ҚЫЗЫЛОРДА. 11 қаңтар. Қызылорда қаласындағы облыстың бас мешіті демеушілік есебінен күрделі жөндеуден өтті. Ғимараттың күмбезі әрленіп, ислам қағидаттары бойынша аяттар жазылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қазіргі заманға сай жылыту қазандықтары, бейнебақылау, өртке қарсы дабыл құрылғылар орнатылды. Намаз бөлмелерінің еденіне жылу жүйелері жүргізіліп, кілемдері ауыстырылды. Сондай-ақ, мешіт жанынан дәретхана салынса, асхананың ғимараты наурыз айында аяқталатын болады.
Айта кету керек, бүгінде «Нұр-Мүбәрак» университетінде Сыр өңірінің 48 шәкірті білім алуда. Оның ішінде 11 студенттің оқу ақысы мен жатақханасына бюджеттен тыс көздер арқылы қаржылай демеушілік жасалынып, өңір мешіттерін жоғары білімді теологтармен қамтамасыз ету мәселелері шешімін тауып келеді.
Биыл ақпан айынан бастап аталған университеттің магистратурасын грантпен бітірген 2 студент Қазалы, Қармақшы аудандарында қызмет атқарады. Қалған студенттер білім алып елге оралғаннан кейін діни тұрақтылықты сақтауға өз үлестерін қосатын болады.
Жалпы облыстағы 157 мешітте бір ай бойы мәуліт мерекесіне орай түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады.
Ержан Байтілес.
Дерек, сурет: egemen.kz.