе 1,7 млн.теңге үнемделеді. Өткен 2009-2010 жылдарда от жағу мерзімі кезінде сыртқы ауаның температурасы жоғары болғандықтан, жылу энергиясын өлшейтін құралдары жоқ тұтынушыларға республиканың 12 аумағында қайта есептеу жүргізіліп, 651,56 млн.теңге көлемінде қаражат кері қайтарылды. Алматы облысы бойынша тұтынушыларға 1,3 млн.теңге қайтарылды. Гүлшекер ІЗДІБАЕВА, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің баспасөз қызметі. Жайылым және су Қазақстанның ағын суға аса тапшы шөл және шөлейт далаларында құдықтардың қадір-қасиеті ертеден күнкөрістің ең негізгі сипаты болған және қазір де солай. Сондықтан, мал мен жанды жер асты суымен сусындатқан, қас шебердің қолымен тұрғызылған шегенді құдықтар мен шыңыраулар ел аузында аңыз болып, атақты жазушылардың кітаптарына енді. Айтылған әңгімелердің негізгі кейіпкерлері ретінде жадымызда қалды. Жайылымдарды суландыру, әлеуметтік маңыздылығына, кең таралымына қарамастан (XX ғасыр басында Қазақстан аумағында 95-100 мың шамасында құдық болған), инженерлік жүйелі түрде тек Ұлы Отан соғысынан кейін ғана мем­лекеттік деңгейде қолға алынды. Оның басы-қасында сол кездегі Ми­нистрлер Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасыновтың өзі жүрді, ал ғалымдар, техника ғы­лымдарының докторы Л.Тә­жібаев, ғылым кан­дидаттары А.Самохвалов, Ғ.Бе­галиев және басқалар кең көлемде ғылыми жұмыстар атқарды. Сол жылдары Қазақ мемлекет­тік ауыл шаруа­шылығы институтында “Ауыл шаруашылығын сумен қам­тамасыз ету” кафедрасы ашылып, онда су мамандары дайындалды. Бұл кафедра қазір де бар. 1950 жылдан бері Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты осы бағытта қомақты жұмыс істей бастады. 70-80-ші жылдары институт одақтық дәрежеде жайылымдарды суландыру бағдарламасын басқарды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде суландырылған жайылымдар аумағы 146,0 млн. гектарға жетті, 75 мыңға жуық құдық салынды. Оларды дұрыс пайдалану мақсатында әр облыста, аудандарда арнайы мамандандырылған құрылыс-жөндеу кәсіпорындары ұйымдастырылды. Қазір сол пайдалануда болған құдықтардың 70-75 пайыздан артығы істен шыққан, жаңасы салынып жатқан жоқ. Себебі, алғашқы нарық жағдайында оларды пайдаланушылар саны күрт азайды, содан соң жөндеу кәсіпорындары тарап кетті. 2006 жылы Статистика агенттігі жүргізген ауыл шаруашылығы санағы мәліметтері бойынша, қазіргі кезде пайдалануға жарамды жайылым көлемі 46,5 млн. гектарға дейін кеміп отыр. Соның ішінде 6,6 млн. гектары ғана суландырылған болып есептелінеді. Яғни бұл бар болғаны 14,2 пайызға тең деген сөз. Мал басының жылдан-жылға қарқынды түр­де көбейіп келе жатқандығын ескеретін болсақ (қазіргі кезде қой саны 18 млн. бастан асты), онда жайылым мен оларды суландыру мәсе­лелері бұдан әрі де қиындай түспек. Өйткені, сумен қамтамасыз етілмеген жайылым мал бағуға жарамсыз екендігі атам заманнан белгілі. Зерт­теулер көрсетіп отырғандай, уақтылы су ішпеген қой салмағын 20-35 пайызға дейін жоғалтады, ал жүн өнімділігі 16 пайызға дейін кемиді. Жайылым жерлерді ретсіз жекешелендіру, оларды кешенді түрде пайдалануды ескермеу ауыл маңының, ағын су төңірегінің деградацияға ұшырауына әкелуде. Су тапшылығына байла­нысты мал басын амалсыздан шектеп ұстау жиі кездесетін болды. Шөбі шүйгін жайлауға мал айдап, жайылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік болмай тұр. Жамбыл, Қарағанды облыстарының арасында арнайы салынған 1700 шақырымдық 7 трассаның басым бөлігі жекешеленген аумақта қалған, құдықтары жарамсыз. Оларды жалпыға бірдей етіп реттеу тетігі әлі жасала қойған жоқ. Енді не істеу керек? Бірінші кезекте, тізімде бар суландыру құрылымдарының техникалық жағдайын зерттеп, оларды қалпына келтіру мүмкіндігін, суға қажеттіліктің соңғы жылдары қалыптасқан ерекшеліктерін анықтау қажет. Осының негізінде, алдағы 5-10 жылға мемле­кеттік бағдарлама жасап, онда тиімді әдістер мен жаңа техникаларды игеру қарастырылуы тиіс. Жаңа технологиялар ішінде Қазақстан үшін тиімділерінің бірі – жел күшімен жұмыс істейтін, электр энергиясын өндіретін су көтергіштерді орнату. Жел жылдамдығы секөнтіне 4-7 метр болғанда жұмыс істей алатын су көтергіштер отандық ғылыми-зерттеу институттарында және басқа кәсіпорындарда шығарыла бастады. Құдық тереңдігіне, тұтынушылар сұранысына байланыс­ты басқа да шетелдік қондырғыларды орнатуға толық мүмкіндік бар. Суландыру бойынша атқарылған зерттеу нәтижелері, су көтеру, құдық тазалау тәжірибелері бағдарламаның нақтылығын арттырып, оны толықтыра алады. Олардың біразы 2003-2007 жылдары Шет ауданының мал суару аймақтарында халықаралық жоба бойынша іске асып, дұрыс нәтиже көрсетті. Бірақ, ол тәжірибе республика көлемінде кең тарамай отыр. Себебі – баяғы немқұрайдылық. Осы жерде айта кететін нәрсе 2003 жылы қабылданған Жер кодексінің 36-шы бабында көрсетілгендей, уақытша жайылымдарды пайда­ланушыларға тек 5 жыл мерзімге берілетіндігі қажетті гидротехникалық құрылымдарды салып, тұрақты пайдалану мүмкіндігін шектейді. Салынған немесе қалпына келтірілген жүйелерді дұрыс басқару үшін мамандандырылған жөндеу-қызмет көрсету мекемелерін ұйымдастыруды тез арада қолға алмаса болмайды. Өйткені, игі мақсатта атқарылған шаралар, жұмсалған қаржы босқа кетпей, өз өтеуін беруге тиіс. Ол үшін аудан орталықтарында немесе ауданаралық негізде мелиоративтік суландыру стансаларын құру қажет. Олар фермерлермен және агроқұ-рылымдармен келісім-шарт бойынша мал суару пункттерін пайдалану, техникалық күтімнен өткізу, құрал жабдықтармен қамтамасыз ету және жайылымдарды жақсарту жұмыстарымен айналысатын болады. Суды құбырмен тасымалдап, таратқан жақсы, бірақ ол мал жайылымына, қазақтың кең даласын қамтуға келе бермейді. Ондай жобалар өткен ғасырдың 70-80-інші жылдары да болған. Өзін-өзі ақтамағандықтан тоқтатылған еді. Сондықтан, реті келген жерде құдықтан бас тартпауымыз керек. Оның жайылымдық мал бағуға үйлесімділігі, экономикалық тиімділігі, пайдалануға ыңғайлылығы ерекше. Тек, бұрынғы­ша көргенімізді, білетінімізді ғана місе тұтпай, жаңа шешімдерді де кең көлемде қолдансақ болды. Көтеріліп отырған мәселе­лердің тезірек, тиянақты шешілуіне біздер – ғалымдар да тікелей мүдделіміз. Атқарылуға тиісті жұмыстардың әдістемелік жолдары, озық технологиялар жиынтығы қолда бар. Жүзбай Қасымбеков ,техника ғылымдарының докторы, профессор. Алматы. Топырақ экологиясы да толғақты мәселе Аманжол Тұрарбековтің мамандығы – эколог. Ол ұзақ жылдар Целиноград ауылшаруашылық институтында, Топырақтану ҒЗИ Целиноград бөлімшесінде өңір экологиясымен айналысқан, қазір Астанадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде (ҚЭҚХСУ) профессор болып қызмет істейді. Біз ол кісімен аймақ экологиясының мәселелері жөнінде әңгімелескен едік. – Менің экология ғылымымен, соның ішінде топырақ экологиясы­мен айналысқаныма ширек ғасырдан асты. Экологияны әуелі биология ғылымының бір саласы деп қарасты­ратын, зерттеле келе ол биология­ның шеңберінен шығып, өз алдына дербес ғылым ретінде танылды ғой. Топырақтану институтында біз, ең бастысы, ұзақ жылдар бойы то­пырақты тұздан бейтараптандыру мәселелерімен шұғылдандық. Оның бірнеше тәсілдері бар: химиялық, агротехникалық және биологиялық. Химиялық тәсілде топырақтағы тұз­ды тарату үшін оған жасанды қос­паларды, соның ішінде фосфор­гипсті қосуды айтады, сонда тұз тарап, топыраққа зияндылығын азайтады. Агротехникалық тәсіл деп топырақты жаңаландырып, оны түрлі сапаға өзгертуді айтамыз. Соның ішінде шірінді төгу де бар. Бірақ бұл тәсілдердің кеміс жақтары да жоқ емес. Ең бастысы, олар экономикалық жағынан тиімсіз, өйткені көп шығынды талап етеді. Ал биологиялық тәсіл деп тұзды топыраққа шыдамды өсімдіктерді егуді айтады. Экологиялық жағынан барынша тиімдісі осы әдіс. Табиғат­тың адам араласпай-ақ өзін-өзі тазартатын санитарлары болады, тек соларды орнымен пайдалана білу керек. Тұзды бейтараптандыру үшін егі­летін өсімдіктерді өскен соң шауып тастайды, бірақ тұзға шыдам­ды тамырынан ол қайта өсіп шыға береді. Әр шыққан сайын тұздың мөл­шері азая береді. Тұзға төзімді мұн­дай өсімдіктердің қатарына кәдімгі жоңышқа да жатады. Бірақ оның да әр түрі болады, соның ішінде түйежоңышқаның тиімділігі жоғары. Ал дәнді дақылдардың ішін­де арпа тұзды топырақты жақсы бей­тараптандырады және өзі де тұзды топыраққа барынша бейімделіп, артынан жақсы өнім береді. Біз тәжірибе жасау барысында тұзды топыраққа егілген арпадан бір жылдары гектарынан 40 центнерге дейін өнім алдық. Ақмола облысы­ның топырағын тұздан арылтуда химиялық әдіс тиімді екеніне көз жеткіздік. Бір гектарына 40 тоннаға дейін фосфоргипсті сепкен кездері­міз де болды. Әрине, жоғарыда айтқанымдай, қымбат болуы себепті бұл экономикалық жағынан тиімсіз, бірақ ол жылдар өте келе өзін-өзі ақтайды. – Астананы көгалдандыру жө­нінде кейбір мамандар табиғаттағы барлық қоқыстар мен қалдықтарды, соның ішінде зиянды тұздарды осы жерге біреу қасақана әкеліп, үйіп қойған сияқты, елордаға егілген көптеген декоративті ағаштардың өсіп кетпеу себебі сол деседі. Осыған эколог ретінде не айтар едіңіз? –Ондай сөздердің жаны бар. Еліміздегі топырақ құнарының әр­түрлі екенін білесіздер, соның ішін­де Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Көкшетау аймағының жері кәдімгі “тарихи қара топырақ”. Ондағы қара шіріндінің қалыңдығы 80 см-ге дейін барады. Мұндайға ылғал ғана керек, “ылғал болса – же­тек ексең арба өседі” дейді мұн­дай­ды. Бірақ бұл да өте құнарлыға жатпайды, Ресейдің Краснодар өл­ке­сіндегі қара топырақтың қалыңдығы 1 м. 20 см. Ол жерден 60-70 цент­нерге дейін өнім алуға болады. Кей­бір Еуропа елдерінде, соның ішінде Голландиядағы қара топырақтың қалыңдығы 3 метрге дейін жетеді. Ал Ақмола облысында “тарихи қара топырақ” Шортандыда ғана бар, ондағы шіріндінің қалыңдығы да 40-ақ см. Ылғал 400 мм-ге дейін түседі, соның арқасында өнім бар. Ал еліміздегі негізгі топырақ – қара-қоңыр топырақ. Бірақ айта кететін бір жәйт, біздің астықтың қамыр­лылығы жоғары, ал ылғал көп болған жерлерде бидайдың нанды­лығы төмендеп, көже болып кетеді. Астана аймағының топырағын ұзақ зерттеген мен жоғарыда ай­тылған сөздердің шындыққа өте жақын екеніне кепілдік бере аламын. Мұндағы жердің құрамы барынша сортаң топырақты болып келеді. Онда өсімдікке зиянды нешетүрлі тұздар, ауыр металлдар бар. Кейде 5-6 жыл өсіп тұрған ағаштың өзі де аяқ астынан қурап қалға­нын көруге болады. Мұның себебі тамырдың топырақ құ­рамындағы сорға қанығып, ула­нып қалғандығынан бола­ды. Оның үстіне қазір автокөліктер түтінінен бөлінетін күкірт тотығы­ның да зияны үлкен. Ондайдың кө­ле­мі мәшине көбейген сайын артып келе жатқаны белгілі. Сондықтан да Астанада барынша нәзік, сұлу ағаштар жерсінбей, қурап қалып жатады. Бізде қымбат ағашты екпес бұрын топыраққа зерттеу жүргізіліпті дегенді естіген емеспін. Ал бұл өте қажетті үдеріс еді. Астананың сортаң топырағына жергілікті өсімдіктерден басқа мен білетін ағаштардан “Қырғыз қайыңы”, “Сары акация”, “Қара ағаш” және т.б. жақсы өседі. – Сіз жергілікті тұрғын әрі эколог маман ретінде өзіңіздің пікірлеріңізді айттыңыз ба? – Әрине, мен кезінде өте көп ұсыныстар жасап, Астананың экологиясын тазарту, топырағын асылдандыру туралы пікірлерімді жариялап тұрдым. Осы тақырыптағы бірнеше жиын, конференцияларға қатысып, өзімнің пікірімді білдірдім. Соның ішінде декоративті өскіндерді бұрын ағаш өскен жерлерге ғана отырғызу керектігін де айтқан едім, өйткені ол жерлердің сортаңы аз екендігін ағаштардың өзі көрсетіп тұр ғой. Бірақ біздің пікірлерімізге ешкім құлақ аса қойған жоқ. Сортаң жерлерге егілген қымбат ағаштардың көбі артынан қурап қалды. Бірақ қазір ағаш өсірушілер де маманда­нып алды. Олар ағаш егу үшін сор­таң жерге бір метрге жуық қара топырақ төсейді, оның үстіне 40 см-дей ұсақ тас төгеді. Сөйтіп, тамыр алдымен қара топырақта күш алып, жайылып алады. Ал ылғалмен көтерілген сор ұсақ тастан өте алмай қалып қояды, сөйтіп ағашқа зиянын тигізе алмайды. Сондай-ақ тамырды үлкен себеттердегі топыраққа отыр­ғызу тәсілін де қолданып жатыр. Бұлар ағашты жергілікті жерге бейімдеу деп аталады. – Өзіңіз туралы не айтар едіңіз?.. – Мен осы Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Айшуақ ауылында 1940 жылы дүниеге келіп­пін. Айшуақ, Сабынды, Кеңбидайық деген жерлердің орталау мектебін тауысқан соң Ақмола қаласындағы Сталин атындағы жалғыз қазақ мектебінің 9-шы сыныбына келдім. Ауыл мектебінде өте жақсы оқып келген мен мұнда үлгере алмаушы­лар қатарынан бір-ақ шықтым. Өйт­кені, ол кезде химия, физика және т.б. пәндер орыс тілінде жүргізілетін. Соның ішінде ең қиыны химия болды. Бұл пәннен Лидия Алексан­дровна деген кісі берді. Тек химия­лық реакция жасап, есеп шығарта береді. Тақтаға шықсам бір ауыз орысша білмейтін мен мыңқиып тұрамын. Алатын бағам “бір” мен “екі”. Содан өзімді-өзім қолға алып, химияны түсінуге тырыстым. Бір күні тақтаға шығып, барлық есепті дұрыс шығарып беріп едім, ұстазым менің есептерімді қалың көзілдірігін қолына бір алып, бір салып тұрып, қайта-қайта тексерді. Артынан Це­линоград ауылшаруашы­лық инс­титутының агрофагына (ЦАШИ) түскенде Лидия Алексан­дровнаның алдынан өткен мен химиядан тек “бес” алып жүретін болдым. Біз Целиноградтың осы институ­ты­ның ең алғашқы түлектеріміз. Институттан кейін біраз жыл мамандығым бойынша қызмет еттім, ал 1966 жылы ЦАШИ-дің егіншілік кафедрасына қызметке шақырыл­дым. 1970 жылдың басында кан­дидаттық диссертация қорғадым. Топырақтану ҒЗИ-да ұзақ жылдар зерттеген жұмысым артынан жабылып қалып, докторлығымды қорғай алмай қалдым. 1995 жылы Топырақтану ҒЗИ-дың біздегі филиалы жабылатын болды, сосын ауылшаруашылық академиясына ауысып, осы жерде агроэкология кафедрасының ашы­луына мұрындық болдым. Екі жыл бойы барлық жерге қайта-қайта жазып, ректор Бекен Әлімжановтың келісіміне қол жеткіздік-ау, әйтеуір. Ол маған жарайды ашайық, бірақ соған студент келе ме деген еді, мен сіз аштық деп газетке хабарландыру беріңіз, келмесе басыммен жауап беремін, деген едім. Қазір, құдайға шүкір, абитуриенттер қаптап келеді. Міне, 7-8 жыл болды, қазір кафед­рамыз таза экология болды, агросын алып тастадық. Биыл оған 50 адам түсті. Бітіргендер елімізде жұмыс істеп жүр, соның ішінде экология­лық полицияда қызмет ететіндер көп. – Ғылыми еңбектеріңіз туралы да айта кетсеңіз... – Осы уақытқа дейін бес ғылы­ми кітаптың жарық көруіне қатыс­тым. Соның ішінде “Солтүстік Қазақстан егіншілігі”, “Ауылшаруа­шылық экологиясының практи­кумы”, кейін “Жалпы экология” болып екінші рет басылған жоо студенттеріне арналған “Жалпы агроэкология” атты оқулық және т.б. – Осы соңғы оқулығыңыз жөнінде нақтырақ айтсаңыз? – Бұл экология жөнінде қазақ тілінде жазылған тұңғыш оқулық. Ол 50 баспа табақтан немесе 716 беттен тұрады. Бұл оқулық менің өмір бойғы еңбегімнің қорытындысы іспеттес. Оқулық 14 бөлімнен тұра­ды. Ол жалпы экологияның тео­риялық негіздері мен тұжырымда­масынан бастап, аутэкология, де­м­э­ко­логия, синэкология, радио­эколо­гия және т.б. сияқты түрлеріне тоқтала отырып, Қазақстандағы барлық экологиялық мәселелерді жан-жақты қарастырған. Соның ішінде онда өзім ұзақ жылдар зертте­ген топырақ экологиясы да үлкен орын алған. Оқулық студенттерге ғана емес, жалпы экологияға қызы­ғушылық танытатын оқырмандарға пайдалы деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен