• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2010

Тіл – елдігіміздің негізі

909 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: “Біз барша қазақстандықтарды бірік­тіру­дің басты факторы болып табы­латын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді са­луы­­мыз керек. Сонымен бірге елі­мізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөй­леп, оқи алуына, оны дамытуға қо­лайлы жағдай тудыру қажет” – деп, тіл дамыту мәселесінің маңы­зын аша отырып, Үкіметке арнайы бағдарлама жасау жөнінде тапсыр­ма берген еді. Енді, міне, Мәдениет министрлігі дайындаған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы халық­тың назарына ұсынылды. Бағдарламада оны іске асыру­дың төрт мақсаты анық көрсетіл­ген: Мемлекеттік тіл – ұлт бір­лігінің басты факторы; Мемлекет­тік тілді кеңінен қолдануды көп­шілікке тарату; Дамыған тіл мә­де­ниеті – зиялы ұлттың басты күш-қуаты; Қазақстан халқының линг­вистикалық капиталын дамыту. Бағдарламада осы мақсаттарға қандай міндеттерді шешу арқылы қол жеткізілетіні, мақсатты инди­каторлар және оны іске асыру нә­ти­желерінің көрсеткіштері берілген. Әр міндетке қол жеткізу жолдары және қолданылатын шара­лар жүйе­сі жазылған. Бағдарлама үш кезең­де жүзеге асырылатын болады. Әр кезеңде атқарылуы тиісті іс-шара­лар да болжанған. Бағдарлама жобасы осындай ұстанымдарға негізделіп, тиянақты дайындалған. Жоба авторлары тіл дамытуға қатысты түйінді проблемаларды дәл тапқан және оларды шешу жол­дарын ұсынған. Бірінші проблема, тілге деген қоғамдық сұранысты қалыптастыру, екінші – тілдік қо­ғам­дық орта құру, үшінші – тіл оқытудың сапалы жолдарын жасап, оларды іске асыру. Енді осы проб­лемаларға қатысты өз ойымызды ортаға салып көрейік. Басты мақсат қоғамдық сұра­нысты қалыптастыру. Сонда “қан­дай ізгі іс-әрекеттер жасалған жағ­дайда қоғамда тілге деген сұраныс қалыптасады?” – деген орынды сұрақ туындайды. Біздің ойымыз­ша, еліміздің барлық лауазымды мекемелерінде еңбек ететін барлық қызметкерлер қазақ тілінде еркін сөйлеген жағдайда, қоғамда тілге деген шынайы сұраныс қалыпта­сады. Бір ғана мысал келтірейік. Келешекке ұмтылған бала үлкен лауазымды қызметте отырған аға-апайларға қарап, солардың тыныс-тіршілігінен сабақ алады, сондай болсам деп талаптанады. Аға буын өкілдері қандай болмасын үлкен жиындарда, салиқалы отырыстарда қазақ тілінде сөйлеп отыратын бол­са, онда жас ұрпақ, ең алдымен, қазақ тілін жетік меңгеруді өзіне мақсат тұтып, сол мақсатқа жетуге талпыныс жасар еді. Бұл талас тудырмайтын шынайы шындық. Осы орайда айтар ұсынысымыз, осындай мекемелерге жеке-жеке сұраныс жасалып, оларда еңбек ететін қызметкерлердің неше жыл­дан кейін толық қазақша сөйлей алатындары анықталса. Елбасы Н.Ә.Назарбаев тіл мәсе­лесіне келгенде қашанда асығыстық жасамай, бұл мәселені үлкен түсі­ністікпен шешу қажеттігін үнемі еске салады. Біз бұны ескеруге тиістіміз. Сондықтан, әр мекеме қыз­меткерлері өз ойын еркін айту құқығында болғандары абзал. Мүмкін үш жыл, мүмкін бес жыл, мүмкін тіпті жеті жыл қажет болар. Әйтеуір бір мерзім белгіленіп, меже анықталса. Сол межеге қарай көш те жүре түзелер еді. Екінші проблема – қоғамдық орта қалыптастыру. Бұл өте терең мәселе. Оған бала тәрбиесі, бала психологиясы тұрғысынан келген дұрыс болар деп ойлаймыз. Бүгінгі күндері бала тәрбиесінде, бала психологиясының қалыптасуында басты рөлді теледидар атқарады. Ата-аналардың балаларымен бірге болуына қолдары тие бермейтін және бір үйде бірлі-екілі ғана бала бар заманда, бала ертелі-кеш теле­бағ­дарламаларды қараумен күн өткізеді. Содан, ертелі-кеш көретін бағдарламалар балаларымызға не үйретіп, қалай тәрбиелеп жатыр? – деген орынды сұрақ туындайды. Сұрақтың үлкені де осы. Қазір барлық үйде кабелдік теледидар бар. Сол теледидардың балалар қы­зы­ға қарайтын үш каналы “Nіckelo­deon” (“Никелодеон”), “Jetіx” (“Джетикс”), “Cartoon Network” (“Катун Нетворк”) күн­діз-түні мультфильмдер көрсетеді. Барлық фильмдер тек орыс тілінде ғана көрсетіледі. Осы фильмдерді көріп өскен балалардың тілдері негізінен орыс тілінде шығады. Тек орыс тілінде ғана мол мағлұмат алған балаға қазақ тілінде неге сөйлемейсің деудің өзі ағаттық болады. Себебі, оған өзіміз кінә­лі­міз. Оған бала өсіп келе жатқан орыс тілді орта кінәлі. Орта қандай тілде сөйлесе, бала да сол тілде сөйлейтін болады. Ал 6-7 жасқа дейін тек орыс тіліне икемделген балаға қазақ тілін үйрету қиын болады және ол оңайлықпен шешілмейді. Бұл арада тілмен бірге бала психологиясының да қалыпта­с­атынын ескерген абзал. Қазіргі уақытта кабелдік теле­каналдармен қамтылған жерлердің барлығында жас балалар қазақ тілі­не қарағанда орыс тіліне бейім бо­лып өсіп келеді. Көпшілігі тіпті қа­зақ тілін білмейді де. Бұл проб­ле­ма­ны шешудің бір ғана жолы бар, ол телеканалдарды қазақша сөй­лету. Түрік елінде бұл проблема то­лық шешілген. Түркия теледидары­ның балаларға арналған барлық каналдары тек түрік тілінде ғана сөйлейді, барлық мультфильмдер де түрік тіліне аударылған. Түрік бала­сы түрік тілді ортада өсіп жетіледі. Тағы да бір ерекше көңіл ау­дара­тын жағдай, қазір дүние жү­зінде бейнезорлық ерекше етек алып тұр. Теледидардан балалар­дың көретін хабарларының дені зорлық-зомбылыққа негізделген дүниелер. Мұндай көріністердің балалардың психологиялық-физио­логиялық денсаулықтарына кері әсер ететіні, жас жеткін­шектердің қылмыс жасауларына негізгі себеп болып отырғандығы дүние жүзінің барлық елдерінде ондаған жылдар бойы жасалған зеттеулер нәтиже­сінде толық дәлелденіп отыр. Қазақстанның теледидары бү­гінгі күндері ең лас теледидар­лар­дың қатарында. Ресейде “Дет­ский мир” және “Теленяня” деген ка­нал­дар балаларға арналған тәрбие­лік мәні зор мультфильмдер мен арнайы хабарлар беріп тұрады. Ал бізде “Балапан” телеарнасы жуырда ғана ашылды. Енді бұл арнаға артар үміт мол. Балаға тіл үйрету мен бала тәр­биесі мәселесін бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Себебі, бұлар өте астарлас проблемалар. Бірінсіз бірін шешу де мүмкін емес. Олай болса, теледидар хабарлары мен теледидар тазалығы мәселе­лерінің негізіне балаларға мемле­кет­тік тілді үйрету мен рухани адам­­гершілік тәрбие беру мәселе­лерін қатар қою керек. Осы жәйт­тер де бағдарламада ашық айты­лып, оның шешілу жолдары көр­сетіл­се, үлкен бір түйінді мәселе шешілген болар еді. Бір-екі жасынан бастап мектеп жасына жеткенше қазақша теледи­дар көріп өскен баланың тілі мін­детті түрде қазақ тілінде шыға­ды. Ал қазақ тілінде балалар қы­зыға көретін “Балапан” телеканалы ізденіспен жұмыс жа­сай­тын болса, онда баланың бо­йын­да қазақы психология, ұлт­тық қасиет пен рухани байлық қалып­тасар еді. Тіл бағдарламасының басты мақсаты да осы емес пе?! Үшінші мәселе, тіл үйрету жү­йе­­сін қалыптастыру. Осы уақытқа дейін бұл мәселенің шешілмеуі ұятты жағдай. Қазақ тілін үйрету әдістемесі дұрыс жасалған болса, орыс тілінде дәріс беретін мек­теп­терде он жыл бойы қазақ тілін оқы­ған жүз баланың, ең бол­мағанда оны таза қазақша сөйлер еді. Қазір сол жүз баланың бірде- бірі қазақша еркін сөйлей алмайды. Бұл жағдайдың етек алуы қазақ тілін оқытудың жақсы әдістемесі мен оқу құралдарының жасалмай отырғаны екенін мойындауымыз керек. Бағдарламада, қазақ тілін сапалы оқыту мәселесіне байла­нысты нақты ұсыныстар айтылған, солардың ғылыми негізде орын­далуын іске асыру қажет. Жалпы тіл мәселесіне қатысты өмірде орын алған екі жағдайды ай­та кетсем деймін. Осыдан біраз жыл бұрын Германияның Кельн қала­сын­да іссапарда болдым. Түс кезін­де ас ішуге түрік асханасына бетте­ген едім. Алдымда арқаларына оқу сөмкелерін асынған үш кіш­кене бала кетіп бара жатты. Үшеуі әр нәрсені айтып таза неміс тілінде сөйлесіп келеді. Бір бала қалған екеуімен қоштасып, бұрылып кетті. Сол-ақ екен, қалған екі бала бір бірімен таза түрік тілінде сөйлесе бастады. Мен мұны бірден байқап, таң тамаша болдым. Мен ас ішейін деп келе жатқан асханаға олар да кірді. Байқаймын, сол бала­лар іш­те­гі түрік азаматтарымен де, бір ауыз неміс тілін аралас­тырмай, таза түрік тілінде сөйлесіп жүр. Со­дан орайын тауып, асхананың иесі­мен таныстым. Жасы қырықтан асқан, қарапайым түрік азаматы. Аты Ха­сан. Жаңағы екі жеткіншек осы кісі­нің балалары екен. Екеуі де осын­­да дүниеге келген. Түркияда бір рет қана болған. Осы жайларды бі­л­геннен кейін мен Еуропаның ор­та­сында жүріп екеуінің бір-бірі­мен таза түрік тілінде сөйлескен­деріне қатты риза болғанымды айт­тым. Менің сөзімді Хасан түсі­нің­кіре­мей, “сонда екі түрік баласы бір бірімен қай тілде сөйлесулері керек. Егер олар осы жасынан бас­тап түрік тілінде сөй­леспесе, кейін қалай бо­ла­ды. Түрік тілін білмеген баланың бойын­да түрік азаматы­ның қасиеті қалып­таса ма?” – деп, маған қайыра сұрақ қой­ды. Мен әңгіменің бұлай бұры­латынын күт­пеген едім. Хасанға қатты риза бо­лып, оның ойын толық мақұл­дай­ты­нымды білдірдім. Хасан бала­лары­ның жас­тайынан түрік теле­арналарын үз­бей көріп келе жат­қа­нын және ол арналарды асқан құмарлықпен кө­ретіндіктерін айт­ты. “Тек менің ба­­ла­ларым ғана емес, осындағы бар­лық түріктердің бала­лары бір-бірі­мен тек түрікше сөй­леседі. Олар Тү­рік елін, оның әдет-ғұрыптарын, түрік баласының бойында қандай қа­сиеттер болу қажеттігін жақсы біледі. Соның көбін олар телехабар­лар арқылы түсініп, біледі” – деді Хасан. Содан Хасан елін сағынатынын, түбінде еліне қайтатынын, бірақ қазір сыртта жүрсе де шама-шарқы келгенше еліне қолдау көрсетіп отыр­ғанын, өзі сияқты сыртта жүрген барлық түрік азаматтары да өз елдерін қолдайтынын айтты. Мен қалай қолдайтындарын сұра­дым. Хасан бар түрік азаматтары ақшаларын тек түрік банктеріне салатынын айта келіп, елде қаражат көп болса, елдің экономикасының дамуына оның пайдасы тиеді ғой деп, ойын бір тиянақтап қойды. Мен шет елдерде жүрген қара­пайым түрік азаматтарының бала тәрбиесін дұрыс жолға қоя білгендеріне, бойларында халқына деген зор құрмет, еліне деген шынайы патриоттық сезімдерінің болғанына қатты риза болдым. Енді бір жағдайды таяуда ғана Түркияда дем алып келген таныс­тарым айтты. Бірде кешкі астарын ішіп болғаннан кейін, бірдеңені біл­мек болып, даяшы жігітті әңгі­ме­ге тартыпты. Орайы келгенде жаңағы жігіт өзінің де бір сұрағы бар екенін айтып, соны қоюға рұқ­сат сұрапты. Содан алдымен бұлар­дың қазақ екендерін сұрап, соны біліп алғаннан кейін: “Мен осында бірнеше жыл жұмыс жасаймын. Мұнда қазақтар көп келеді. Бірақ бәрі де тек орыс тілінде сөйлеседі. Айтыңыздаршы, қазақтардың өз тілі бар ма, жоқ па? Бар болса, сіз­дер неге өз тілдеріңізде сөйлес­пейсіздер?” – деп сұрапты. Бұл жағдай мені қатты ойлан­дырды. Шет елдерде демалыста болатын қазақтар жағдайлары бар, белгілі бір деңгейде білім алған, қоғамда да өз орындары бар жан­дар ғой. Сонда солар ана тілдерінде неге сөйлемейді? Ата-бабамыз мирас етіп кеткен кең байтақ жерде тұруға, осы кең байтақ жердің ұлан-ғайыр кен байлығын еркін иемденуге, осында көсіле өмір сүруге арланбаймыз да, сол ата-баба тілінде сөйлесуге арланатын болғанымыз ба? Біздер, қазақтар басқа ел адамдарының алдында неге осындай күйге түстік? Еуро­паның дәл ортасында жүрген қара­пайым түрік азаматтарының, тіпті олардың кішкене бала­ларының бо­йында, еліне, жеріне, тіліне, діліне деген зор құрмет сезім қалай ұяла­ған? Егеменді ел болып, Тіл заңы қабылданғанына да жетерліктей уақыт болды ғой, сонда осы уақыт ішінде санамызда өзгеріс бол­мағаны ма? деген сұрақтар еріксіз мазалай бастады. Жасыратын несі бар, қазіргі уақытта Астана, Алматы қала­ларында тұратын қазақ жастары бір- бірімен тегіс дерлік тек орыс тілін­де сөйлесетін болды. Тіпті егде тар­тып қалған қазақтардың өз не­мерелерімен, тіпті тілдері кел­месе де орысша сөйлесіп жүргендерін де көретін болдық. Оның себебін сұрасаң, “мына немерем қазақша ұқпайды, енді не істейін?”, – деп өзіңе қайыра сұрақ қояды. Қалыптасып келе жатқан осын­дай қауіпті жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек? Біз осы бағ­дар­лама аясынан тыс, бір шешім қабылдауды ұсынған болар едік. Қазір Астана және Алматы қа­ла­ларында Қысқы Азиялық олим­пиада ойындарының басталуына қанша күн, сағат қалғанын көрсетіп тұратын арнайы жасалған элек­трондық белгілер орнатылған. Олим­пиада ойындары аяқталған­нан кейін сол белгілер елімізде мем­лекеттік тілді дамытуға пайда­ланылса. Ол үшін, біз жоғарыда айтқан алғашқы ұсыныс аясында, еліміздің барлық құзіретті мекеме­лері қызметкерлерінің қанша жыл­дан кейін қазақ тілінде еркін сөй­лей алатындары анықталса. Ең соңғы айтылған мерзім негізге алы­нып, сол күн электрондық белгі­лерде қазақ тілінің кеңінен қанат қағып, барлық лауазымды мекеме­лерде еркін қолданысқа кіретін күні ретінде белгіленіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Мақаланы қорытындылай келе, талқыланып отырған бағдарламада төменде айтылған мәселелер де ескерілсе дейміз: – еліміздің лауазымды мекеме­лерінде жұмыс жасайтын барлық қызметкерлердің қазақ тілінде еркін сөйлей алатын мерзімі анықталса; – медиазорлықты насихаттауға тосқауыл қойылса; мектепке дейінгі балаларға, төменгі, орта және жоғары сынып оқушыларына, студенттер мен ересектерге дүние жүзіндегі тіл оқыту тәжірибесінің озық әдісте­ме­лерін басшылыққа ала отырып, қазақ тілін сапалы оқытудың ғы­лыми негізі жасалынса және ол іс-тәжірибеге енгізілсе. Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.