• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2016

Біздің таңдауымыз – тағаттылық

540 рет
көрсетілді

Елбасының «Көпұлтты болу – біздің бақытымыз» деуінің астарында үлкен мағына жатқандығын кейбір түсінігі төмен, түсініп тұрып мойындағысы келмейтін адамдар әрқилы айтып, әр қиырға тартады. Сақалына шіркей ұялап, күн-түн бес қаруын асынып, ат үстінде жүрген ата-бабамыздың арманы ешкімге тәуелсіз, өз алдына бөлек ел болу еді. Сол үшін жан-жағынан төнген жауларына қарсы тұрды, шабысса шабысты, жерінің бір пұшпағын жат табаны баспас үшін қидаласты. Әртүрлі нәубеттерді бастан өткерді. Тарихы қалың, оқулығы жұп-жұқа халқымыз бодандықтың қасіретін тартудай тартты. Тың игеру кезінде қазақ өз елі, өз жерінде 30 пайызға жетпей қалды. Тәуелсіздік алар тұста да көсегеміздің көгеріп тұрғаны шамалы еді. Кеше ғана дүниеден өткен абызымыз, қазақтың сөзін ұстаған марғасқамыз Әбіш Кекілбаев Оңтүстікке келген сапарларының бірінде «Біз Тәуелсіздік алған тұста халқымыздың саны 40 пайыздан енді асқан еді. Елбасымызға рахмет. Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін бір мақсат, бір мүддеге біріктіріп, мемлекетімізді бөлшектеуден аман сақтап қалды», дегендей ой айтқан болатын. Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласындағы «Реформалар табысы – ұлт бірлігіне бастар жол» бөлімінен осы ақиқатқа тағы да көз жеткізе түстік. Қазақстанды мойындай қоймайтын, білген жағдайда өзін биік ұстағысы келетін талай мықты мемлекеттер ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты маңызды екендігіне кезінде мән бермей, қазір қырғи-қабақ соғыс жағдайында отыр. Мемлекет басшысы: «Бүгінде әлемнің барлық дамыған елдері өздерінің жаңғыртушы жобаларын бұрыннан қалыптасқан біртектілік негізінде жүзеге асырады. Қазақстанға келер болсақ, біз де осы жолға түстік. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, біртектілік пен біртұтастық саласында әмбебап стандарттар мен ұсынымдамалар жоқ. Әлемде бірде-бір ел осы саладағы сын-қатерлерге дайын рецептерге, модельдер мен жауаптарға ие емес. Әлемде әлі ешкім де өмірдің осы саласын өлшеуге қабілетті қандай да бір жалпыға ортақ біртектілік пен біртұтастық индексін немесе формуласын ойлап тапқан жоқ. Сонымен бірге, біздің біртектілік пен ұлт бірлігі саласындағы жұмыстарымыздың түпкі мақсаттары немесе технократтық түрде бейнелегенде, күтілетін нәтижелер – ЭЫДҰ елдерімен ортақ. Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы. Қазақстандықтардың азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын ны­ғай­туға бағытталған ТӨРТІНШІ РЕФОР­МАНЫҢ мәні де дәл осында», деді. Мемлекет басшысының пайымдауларына Қазақстан халқы толықтай келісіп, бірлікті нығайту бағытында жұмыс жасап келеді. Қазақстан – болашағы айқын, ұлы мақсаттарды жүзеге асыруға қауқары жететін, арманын орындай алатын мемлекет. Нұрсұлтан Әбішұлы Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде қазақ тілінде баяндама жасағанда осы мемлекеттің бір патриот азаматы ретінде қатты толқығанбыз. Кеше ғана өзгеге бодан болып, есік көзінде жүрген, ішіндегі ойын ашып айта алмайтын, бұратана саналған ұлттың өкілі әлемдік мінбеде қазақтың мықты халық екендігін танытып, абыройымызды асқақтатты. Арман орындалады екен. Біз мақсаттарымызға бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай бірлігімізбен жетеміз. Құдайберген ЕРЖАН, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы. ШЫМКЕНТ.