Қаржылық дағдарыс Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді құрсауына алып, тамағынан буып тұр. Кеңшілік кезеңдегідей емес, қазір бүкіл Жер шарын мекендеген мемлекеттер бюджеттерін қайта қарап, кіріс көздерін іздеп, артық шығынның бәрін қысқартып, «көрпеңе қарай көсіл» қағидатына көшті. Олай етпесе болмайды. Ысырапшылдық, қаржыны оң-солға қарамай жұмсау дегеніңіз түбі тығырыққа әкеп тірейді. Қолда бар қаржыны үнемдеп жұмсаудан бөлек, жұмыс орындарын қысқартып, айлықтарына да өзгеріс енгізіп жатқан елдер көп. Бұл – адамдар жұмыссыз қалып, жұмысы барлардың өзі мардымды жалақы ала алмай отыр деген сөз. Күнделікті тіршілігі бір ғана жалақыға байланып отырған талай адам осылайша дағдарыстың қыспағын сезініп жатыр. Бұған дейінгі дағдарыстың өзінен дамуға жол тапқан Қазақстан бұл жолы да өзіндік соқпағын таба білді.
Төрімізге озған жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджет қызметкерлері, зейнеткерлер және студенттердің айлығы, зейнетақысы мен шәкіртақылары көбейіп жатыр. Біле-білген адамға бұл үлкен қамқорлық. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асып жатқан аталған бастама халықтың таршылық көрмеуіне көп көмек екені айтпаса да түсінікті жағдай. Әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандап, елімізде доллар еркін айналымға жіберілген дәл осы кезеңде жалақымызға 30 пайыз үстеме қосылғаны шын қуантты.
Елбасының көреген көшбасшылығының арқасында бұл дағдарыстан да аман шығарымыз анық. Себебі, Мемлекет басшысы осыдан алты жыл бұрын құр шикізатқа иек артып отыратын заманның өткенін айтып, елімізде индустриялық-инновациялық жо-
баларды дамытуға тапсырма берді. Соның арқасында Қазақстанда көптеген зауыттар мен фабрикалар, өндіріс орындары ашылды. Индустриялық-инновациялық бағдарламаның шапағатын Қызылорда облысының Жалағаш ауданы да көріп отыр. Аталған бағдарламаның шеңберінде біздің ауданда мия тамырын өңдейтін зауыт салынды. Аудан экономикасына өзіндік септігін тигізіп отырған зауыттың орны бөлек.
Дағдарыс заманында халқының айлығына үстемақы қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып отырған еліміздің даму бағытына қарап қандай қиыншылықты да еңсере алатынымызға сенеміз.
Жағыпар ТӘЖМАХАНОВ,
Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары.
Қызылорда облысы.