• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2010

“Теңізшевройл” өзгерістері

635 рет
көрсетілді

Тодд Леви кетіп, оны Тим Миллер алмастырады Бұл күндері “Теңізшевройл” (ТШО) ЖШС компаниясының басшылық құрамында өзгерістер жүруде. Алдағы қазан айынан бастап аталмыш компанияның бас директоры Тодд Леви мырзаның жауапкершілігін Тим Миллер мырза жалғастыратын болады. Алдымен осы уақытқа дейін ТШО-ны басқарып келген Тодд Леви мырза еліміздегі ең биік ма­рапаттың бірі “Достық” орденін алған саусақпен санарлық шетелдік маман екендігін еске сала кетелік. Ол Атырау өңірінде осы лауазымды қызметті атқара жүріп, аймақтың әлеуметтік тұрғыдан түлеуіне хал-қадірінше еңбек сіңірген адам. Төрт жылдан астам қазақ жерінде жұмыс істеген Тодд Леви енді Сан-Раман­дағы (Калифорния) “Шеврон” корпорациясының төрағасы орынбасарының қарамағындағы барлау және өндіру жөніндегі вице-президенті болып тағайындалған. “Теңізшевройл” ЖШС “ҚазМұнайГаз” қоржынындағы не­гізгі қаржының басты активі болып табылады. Біз Тоддтың басшылық жұмысына ризамыз. Тимнің де басшылық қызметі мен бірлескен әре­кетіміздің табысты болуын күте­міз”, дейді “ҚазМұнайГаз ҰК” АҚ-тың басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин. Өзіне құт болған қазақ жерімен қоштасып бара жатқан Тодд Леви қазақстандық БАҚ өкілдерімен соң­ғы рет кездесіп, жыл барысында атқарылған тірліктерді дәйектеді. Қоршаған ортаны қорғау, кадрларды жетілдіру мен өндірісті ұдайы дамыту сияқты өндірістің барлық сатысына талдау жасап, журналистердің ТШО қызметіне қатысты сауалдарына жауап берді. Тодд мырзаның мәлімдеуінше, биыл ТШО қауіпсіздік техникасы бойынша жаңа рекордтық көрсет­кіш­ке қол жеткізіп, оқиғасыз жұмыс күндерінің саны 28 миллион адам-сағатына жеткен. Осы аралықта ілеспе газды алауда жағу мен өндірілген бір тонна мұнайға шаққандағы қалдықтар көлемі 2006 жылмен салыстырғанда 50 пайызға қысқарған. ТШО-да жұмыс істеп жатқан қазақстандық орта және жоғары буындағы басшылар саны 77 пайызға, жалпы қазақстандық ма­­­мандар саны 84 пайызға ұлғайған. Ал Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев Тодд Левиге оң болсын тілей отырып, отыз жылға жуық “Шеврон” корпорациясында жауапты қызметтер атқарып келген Тим Миллердің де тұрғындарды әлеуметтік жағынан қолдау және жергілікті билік органдарымен ынтымақты жұмыстарды жалғасты­ратынына сенім білдіріп отыр. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.