Жексенбі күні «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде Ханты-Мансийскінің «Юграсымен» сынға түсті. Астанада өткен кездесуде айдын иелері ойын соңындағы буллит арқылы 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Матч қонақтардың белсенділігімен басталды. Бар болғаны үшінші минутта ойын таяғын жоғары көтергені үшін «Барыс» хоккейшісі Константин Романов айдыннан қуылды. Өздеріне берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланған ресейліктер 4-минутта Денис Горбуновтың көмегімен есеп ашты. Алайда, олар бұл басымдықты бір жарым минут қана ұстап тұра алды. Атап айтқанда, 5-минут түгесілер тұста «Барыстың» қорғаушысы Майк Ландин мергендігімен көзге түсіп, таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңнің басында, яғни, 26-минутта «Югра» тағы да алға шықты. Бұл жолы гол Евгений Орловтың еншісіне жазылды. Үзіліске дейін қанша шабуылдаса да Андрей Назаровтың шәкірттері қарсыластар қақпасынан саңылау таба алмады. Абырой болғанда, соңғы бөлікте, яғни, ойынның 56-минутында Дастин Бойд нәтижелі соққы жасап, командамызды жеңілістен құтқарып қалды.
Овертаймда бір-бірінің осал жерін таба алмаған командалар ойын соңындағы буллитке жүгінді. Бұл сында «Барыстың» жолы болып, маусымдағы 22-жеңісіне қол жеткізді. Бүгінде
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».