• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2016

Қонжитып қоя салғаннан зиян шектік

356 рет
көрсетілді

Президент белгілеп берген Ұлт Жоспары бүгінде нақты іс-қимылға, күнделікті әдет-тәртібімізге айнала бастағанына куә болып отырмыз. Осы орайда айтайын дегенім, біздің бала кезімізде арман деген ұғым мен түсінік жеке адамға, жасөспірім қыз-бозбалаға телініп айтылатындай көрінетін. Осы жолы Елбасы бұл ұғым­ның ауқымын тұтастай мемле­кеттік деңгейге көтеріпті. Оның жаңаша мазмұны қазақстандық арман делінген. Егер жеке адам өз алдына арман-мақсат қойса, бұл қоғамның игілігі үшін қаланатын бір кірпіштің басы болса, тұтастай қазақстандық арман алға қойылса, бұл кешегі күні Мем­лекет басшысы тайға таңба басқан­дай етіп атап көрсеткендей, ХXI ғасыр­да көшбасшы отыз мемлекеттің қата­рында болуға қол жеткізетін жол екен. Әлемдегі мемлекеттер дамуы­ның арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, мемлекеттіліктің қалыптасуы аса күрделі әрі ұзақ үдеріс екенін бағамдай аламыз. Осы арада мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жөніндегі мәселе қай кезде де бірінші орынға қойылып келгеніне көз жеткізу қиын емес. Бұған қол жеткізудің басты факторларының бірі – мемлекеттік қызметшілердің өз орнына лайықтылығы. Кез келген мемлекеттің діңгегін шайқалтатын артық салмақтар, артық баллас­тар, ортақ іске өз үлесін қоспай босқа жү­ретіндер деуге болады. Бұған дейін­гі тәжірибеге мұндай топтағылар мемле­кеттік аппараттарда жиірек кез­дес­кені жасырын емес. Елбасының кешегі ұла­ғатты сөзінен түсінгенім мен түй­сін­генім алдағы уақытта мұн­дай жағдайға жол берілмейтін болғандығы. Жасыратын несі бар, тәжі­рибесі бар ма, жоқ па, адамдармен ортақ тіл табысып қызмет жасай ала ма, әлде өзіне тапсырылған істі ақсатып жібере ме, мұны ескерместен әлдебіреулерді мемлекеттік қызметке қонжитып қоя салатын көріністер орын алғанына ел-жұрт куә. Енді бұлай болмайтыны біз секілді аға буын өкілдерінің жанына майдай жағып отыр. Кәсіби бі­­­ліктілік деген аса мәнді мәселе алға қойы­лыпты. Мұны қалайша қолдамасқа?! Менің ойымша, соңғы уақытта өмірлік және өндірістік тәжірибе де­ген мәселе екінші, үшінші, тіпті, соңғы кезекке ысырылып қалған­дай көрінетін. Соған іштей қапалану­шы едім. Біз секілді аға буын өкіл­дерінің осы ішкі ойын Елбасымыз­дың тап басқанына қайран қалып отырмын. Төмендегі істің жай-күйін білме­гендіктен, мемлекеттік қызметті ақсататындар кездесіп жүргені рас. Мұның басты бір себебі, биік лауазымға бірден қон­жия қалғандықтан болатындығы да өмір­дің шындығы. Бұл арада тамыр-таныс­тық арқылы осындай теріс көрі­ніске жол берілетіндігі де рас. Алдағы уақытта белгіленіп отыр­ған конкурстық негіз мұндай теріс құбылыстарға тосқауыл қоя алатынына күмән келтіре алмаймын. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеу жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына және көлемі мен нәтижесіне байланыс­ты екені де мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің басты шарты бола алады. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың бұған дейін белгіленген Ұлт Жоспарына қатысты қойылған жаңа талап­тары мен міндеттеріне орай кө­кейге келген кейбір ойларым осындай. Уәлиолла ӘБІШЕВ, Казталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Батыс Қазақстан облысы.