• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2016

Мерейтой аясындағы мерейлі істер

210 рет
көрсетілді

Жаңа жылда қай еңбек ұжымы да өткенді қорытындылап, алдағы күндерге асқақ мұраттар мен үлкен үміттер белгілейтіні белгілі. Оның үстіне қой жылы тарихи оқиғалар мен атаулы мерекелерге толы болды. Міне, Достық үйінде осындай мақсатта өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын қорытындылауға арналған жиынға этномәдени бірлестіктер мүшелері, еңбек ардагерлері, БАҚ өкілдері, қала жұртшылығы белсенді қатысты. Алқалы жиында алдымен сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының мең­герушісі Жол­дас Нұршиннің баяндауынша, мерей­тойға орай облысымызда 1725 шара ұйымдастырылған. «Мың бала» респуб­ликалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында өткізілген шараларға 600 бала қатысқан, ал мемлекеттік тілді оқыту курстарынан 300-ден астам бала са­бақ алған, «Менің Қазақстаным» үгіт пойызының Хромтау және Қан­дыағаш қалаларына сапарлары барысында «20 ізгі іс» эстафетасы бойынша көптеген қайырымдылық істер ұйымдастырылған. Жылдың ерекше оқиғаларының бірі ретінде Алға ауданындағы Болгарка ауылында этнографиялық музей-үйдің ашылуын айтуға болады. Облыстық аналар кеңесінің төрайымы Надежда Степаненко Ақтөбеде көп балалы аналардың өнегесі жөнінде деректі фильм­дер түсірілетінін жеткізсе, «Мың бала» байқауының «Жас шешендер мектебі» аталымының жүлдегері Гүлнар Әбілова: «Мен – әзербайжан қызымын. Ақтөбедегі №19 мектепте оқимын. Біздің мектебімізде түрлі ұлттың балалары оқиды, біз бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесеміз», – деді. Жиында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тәуелсіздіктің алғашқы 24 жылында жеткен жетістіктеріміздің бәрі де еліміздегі ынтымақтың, бірліктің арқасы екенін Елбасымыз ұдайы айтып келе жатқанын айрықша атап өтті. Біздің мемлекетте сандаған ұлттың өкілдері тұрып жатқанымен, осы жылдар ішінде ұлтаралық қақтығыстар, түсініспеушіліктер болмағанын, кері­сінше, әлемге ынтымағы жарасқан ел ретінде танылғанымызды, қандай қиын­дықтарды да ауызбіршіліктің арқасында жеңіп шыққанымызды жеткізді. Өңір басшысы осы ын­тымақ-бірлікті нығайта түсуге этно­мәдени бірлестіктердің басшылары мен мүшелерінің ерекше үлес қосып отырғанын айтып, оларға өз ризашылығын білдірді. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.