• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2010

Театр фестивалінің тіні – Батыр Бауыржан ерлігі

580 рет
көрсетілді

Мәдениет министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Ұлы Жеңістің – 65, Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған Қазақстан театрларының XVІІІ республикалық фестивалі Тараз топырағында салтанатты жағдайда ашылды. Соғыс зұлматы мен сол сұрапыл жылдардағы ауыл өмірінің ауыртпалығын ауыздықтау аға ұрпаққа оңай болған жоқ. Сондықтан болар, осы уақытқа дейін елдік пен ерлік тақырыбын арқау еткен сахналық шығармалар көптеп жазылды. Бұл жолғы фестиваль тіні де қайғы-мұңы мәңгі бақи бітпейтін тақырыпқа арналыпты. Сахна иелері – жамбылдық өнер шеберлері фестиваль шымылдығын Ш.Айтматовтың “Ана-Жер-Ана” пьесасымен ашты. Көрермендер жүрегіне атымен де, затымен де көп жылдардан бері жол тауып келе жатқан бұл кең тынысты шығарманы жамбылдық режиссер Қ.Қасымов өзіндік қолтаңбамен жаңаша кестелеуге күш салыпты. Сірә, түсінік-түйсігі мен парасат-пайымы жаңаша қалыптаса бастаған көрермендердің ыңғайынан шығуды көздеген сыңайлы. Енді театр қошеметшілері мен батыр тойының қонақтары Шығыс Қазақстан облысынан келген жастар театрының “Солдат кетті соғысқа” (К.То­қаев), Жезқазған қалалық С. Қожамқұлов атындағы му­зыкалық-драмалық театрының “Жаралы гүлдер” (С. Жүнісов), Жамбыл облыстық қазақ және орыс театрларының “Бауыржан Момышұлы” (Е.Әлім­жан) және “Жолдас комбат” (А.Бек) атты спек­такль­дерін тамашалап, өз бағаларын беретін болады. Батыр мерейтойына шығармашылық шашу іспетті ұсынылып отырған Қазақстан театрларының XVІІІ республикалық фестивалі бағдарламасында бұдан басқа да көптеген пьесалар бар. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.