• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2010

Игеруге де икем керек

529 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі пленарлық отырыстың күн тәртібінде  2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы  Заңға  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы  талқыға түсті. Сонымен, биылғы жылғы республикалық бюджеттің түсімі 3 517,8 миллиард теңге, ал шығыс 4 321,4 миллиард теңге болып белгіленді. Бұл қолданыстағы бюджетпен салыстырғанда 139,4 миллиард теңгеге артық. ІЖӨ-нің нақты өсімі 5 пайыз деңгейінде бағаланса, ол биылғы жылғы болжамнан 3 пайызға жоғары. Мұнайға орташа әлемдік баға 65 АҚШ доллары болып сақталып қалды. Инфляция 6-8 пайыз деп белгіленген. Бюджет кірістерінің нақтыланған есебі 169,1 миллиард теңге болса, соның 78,6 миллиарды мұнайға экспорттық кедендік баж енгізу, 43,1 миллиар­ды ҚҚС қайтару сомасын төмен­дету, 25 миллиарды бекеттік-ке­ден­дік тексеру нәтижелері бойынша біржолғы түсімдер, 18 миллиарды номиналдық ІЖӨ-нің артуы, 2,4 миллиарды Kazakhmys PLC пен ENRC PLC-тан (Ұлыбритания) дивиденд төлеу есебінен және өзге де кірістерден түсіп отыр. Осы ретте 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама­лар­ды жүзеге асыру үшін 89 мил­лиард теңге көзделіпті. “Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ” газ құбырын салуға 37,5 миллиард теңге, “Kazіna Capіtal Management” АҚ-тың жар­ғылық капиталын арттыруға – 15, “Инвестор-2020” шеңберінде “Қор­ғас” шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы” АҚ-қа – 12,1, “Қорғас-Жетіген” темір жол желісін салуға – 10,1, “Өзен- Түркіменстан мемлекеттік ше­кара” темір жол желісін салуға –7,5, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ арқылы “Шар- Өскемен” темір жол құрылысын несиелеуге –3,6 және Балқаш ЖЭС-ін салуға 3,2 миллиард теңге қарастырылыпты. Депутаттар осы ретте заң жоба­сы бойынша баяндамашы болған Қаржы министрі Болат Жәмішев пен Үкімет мүшелеріне бірқатар сұ­рақтар қойды.  Соңғы кезде азық-түлікке деген баға 5,5 пайызға өс­кен. Қуаныш Айтаханов, әсіресе, ұн­ның  және өзге де ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының бағасы біртіндеп өсуге бет алғандығымен бөлісті. Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ақылбек Күрішбаев астықтың тоннасы 180 доллардан аспайтындығына, әрбір облысқа тиісті мөлшерде жеткізіліп тұра­тын­дығына сендірді. Ал өзге да­қыл­дар түрін шекарадан асырмай­мыз, деді министр сенімді түрде. Тағы бір көтерілген мәселе – электр қуатына деген бағаның кеш­кі мезгілдерде 4-5 есеге қымбат­тауы. Бұл кешкі мезгілдері жұмыс істейтін кәсіпкерлерге, әсіресе, фер­мерлерге үлкен қиындықтар ту­ғызып отыр, деді Қожахмет Байма­ханов. Қысқы VІІ Азия ойындарын өткізу шараларына қатысты 33,5 миллиард теңге қарастырылса, сон­дай-ақ спорт нысандарын салуға 200 миллиард теңге бөлінгені бел­гілі болып отыр. Құны 338 мил­лиард теңге болатын 72 жобаның жүзеге асуы барысы туралы ақпарат жазбаша түрде берілетін болды. Бал­қаш ЖЭС құрылысына қатысты инвесторлармен келісімдер әлі жүргізілуде екені де айтылды.  Тағы бір жаңалық – партияларды бюджеттен қаржыландыру үшін 5 миллиард теңгенің қарастырылуы. Осылайша өз ойлары мен сұ­рақтарын ортаға салған сенаторлар бюджет саясатын жетілдіру туралы талап қойып, оның орындалуын қамтамасыз ететін мемлекеттік бағ­дарламалар әкімшілеріне деген жауапкершілікті күшейтуге баса назар аударды. Игерілмей қалған 130 миллиард теңгенің жайын тал­қылаған депутаттар бұл қомақты қаржыны ерекше инфрақұрылым жобаларын бюджеттік қолдауға, әлеуметтік сала нысандары құры­лыс­тарын салуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ба­ғыттау керек пе еді деген ойларын білдіріп қалып жатты. Еліміз бен Тәжікстан арасын­дағы Өтеусіз әскери көмек көрсету туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы да қолдауға ие болды.  Екінші оқылымда қаралған  кейбір заңнамалық актілерге  көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу  туралы заң жобасына жүзден астам өзгерістер ұсынылып, олардың отыздан астамы енгізілгені белгілі болды. Заң жобасы Мәжіліске жіберілді. Жалпы отырыста  кейбір заңна­малық актілерге баланың құқықта­рын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заңдық құжат бірінші оқылымда мақұлданды.  Заң жобасында ұрлық жасағаны, тонағаны   және қорқы­тып алғаны үшін адамның қылмыс­тық жауаптылығы  жасын  14-тен 16 жасқа өзгерту көзделген. Кәме­лет­ке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы  қылмыстар немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де  іс-әрекеттер үшін Қылмыс­тық кодекстің санкцияларын қатайту да қарстырылған.   Екінші оқылымға әзірлеу үшін заң жобасы Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетіне тапсырылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.