• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2010

Достықтың құдіреті

1052 рет
көрсетілді

Есімі елге елеулі Өмір жолы сан тарау. Ол сені сан алу­ан тезге салып, неше түрлі адам­дармен түйістіреді. Соның қайсыбірі сенің бүкіл болмыс-бітіміңе өзгеше әсер етіп, саналы өмірде сыйлас, қадірлес адамыңа айналады. Ондай адамдар ой қазынаңды толтырып, сенімді серіктес дәрежесіне де көтеріліп жатады. Ертерек дәуірден басталған сондай бір аяулы жан­­дарды елжірей еске аламын. Олар: Мыңбай, Әтен, Төлен, Асқар, Илья, Құдайберген, Сайыпхан, Зейнолла, Ке­рімбек, Сейдахмет, Тұрағұл, Жамбыл, Кө­рік, Тұрсынхан, Махамбетсалы, Әлім­­хан, Шәмші, Сабырхан. Мен кешіп өт­кен өмір жолдары туралы жүрекке жа­зылған кітаптың бұлар жарқын беттері. Кө­ңіл сарайын нұрландырған олардың кес­кін-кейпі көкейден кетер ме, сірә! Со­ларды аңсаймын. Сағынамын. Кездескен сәттерді, айтылған сөздерді, толғаған ой­ларды тебіреніп еске аламын. Қай­та­ланбас қандай керемет кезеңдер еді. Өн­ер, ғылым, білім, өмір жайлы бірінен бірі іліп әкетіп, асыл ойлар ағынын ақтарып отырар едік. Менің саналы өмірімдегі осы бір ерен лектің орны бөлек. Өмірден ертелеу өткендеріне өкініш білдіре отырып, көзі тірілеріне сүйініп, осындай жандармен қатарлас өмір кешіп, сырлас, сыйлас болғаныма шүкірлік жасаймын. Жалпы, ойлап отырсам, тақылет-талайыңа азық боларлық, нәр құя алар адамдардың төңірегіңнен табылуы Ал­ланың берген тағы бір сыйы сияқты қа­зына екен. Достық та солай! “Досты пай­ғамбар қосады” деген халық нақылының негізінде шындық жататын сияқты. Адами қарым-қатынас әлемінде ай­рықша әсер еткен, ойға жетектеген ондай жандардың жөні бөлек қой. Осындай ойлар ауанында отырып, жүйрік көңіл тағы бір қымбат есімді көз алдыма көл­денең тарта береді. Ол – Сейіт Асқарұлы Қасқабасов. Бұл қазір бүкіл Қазақ еліне мәлім есім. Тіпті кешегі Кеңес дәуірінің айтулы мамандарының өзі оның фольклор ілімі жайындағы зерттеулерін өз ізденістеріне таяныш етеді, бедел са­найды, сілтеме жасайды. Оның ғылым­дағы болмыс-бітімі, орны, салмағы туралы ғалымдар, әріптестері, әдебиет майданының айтулы білгірмендері талай-талай әңгіме өрбіткен. Сейіт Асқар­ұлының бұл жайындағы қабілет-қары­мын олардан артық айтармын деп та­ласқандай болмайын деген оймен оның адамдық қасиеттеріне байланысты жай­ларды өз пайымдауым бойынша ғана тілге тиек етуге тырыстым... Бәрі, бәрі қазақтың қара шаңырағына айналған киелі мекен – Ұлттық ғылым академиясынан бастау алады. Ғылым соңында жүрген адамның қолы бос уа­қыты бола бермейді, бола қалса көз­дей­тіні, жанына серік етері – қазақтың әні мен күйі, іздейтіні – соның айтулы өк­ілдері. Осыған арналған кеш, кез­де­сулерге Керімбектің құлағы түрік. Ол әдебиетші М.Әуезов музейінде істейтін. Екеуміздің арамыздағы жолдастық қа­тынас достыққа айнала бастаған кез бо­латын. Оның да жаны күйге, домбыраға құмар. Менің Біржанның “Теміртас” әні­мен әлдиленіп, Тәттімбет пен Төлегеннің қосбасарларына елтіп жүрген кезім. Илья, Керімбек, Асқар, Зейнолла, Талғат бәріміздің басымыз қосыла қалса (оның қисыны табыла кететін) қоңыр домбы­раға ерік беріп, алуан-алуан әндер мен күйдің ауылын шарлайтынбыз. Әсіресе Асқар қазақ музыкасына кәдімгідей ынтық, ұғынуы жүйрік еді. Керімбектің де домбыраға жаны құмар, пікірі зерек. Қазір ойлап қарасам, ғылым, өнер-білім, ән-күй туралы толғайтын өзіндік ортамызды сол кезден-ақ қалыптас­тыр­ғандай түріміз бар екен. Төлеген Мом­бековтің күйшілік өнері жөнінде гу-гу әңгіме тарап жатқан кез. Рахманқұл Бердібаев, Керімбек Сыздықов, Асқар Сүлейменовтердің кеу-кеулеуімен Төле­ген күйлері Қазақ радиосына жазылып, жария бола бастаған. Сейіт пен екеумізді табыстырған осы Төлеген күйлері мен Керімбектің көрегенділігі болды ғой дей­мін. Бір жолы Төлегеннің кешінен бірге шыққан, аяғын сәл ғана сылтып басатын ақсары жігітті Керімбек Сейіт деп та­ныс­тырды. Үшеуміз бүгінгі кештің әсерімен біздің үйден бір-ақ шықтық. Ажары қандай ашық болса, ой-пікірі де анық, өте білімді жігіт екен. Мұның үстіне дом­быраны тартып, тәп-тәуір ән салады. Әсі­ресе халық әндерін, халық компо­зиторларының дүниелерін көп біледі. Соған әуес. Тарихты, шежірені, әсіресе, қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін жетік білетін біліміне тәнті болдым. Әр нәр­седен хабары бар, кейде тіпті қызба­ланып сөйлейтін қасиеті байқалады. Онысы өзіне жарасады. Бұл таныстық тереңдей түсті. Бір-бірімізді шақырысып, отбасы мүшеле­ріміз араласа бастады. Менің анам – Жұ­магүл Нарымбетқызы ақынжанды адам еді. Сейіттің шешесі Аужан апа­мыз­бен бірден шүйіркелесіп кетті. Әужекең кәдімгідей өлең жазады екен. Құдай қос­қан қосағы Асекең (Асқар) қан майдан­нан қайтпай қалған. Бір ұл, бір қызын құшақтап, жастай жесір қалған қуатты, қайратты ана. Сол қайратының арқа­сында ұлын жеткізіп, үйлендірді, қызын бой жеткізіп ерлендірді. Сейіттің жары Тамара адуын ананың сүйікті келініне айналды. Сейітпен екеуі бірге оқыған. Бірін-бірі әбден біліскен, сеніскен керемет отбасына айналған жандар екен. Кейін Тамара Тіл білімі институты “Тер­ми­нология мен аударма теориясы” бө­лімінде ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Оның қазақ қыздарына тән ізеті мен инабатын қызметтес болған сол жылдары анық аңғардық. Біздің Үміт екеуі кейін апалы-сіңлілердей жарасым тауып, керемет бір сыйластық қалыптастырды. Тіпті Үміт “Тома келсе, менің жаным тынады” деп отыратын болды. Содан адамдардың тіл табысып өмір сүруі, әсіресе әйелдердің достасуы өзгеше бір ғанибет екен-ау деген ойға қаласың. Тамара мен Үміттің сыйластығы осындай дәрежеге жеткен қимастық еді. Сейіт пен екеуміздің арамызды одан сайын беркіте түсті. Асып бара жатқан байлығымыз болмаса да дастарқанымыз үнемі жаюлы тұратын. Әрбір отырысымыздың өзіндік мәні болатын. Айтулы ағаларымызды қоңыр дастарқанымыздан дәм таттыруға Үміт те, Тамара да құмбыл. Шамасы, ер жігіттің ырысы әйелдің адалдығы мен ықыласына байланысты болса керек. Солардың шын ниеті бізді жақсылыққа қарай жетелеп тұратын. Тамара сол ниетінен қазір де танбай келеді. Сейіт үйірсек жігіттің бірі болып шықты. Адам бойынан үнемі жақсылық іздейтін қасиеті, іскерлігі, ізденімпаз­дығы, ерен білігі оны белгілі тұлғалармен жанастырды. Зады, адам тағдыры әуелі жаратушыдан, содан соң тәрбие-тағылым алар ортасына орай қалыптасатыны хақ. Сейіт өмірін, өз пайымдауымша, зерделеп отырсам, осындай жандардың ізі айқын аңғарылғандай болады. Ұстазы мықтының – ұстанымы мық­ты деген қанатты сөздің жаны бар. Қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетінің асқан білгірі Н.С. Смирнова оның ұстазы. Ол Сейіттің бойынан болашақ зерттеушіге тән ерек қасиетті ерте таныған. Оны ғылым ордасына қарай жетелеп, әдебиет және өнер институтынан бір-ақ шығар­ды. Оның содан бергі өмірі негізінен осы ғылым ордасымен, яғни Ұлттық ғылым академиясымен тікелей байланысты өтіп келеді. Тіл мен әдебиеттің егіз екеніне үнемі көз жеткізіп келемін. Сейіт әдебиетші, мен тілші. Оның фольклортанушы ретіндегі болмысына тілдің әсері мол болғанын байқаймын. Ал мен тілші бола отырып, әдебиетке жаным құмар адам­мын. Бәлкім, осыдан да болар, екеу­міздің өмірде шүйіркелесе кететініміз. Әйтеуір, Сейіттің филология дейтін ғажайып ілімнің керемет білгір маманы екеніне үнемі сүйсіне көзім жеткендей болады. Тіл десең тілге, өнер десең өнер­ге салсаң, жосыла жөнелетін жүйріктігіне таң қалмау мүмкін емес. Соған қара­мастан “мен білем” дейтін менмендік мінезден мүлде аулақ. Бұл оның бойынан табиғи түрде көрініс беретін, өзінен өзі туындап жататын ізгілік іздері. Осындай тек ғұламаға жарасқан қарапайым мінезі нағыз ғалымның кейпін сомдайды... Жол адамды сынайды, ашады, та­нытады. Сейітпен танысқан екі отба­сының сапарлас сәттері көбейді. Кітап қорларын ақтармалап, кітапханада кө­бірек отыратын кездер еске түседі. Қай­сыбір демалыс сәттерінде, тіпті сенбі, жексенбіде көңіл алаңдап сергуді тілейді. Осындайда Мерке ауданы Аспара деген жерде тұратын Тамараның әке-шешесі еске түседі. Менің ақ “Жигу­лиім” бар. Төртеуміз соған отырамыз да осылай қарай тартып кетеміз. Сәуір, мамыр айларында Жер-ананың бусанып, өзгеше түрлене бастайтын шағы. Әсіресе тауды бөктерлеп, Бішкекке қарай тар­тылып жататын жолдың екі жағындағы алуан гүлге оранған бел, белестер, бусанып жатқан бөктер, беткейлер сезіміңді қозғап, адамды неше қилы ойға жетелейді. Үміт пен Тамара мына табиғат аясында тіпті ажарланып, өзгеше бір көңіл-күй жетегіне еріп алады. Мұндайда Сейіт шабыттың асау тайына мінгендей ұмыт бола бастаған небір халық әндерін шырқай бастайды. Келіншектер үні мұны түрлендіре түседі. Әттең, қазақтың халық әндеріндегі өзгеше қасиетті тілмен айтып жеткізе алмайсың. Тек оны айту керек. Онда да Сейітше түсініп айту керек. Елти тыңдап отырып Сейіттің өзіне ғана тән қоңыр үніне құлақ түремін. Әсіресе сай-сүйегіңе дейін еніп кететін пәлсапалық мәтіндерді жадына сақтай білгеніне тәнті болып отырамын. Мен рульдемін. Көлік ән әуенімен сызып отырады. Қазақ сөзінің ұлылығын осы әндері, күйлері арқылы сан рет дәлелдеп өткен халық қой. Әлгі әуендер мына екі жақтан кілем түріндей боп сырғып келе жатқан ғажап табиғатпен астасып, құбыла, құлпыра түседі. Осындай сезім әлдиіне бөлене отырып Сейіттің жадына таң қаламын. Жастайымнан халық әндерін мен де құлаққа құйып, жаттап өсіп келе жатқан жанмын деп ойлайтынмын. Ал мына Сейіт менен жастау болғанымен осыншама қазынаны ол бойына қалай жинап алған деген әдемі қызғаныш се­зімі көңіл-күйді билейді. Оның те­реңіне бойлап, сырын тапқандай да түрім бар. Ол қаршадайынан әлемдік әдебиет айдыны фольклор тұнығына бас қойған жан. Сол фольклор әлемінің ең бір бай саласы қазақ ауыз әдебиеті екенінде дау жоқ. Сейіт осы шексіз байлықтың теңі­зін­де еркін құлаш сермей алатын қабілетке ие болған жан. Мен мұны әрдайым байқау үстіндемін. Ұзынағаштың аржа­ғындағы оқтай түзу жол кеуделеп барып оңға ойысыңқырайды да Қордай асуы­ның алқымындағы МАИ бекетіне тұм­сық тірейді. Әнді де, көлікті де баяу­­латып бекеттен жайлап өтеміз. Қордай – қазақтың соңғы сал, серісі атанған әйгілі Кененнің өлкесі. “Ей, бұлбұл, сен де бұлбұл, мен де бұлбұл, Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр. Ел-жұрттан мен алыстан жүргенімде Ұшып кетпе, қасымда сайра да тұр. Алатау, сағындым ғой самал желін, Қордайдың көкседім ғой жамал лебін” – деп аңсай шырқалатын Қордай өлкесі ғой бұл. Асудан өткен сайын Кененнің осы өлеңі көкейде тұрады. Сейіт Кененнің де көп әндерін біледі, өлеңдерін жатқа айтады. Қордайдың төбесіне шығып алып жан-жаққа көз салғанның өзі бір ғанибет. Отырған төбесінің биік болғанын қалайтын халықтың ұландары емеспіз бе. Ат тізгінін тартып аздап аялдайық дейді Сейіт мына жердің еңселі тұсын таңдап. Үміт, Тамара дастарқан жайып, термос­тан шай құяды. Қордайдың самалын еркін жұта отырып шай ішеміз. Сейіт Кенен туындыларын еске ала отырып, қазақтың сал, серілері туралы тебірене сөйлеп кетеді. Ақан, Біржан, Естай ән­дерінен де әңгіме қозғайды. Ал бұл де­геніңіз екеумізді де еліктіріп, өнер өлке­сін шарлататын құбылыс қой. Әйтеуір, Аспараға жеткенше әндердің неше атасы айтылады. Үміт пен Тамара да қалыс­пай­ды. Әндеткен көңіл өзінен өзі Әбі­ла­хат, Нұрғиса, Шәмші әндеріне ойы­са­ды. Бұл әндер табиғат төсінде сырғы­тып әндетіп келе жатқан біздің есер кө­ңілімізді одан сайын желіктіріп, желпін­те түседі... Аспара бұрылысы желіккен көңілді баяулата бастайды. Ауылдың орталық көшелерінің бірінде Қабди ақсақал тұрады. Бұл кісі кезінде осы өңірдің өркендеуіне үлес қосқан, колхоз басқар­ған соғыс ардагері, Тамараның әкесі. Шағын екі-үш бөлмелі үйі бар. Ал есік­тің алды, айналасы неше алуан көкөніс, көкөріспен жайнап тұр. Ауланың түкпір жағында аздаған қозы, лақ пен бұзаудың басы қылтияды. Бұл айран, сүті бар үйдің белгісі. Бақшада қызанақ домалап, қияр көз тартады. Көргеніміздің бәрі еңбек жырын айтып тұрғандай. Қабекең бәйбішесі Мәкең (Мария) апай екеуі жаны қалмай жүгіріп жүр. Мейлінше қуанышты. Сейіт пен Тамараның жол­дас­тарын ертіп келгеніне төбелері көкке жеткендей аптығады. Қайран қонақшыл қазағымның қасиеті-ай! Қабди аға сасқалақтап малын жайғап, Мәкең дастарқанын жайнатып салып, қаймақ, қатық, кілегейлері мен бауырсақ, нанын төгіп жатыр. Шай, суан ішіп ентік басқандай болған соң, Сейіт Тамара әке-шешесінің көңілін көтермелеп кеткісі келді ме, төрде тұрған домбыраны алып, күйін келтіре бастады. Бәріміз қосылып шырқаған әннің әсері мүлде бөлек. Үй иелері ерекше шаттанып, желпініп отырды да, бір мезет Қабекең бәйбішесі мен Тамараға қарап “Далаға, есік алдына жай салыңдар. Әнді сыртта айтыңдар, көршілер, ауыл естісін” деп орнынан тұра берді. Көңіл қалдырмадық. Сары самаурынның ысылдаған дауысына елти отырып, Сейіт шерткен әндерді бірінен соң бірін айтып, әбден сергіп алдық. Қабекең мен Мәкеңнің қуанышында шек жоқ. Көңілдері тасып, мерейлері өсіп қалды. Қадірлі қарттардың көңілін тапқанымызға біз де мәзбіз. Сыйлас, қадірлес көрші-қолаңдары келе бастады. Тамараның аға-інілері келіп қауышып жатыр. Ағайынның бары жақсы-ау, шіркін! Шұрқырасып табысып, шүйір­­келесе кетеді. Сейіт те, Тамара да бұл ортаға қадірлі, сыйлы екенін көріп біз де мәз болдық. Үлкен кісілердің көңілін аулап, өзіміз де сергіп, мауық басып алған соң, қимастықпен қоштасып жолға шығамыз. Тамараның анасы мен әкесі елпелектеп, барын тықпалап, қимас се­зім­мен қол бұлғап қала береді. Әлденеше қайталанған бұл сапарлар көңілден ұмыт болар ма, сірә! Ендігі жүрісіміз Оңтүстік сапарла­рына ұласатын. Бұл серуеннің тұсында талай тоқтап, сергіп өтетін жер осы Ас­пара. Біздерді одан сайын қауышты­ра­тын, іштей табыстыра түсетін мұндай қаншама жүрістердің куәсі болдық. Бұл жолдар біздің адамдық болмысымызды мәпелеген, шыңдай түскен жолдар ғой. Таза ауа жұтып, сергігіміз келген тұс­та тартып кетіп, ат тізгінін тежейтін жай­лы бекетіміздің бірі осы Қабекең аулы болатын. Сейіт пен Тамара бұл кісілерді барынша мәпелеп күтті. Тұз-дәмі тау­сылған сәтінде ақ жауып, арулап көмді. Ұрпақтан күтетін рәсім, қызметтің бәрін жасады. Осыларының өзі кейінгілерге үлгі. Адамды осындай ауыртпалықтар есейте, шыңдай түседі екен. Сейіт те, Тамара да көз алдымызда білікті, белді азамат боп қалыптаса түсті. Адам еңбекпен достасып, алға ұмтыла келе талай өрелі биіктерге көтерілуі бек мүмкін. Әкім, министр, академик, т.т. дәрежелерге жеткен жандардың неге екенін қайдам, қайсыбірі көбіне адамдық тұғырдан тайқып, тасыраңдап шыға келетін жаман әдеті бар. Мұны көрген жас ұрпақ кісі болудың жолы осы екен ғой деп адасуы ғажап емес. Осындай ойларға бойлай отырып, Сейіт туралы толғанамын. Ол кітапханада көз майын тауысып, та­лай асыл қазыналарды ақтарды. Н.Смир­­­нова, М.Ғабдуллин, І.Кеңес­баев, М.Ба­зарбаев, С.Қирабаев, З.Ахме­тов, Ө.Жәні­беков сынды тұлғалар қасы­нан табылып, солардың адамдық бол­мыс, бітімінен өзіне керек азық ала білді. Кітаптан ғана емес, көз алдында қатар жүрген тұл­­ға­лардан үлгі, өнеге ала білу де тағдырдың берген ерек сыйы ма деп ойлаймын. Сейіттің оқығаны көп, оқығанын көкейге тоқи білуі тіпті ерек. Тіпті кітап қана емес, тірі адам бойынан көріп, бі­ліп, оқып алғандай көрінетін қабілеті бар. Сол оқып, көңілге түйгенін тұмшалап, өзі­мен өзі тұйықталып, жұмбақ өмір сү­ретін жандар да бар. Мен білгенді өз­ге­лер де білсін, әсіресе келер ұрпақ білсін дейтін де табиғаты кең пейіл жандар же­терлік өмірде. Сейіт, менің байқауымша, осы кейінгі лекке жататын тұлға. Жоғарыда есімдері аталған қаншама ірі тұлғалардың қасында кімдер жүрмеді. Көргендері мен көңілге түйгендері шама­лы жандардың бойынан қандай үлгі табасың? Сейіт кәсібі, ісі, тірлігі, мінез-құлқы алуан-алуан адамдардың қасында қызметтес болды. Қызметтес бола жүріп соларды тануға тырысты. Бір Ісмет Ке­ңес­баевтың өзін алып қараңыз. Аласа­пыран уақытта қазақ ауылында дүниеге келген Ісмет Кеңесбайұлының өмірі сан қилы жолдардан тұрады. Өмірі ізденумен, күреспен, айқаспен өткен ұлы тұлғаның көкірек көзі ашық адамға берері мол бо­латын. Сейіт осы алпауыт адамның алып тұлғасы мен ірі іс-әрекеттерінен өзіне ке­регін ала білді. Әсіресе ғылымдағы ұйым­дастырушылық қарым-қабілет жағынан Сейіттің І.Кеңесбаев пен М.Базарбаевтан көбірек тағылым алғаны байқалады. Ал ғылым мен мәдениет және қоғам қайраткері ретінде Сейітті шыңдаған ме­кеменің бірі – Қазақстан орталық пар­тия комитеті. Сейіттің болмыс-бітіміне, білігіне қызықты ма, бірде оны Ө.Жәні­бек қызметке шақырды. Қазақтың осы бір кесек азаматымен бірге қызметтес болған сәттерін Сейіт әлі күнге елжірей әңгіме­­лейді. Айтса айтқандай, бұл тұс қазақтың рухани әлемінің ұлы тұлғала­рын қайта тірілту кезеңі болатын. Халық жауы ретінде талай арыстарымызды қы­рып салған қасиетсіз қаулылардың күшін жою әре­кетінің басы-қасында болуы Сейітті қай­раткерлік дәрежеге көтерді. Ол аруақтарға қызмет жасап, солардың батасын алғандай болды. Заманында әділетсіздіктің ауыр азабын арқалап дүниеден өткен ұлылардың әруағын тірілтуге қызмет ету арқылы ол өзінің не­гізінде бар тектілікті шыңдады. Тәуелсіз еліміздің еңсесін көтеріскен еңселі аза­маттардың біріне айналды. Бұл оның аза­маттық болмысын танытатын қабі­­ле­тін көрсетсе, адамдар арасын біріктіре түсе­тін келесі бір ерек табиғаты оның дос­тыққа деген адал ниеті дер едім. Сейіт бойындағы қастерленетін ұлы қасиеттің бірі осы достық құдіреті. Құрметті оқырман, бұл сөзім – дос туралы сырдың бір лебі ғана. Адам бір-бірінің қадір-қасиетін танып, біліп жүрсе ғана өмір мәнді әрі сәнді болмақ. Сол мәнді де сәнді өміріміздің бізге Алла бұйыртқан бір сәті осындай еді. Қатар жүріп, мағыналы өмір кешіп келе жатқан асыл достың амандығын тілеуден ізгі не бар мына жарық дүниеде?! Ол айна­ласына ақыл-оймен нұр шашып жүрген жанның бірі ғой. Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ.