Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде биылғы жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығының жанынан Қазақстан-Француз технологиялар орталығы өз жұмысын бастады. Осыған орай “Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы” АҚ-тың басқарма төрағасы Саят Нүсіпов, Қазақстан-Франция технологиялар трансферті орталығының атқарушы директоры Мұхтар Манкеев, сондай-ақ Қазақстандағы Франция елшілігінің экономика және сауда жөніндегі кеңесшісінің бас көмекшісі Лоран Шопитон Астанада баспасөз мәслихатын өткізді.
Орталық мақсаты ортақ жобаларды іске асыру мен оларға қажетті зерттеулер жүргізу, жобалық құжаттамаларды әзірлеу және толығымен консалтингтік сүйемелдеу арқылы жобаларды жылжытуға ықпал жасау арқылы Қазақстан экономикасының нақты секторын дамыту болса, міндеттері қатарына бірлескен кәсіпорындар құру мен өзара тиімді инвестицияларды қолдау, сонымен қатар ғылыми-техникалық әзірлемелердің нәтижелері инновациялық инфрақұрылым элементтерінің мүмкіндіктері арқылы өзектендірілген ақпараттарды ұсыну, дейді жиынға қатысушылар. Сондай-ақ олар міндеттер қатарына мұнан өзге екі жақты технологиялар трансферті мен экономиканың нақты секторлары үшін, оның ішінде инновациялық қызмет саласындағы кадрларды даярлау және қайта даярлау шараларын өткізу жататындығын да назардан тыс қалдырмады.
Бүгінгі таңда аталған орталықтың француз өкілдігі ашылған. Ол француз компанияларымен жаңа жобаларды іздеу және ортақ жобаларға француз инвестицияларын тарту мақсатында жұмыс жасайды. Орталық үшін негізгі міндет жобаларды Қазақстан аумағында іске асыруды жоспарлап отырған және мұнда филиалдары мен өкілдіктерін ұстауға мүмкіндіктері келмейтін Францияның шағын және орта бизнес өкілдерінің өз жұмыстарын жүргізе берулеріне мүмкіндіктер жасау.
2010-2014 жылдарға арналған елімізді үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ортақ жобалар үшін үлкен перспективалар мен мүмкіндіктер ашылып отыр. Ел Үкіметі шетел инвестицияларын тарту және қолдау бойынша көмектер көрсетуде. Сонымен қатар, инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу арқылы бизнесті дамытуды қолдаудың нақты құралдары бар. Инновациялық технологияларды алуға гранттарды ұсыну, технопарктерде бизнес- инкубаторлар бойынша жаңа жобаларды бизнес-инкубаторлау және жаңа технологиялар инжинирингі бойынша бағдарламалар іске асырылуда.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.