• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Қыркүйек, 2010

Бәсекеге қабілеттілік – басты қажеттілік

458 рет
көрсетілді

Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде республика Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жұмыс сапа­ры­мен болды. Көпшілікке белгілі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаев еліміздің ғалымдары мен оқытушылары алдына бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мін­детін қойған болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінде Қазақстанда алғаш рет құ­рылған қоғамдық қамқоршылар инс­титуты ең маңызды үйлестіру органы ретінде жоғары оқу орын­дары­ның жұмысын бақылауды жүзеге асыруда. Университеттің осы қамқоршылар кеңесінің алғаш­қы жиынын оның төрағасы Әділбек Жақсыбеков өткізіп, бұл іс-шара жұ­мысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы­ның орынбасары Мәулен Әшім­баев, Парламент Сенатының Ха­лықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі коми­тетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев қатысты. Қоғамдық қамқоршылар кеңе­сі­нің осы басқосуында университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов баян­дама жасап, онда ол жоғары оқу орнында атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар және маман­дар даярлаудағы іргелі жобалар жөнінде жан-жақты айтып берді. Әсіресе, университеттің инновация­лық кластерін дамытуды бел­сенді түрде қолдауға басты назар аударылуда. Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, ҚазҰУ — республикадағы жоғары оқу орындары арасында өзіндік ерекшеліктері мен артық­шы­лықтары бар оқу орны. Және де оның барлық жүйесіндегі даму фак­торы назар аударарлықтай. Талғат Мұсабаев болса өз кезе­гінде бұл оқу орнында аэроғарыштық салада мамандар даярлауға кірісу жұмыстарының басталғандығын тілге тиек етіп, осы істің Қазақстан үшін маңыздылығына тоқталды. Ал сенатор Қуаныш Сұлтанов сөзінің түйінін: “Мемлекеттің бәсекеге қа­білеттілігі ғылым, біліммен тығыз байланысты. Сол себепті әлемдік тәжірибені қолдана отырып, мұн­дағы қамқоршылар кеңесін жүзеге асырсақ, бұл университеттің да­мы­ған елдер қатарындағы бәсекеге төтеп беруін арттырады”, – деген оймен беркітті. Қоғамдық кеңесте университет­тің базасында бүгінгі күн талабына орай ақпараттық білім орталығы құрылуына қолдау көрсету мәселесі де қозғалды. Университетте болашақ маман­дар­дың кәсіби біліктілігін жетіл­діруге баса назар аударылуда. Оған ҚазҰУ-дің әскери кафедрасын нақты мысалға алуға болады. Мұн­да запастағы әскери қызметкер­лер­ді дайындап, оларды шыңдау өзін­дік талап деңгейінен шығуда. Қам­қор­шылар кеңесінің оты­рысынан кейін Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков бүгінгі заман талабына сай жабдықталған осы кешеннің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.