АСТАНА. 11 қаңтар. Канадада белгісіз біреу «49-дан 6» деп аталатын ұлттық лотереядан 7 млн. Канада долларын ұтып алды. Бұл сома АҚШ долларына шаққанда 5 млн.-ды құрайды. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аталған мәліметті Канадада онға жуық әртүрлі лотерея ойындарын ұйымдастыратын Atlantic Lottery қауымдастығы да растап отыр. Әзірге ұтыс билеті халық тығыз қоныстанған елдің Онтарио аймағында сатылғаны белгілі. Ұйымдастырушылар ойналған нөмірлерді де жариялады. Бір мезетте иесін бай қылған билеттің нөмірлері – 5, 22, 30, 33, 45 және 48.
Бұл лотереяның бұған дейінгі ең ірі ұтысы 2 қаңтар күні тіркелген еді. Ол кезде Квебек аймағының тұрғыны 23,4 млн. Канада долларын (17 млн. АҚШ доллары) ұтып алды.
Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында «49-дан 6» лотереясы Канада тарихындағы ең ірі сомадағы джекпотты ойнатты. Нақты айтқанда, ол кезде ұтыс иесі бірден 64 млн. Канада долларына (49,5 млн. АҚШ доллары) байып шыға келді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: ТАСС.
Сурет: AP Photo.