Міне, Мемлекет басшысының әкелік қамқорлығына сай азаматтық қызметкерлердің еңбекақысы өсетін күнге де жетіп отырмыз. Солардың алдыңғы легінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлері тұр. Яғни, көрсетілген нормативтер мен санаттар бойынша сала сақшыларының жалақысы алғашқы кезде біртіндеп, сатылап 7 пайыздан 28 пайызға дейін өсірілмек. Осы арада еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа үлгісі, оның әділеттілігі мен мөлдірлігі және кең жариялылығы біреулерге негізсіз артықшылық немесе жетіспеушілік бермейтіні бәріміздің ойымыздан шығып отыр.
Соған сәйкес, жалақы бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің лауазымына, біліктілігі мен кәсіби шеберлігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай есептелетіні оның артықшылығын айғақтай түседі. Бұған қоса коэффициенттердің арнайы кестесін енгізу ісі қарастырылғаны да еңбекақы төлеу жүйесінің толыққандылығын көрсетеді. Осындай өміршең өзгеріс жағдайында тек жалақы өсті деп жалаң түсінсек, қателесеміз. Сонымен бірге, әріптестеріміздің еңбегінің мәртебесі де көтерілді деп ұғынуымыз керек. Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы деген мәселені де осы қатарда қарастырсақ қателеспейміз. Ең бастысы, жаңа үлгіде бұған дейін тәжірибеде кездескеніндей, теңгермешілдік төркіні мүлде атауымен кездеспейді. Теңгермешілдік келмеске кетіпті. Кәсіби біліктілігіңді көрсете алдың ба, жалақының 28 пайызды өсіміне бірден жол ашық. Көрсете алмадың ба, онда кімге өкпе-реніш білдірмексің?
Бір мезетте жалақының 28 пайыздық өсімі аз нәрсе емес. Бұл үшін 2016 жылдың 1 қаңтарынан республикалық бюджеттен және жергілікті бюджетке мақсатты трансферттер ретінде бөлініп отырған қаражатттың көлемі аса қомақты. Еліміздегі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мұндай қамқорлыққа іспен жауап береді деп есептеймін. Солардың ортасында біздер секілді республиканың шалғай өңірлерінде қызмет жасайтын денсаулық сақшылары бар.
Қайырбай АЛТАЕВ,
Казталов аудандық орталықтандырылған ауруханасының директоры.
Батыс Қазақстан облысы,
Казталов ауданы.