• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Еуропаға жолдың белестері

789 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жексенбінің талма түсінде Астанада басталып, Еуропаның төрінде бейсенбінің бесінінде түйінін түйген Шенген аймағындағы екі ел – Бельгия мен Францияға жасаған бес күндік ресми сапары аяқталды. “Бұл барыстың басқадан бағы бөлек” демекші, шынында да бұл жолғы сапардың жөні бұрынғыларынан бөлегірек болды. Ол біздің ертеңге қол созған егемен еліміздің еңсесі тіктеле беруіне тікелей себепкер болатын сапарлардың біріне айналды. Бұл сапар жөнінде Президент Француз Сыртқы және еуро­па­лық істер жөніндегі министр­лі­гінде өткен Париж хартиясының 20 жылдығына арналған конфе­рен­циядан шыққан бойы ғимарат алаңында отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында берген брифингінде де атап өтті. “Біз Брюссель мен Парижге жасаған сапарымызды аяқтап келеміз, – деді Мемлекет бас­шысы. – Екі елге сапар біздің елі­міз үшін барынша маңызды және қажетті болды. Брюссельде Еуропа Одағымен әріптестікті ұзарту мен Қазақстанның Бүкіл­әлемдік сауда ұйымына кіруіне қолдау алу жөнінде келісімге келдік. Мен осы күндері Париж хартиясының 20 жылдығын атап өтіп жатқан Францияға келуімнің тарихи мәні бар деп білемін”. Қазақстан Республикасының Президенті Франция мен Қа­зақстан арасындағы экономи­ка­лық байланыстың сапалық жаңа белеске шыққанын тілге тиек етті. “Біз екі елдің іскер адамдары арасында жалпы көлемі 2 мил­лиард долларды құрайтын эконо­микалық келісімдер жасалуына мұрындық болдық. Энергети­ка­лық кешенде “Тоталь” компания­сымен құны 10 миллиард доллар болатын ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Ең бастысы, біз Фран­цияда күн энергиясын пайдалану іспеттес қазіргі заманғы маңызды жобаны өзіміздің елде қолда­на­тын болып барамыз”. Мемлекет басшысы осының орайында энер­гияның таусылмас көзі болып саналатын бұл салада да тиісті келісім жасалғанын ауызға алды. Елбасының пікірінше, күн батареясы Қазақстанды жаңа технологиялық деңгейге көтеретін болады. Президент Нұрсұлтан Назар­баев бұдан әрі Қазақстан мен Франция арасында уран шикі­за­тын кешенді өңдеп, сирек кезде­се­тін металды ауыл шаруа­шы­лығы өндірісі өнімдерін өндіруге қолдану жөніндегі маңызды шешімге қол жеткізілгенін айтты. Сол сияқты Астанада электровоз зауытын салу жөнінде де өте бір тиімді шешім қабылданған. Біздің елімізде француз моделінің тік­ұшақтарын құрастырып, өндіріске шығару жайында да келісімге қол қойылды. Екі ел кәсіпорындары арасында республикамыздың ин­дустриялық-инновациялық бағ­дарламасында қарастырылған жо­баларға қатысу жөнінде де уағдаластыққа қол жеткізілді. Елбасы бұдан кейін екі елге сапар барысында да алдағы жел­тоқсан айының басында Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммитіне қызығушылық деңгейі өте жоғары болып отырғанын айтты. “Еуропа лидерлері бұл Саммитті біздің еліміздің жоғары деңгейде өткізе алатынына сенім білдіріп отыр, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы осы орайда. – Ал біз оны сол деңгей­де өткізетін боламыз”. Енді осы сапар бағдарлама­сына аздап шолу жасап өтейік. Ол бұдан бұрын хабарлағаны­мыз­дай, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың 24 қазан күні кешке Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Жан-Клод Юнкермен кездесуінен басталды. Ал Бельгия жеріндегі бірінші ресми кездесу 25 қазан күні түске таяу Еуропа Кеңесінің президенті Херман ван Ромпеймен өтті. Бұл жүздесу жоғарыда аталған екі өзекті мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Кеңес президенті бұ­қа­ралық ақпарат құралдары өкіл­дері алдында жасаған мәлім­де­месінде Қазақстан мемлекетінің басшысын қатты құрмет тұтаты­нын ашып айтты. Ол біздің Ел­ба­сымен биылғы сәуірдегі кездесуде бастау алған сыйластық­тың одан әрі тереңдей түскенін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы он жыл екі жақты байланыстың едәуір нығаюына қызмет еткен. Саудадан бастап, энергетика мен қоршаған ортаны қорғауға, ғылыми-зерттеулерге дейінгі аралықта көп­теген тиімді қарым-қатынас қолға алынған. Ол екі арадағы ынты­мақ­тастық келісімінің 2009 жылы жа­ңарғанын айта келіп, қазіргі күннің толғандырар халықаралық мәселе­ле­рі жөнінде де Нұрсұлтан На­зарбаевпен пікірлері үндес шық­қанын білдірді. Қазақстан – Ор­талық Азия аймағындағы іргелі мем­лекет, сондықтан бұл ел осы ай­мақтағы ахуалға да жауапты. Иран­дағы ядролық бағдарлама да бірлесіп ойласатын мәселе болуға тиіс. Қазақстанға Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде осы­ның бәріне араласуға тура келеді. Еуропа Кеңесінің президенті осындай ойларға қазық байлады. Кездесуде Қазақстанда жүзеге асып жатқан “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы мен Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі Стратегиясы шеңберінде Еуроодақпен өзара үйлескен іс-қимыл жасасудың мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл ынтымақ­тас­тықтың басым бағыттарына аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жал­пы қауіп-қатерлерге байланысты бірлесе әрекет жасасу жатады. Сауда және инвестиция, энергетика және көлік, білім және ғылым, қоршаған ортаны қорғау сала­ла­рын­да өзара ынтымақтастық арна­сы кеңейе түспек. Сонымен қатар шикізаттық емес салаларды дамыту мен Қазақстанның инфра­қ­ұ­ры­лымын модернизациялау аясын­дағы ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлінді. Келіссөзде халық­аралық саясат мәселесіне қатты назар аударылды. Олардың қата­рында халықаралық қауіпсіздік тақырыбы, Ауғанстан проблемасы, Қырғызстандағы оқиғаларға байла­нысты Орталық Азиядағы жағ­дай­дың өріс алуы, сондай-ақ жаһан­дық қаржы-экономикалық дағда­рыс­тың зардаптарын жою мәсе­лелері бар. Қазақстан Президентінің НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен кездесуі бары­сында Қазақстан мен НАТО ара­сындағы қызметтестіктің қазіргі ахуалы мен келешегі, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері ортақ әңгіменің арқауы болды. Осы әңгіменің негізінде Қазақстанның НАТО жанындағы Әскери өкілі тағайындалды. Қазақ­стан Ауғанстандағы халықаралық күштерге жүк жеткізу үшін әуе және темір жол дәлізін ұсынады. Сонымен қатар біздің әскери қызметкерлеріміз халықаралық күштер штабында оқып-үйрену үшін жіберілетін болып шешілді. Кездесудің тағы бір нәтижесі, НАТО-ның таяуда Лиссабонда өтетін саммитіне Қазақстаннан делегация қатыстырылатын болды. Президент Нұрсұлтан Назар­баев осыдан кейін Еуропа Инвес­тиция банкінің президенті Филипп Майштадтпен кездесті. Банк төр­ағасы биылғы шілдеде Астанада болған сапарында Қазақстанға жалпы сомасы 1,5 млрд., жыл со­ңына дейін 100 млн. еуро көле­мінде несие беретін болып қайтқан еді. Бұл жолы сол келісімнің ай­шықтары анықталып, үш жақты Меморандум дүниеге келді. Бұл маңызды құжатқа “Самұрық-Қа­зы­на” ұлттық әл-ауқат қоры” ак­цио­нерлік қоғамы, Қазақстанның Даму банкісі және Еуропа Ин­вестиция­лық банкісі басшылары қол қойды. Ал кешке қарай Елбасы Бель­гияның Премьер-министрінің міндетін атқарушы Ив Летерммен жолығу нәтижесінде екіжақты үш түрлі құжатқа қол қою рәсімі бо­лып өтті. Олар “ҚР Республикалық бюджетінің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен Бель­гия Корольдігі аудиторлық соты­ның арасындағы өзара ынтымақ­тас­тық туралы келісім”, “Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Бельгия Корольдігі кеден және акциздердің федералды қаржы қызметі әкімшілігі арасындағы Өз­ара сауда жөніндегі статистикалық мәліметтер алмасу туралы мемо­рандум” және “ҚР Ұлттық ядролық орталығы, “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық компаниясы және Бельгия ядролық зерттеу орталығы арасын­дағы Өзара түсіністік туралы мемо­рандум” деп аталады. Кездесудің қорытынды­сында сондай-ақ екі жақты сауда-экономикалық байла­нысты нығайту үшін Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесін құру туралы келісім жасалды. Мемлекет бас­шысының Бельгия Королі Альберт Екіншімен кезде­суінде осын­да келісілген келісімдерге сәй­кес екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тықты нығайту тетіктері талқы­ланды. Президент Нұрсұлтан Назар­баев Бельгия Корольдігіне ресми сапарының екінші күні, 26 қазанда Брюссельдегі медициналық орта­лықты аралап көрді. Онда да біздің еліміздің денсаулық сақтау саласы алатын озат тәжірибелер аз емес екен. Дегенмен, бұл күннің басты кездесуі Еуропа Комиссиясының президенті Жозе Мануэл Баррозу­мен өтті. Оның алдында Қазақстан Статистика агенттігі мен Еуропа Комиссиясы арасында Статисти­калық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік меморан­думына қол қойылды. Елбасының 27 қазанда бастал­ған Франция Республикасына ресми сапары негізінен төрт іргелі кездесуден құралды. Олардың бірін­шісі “Ритц” отелінде өткен қазақ-француз бизнес-форумы болса, екіншісі, әлбетте, Франция Президенті Николя Саркозимен, үшіншісі Премьер-министр Фран­суа Фийонмен кездесу болды. Содан соң Париж хартиясының 20 жылдығы кең ауқымда аталып өтті. Бұларда қандай мәселелер талқы­ла­нып, нендей шешімдер қабыл­данғанын жоғарыда Президенттің брифингінде айтылып өткендіктен, сол сияқты кешегі материалымызда барынша жан-жақты айтып бер­ген­діктен, қайта тоқталып жатқанды жөн көрмедік. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы­ның аталмыш екі елге сапарының қорытындысы күткендегіден де асып түсті. Серік ПІРНАЗАР, “Егемен Қазақстан” – Парижден.