Ақмола облысындағы «Алтынтау-Көкшетау» тау-кен өндірісі ЖШС жаңажылдық мерекелік шаралардан демеушілік мақсатында бас тартты. Оған жұмсалуға жоспарланған ақша қаражаты компанияның мұқтаж мүшелеріне және мүгедек балаларға материалдық көмек ретінде бөлінді.
Компания басшылығының шешімімен 85 қызметкердің әрқайсысына 50 000 теңгеден қаражат берілді. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар қызметкерлер, ұзақ мерзімді ауыр науқасқа шалдыққандар, апатты жағдайға ұшырағандар, екі және одан көп баланы қамқорлыққа алғандар бар. Облыстық ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, бұл мақсатқа 4 250 000 теңге ақша жұмсалды.
Сондай-ақ, кеншілер Көкшетаудағы жүйке ауруына шалдыққан балалар мекемесіне арнайы креслолар сатып алу үшін 1 000 000 теңге қаржы бөлді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.