АСТАНА. 11 қаңтар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің 4, яғни, Алматы, Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарында тасжолдар жабылды. Бұл туралы inform.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Қазақавтожол» РМК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы облысында ауа райының нашарлауына байланысты «Үшарал-Достық» (83-184 шақырым) тасжолының Көктума стансасынан Достық стансасына дейінгі бөлігінде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.
Сонымен қатар, Қарағанды облысында жауын-шашын мен желдің күшеюіне және көктайғаққа байланысты «Қызылорда-Павлодар» тасжолының (433-749 шақырым) Жезқазған-Атасу учаскесінде жүк көлігі мен қоғамдық көлік үшін қозғалыс жабылды.
Одан бөлек, бүгін сағат 14:10-да ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 1492-1610 шақырымындағы Қарағанды-Ақсу-аюлы бөлігінде жүк көлігі мен қоғамдық көлік үшін қозғалыс шектелді.
Сағат 15:00-де осындай себептермен төмендегі мына жолдарда жүк көлігі мен қоғамдық көлік үшін қозғалыс шектелді:
«Екатеринбург-Алматы» тасжолының 1353-1425 шақырымындағы Ақмола облысының шекарасы мен Теміртау аралығы;
«Қызылорда-Павлодар» тасжолының 753-905 шақырымындағы Атасу кентінен Топар кентіне дейінгі бөлік;
«Қызылорда-Павлодар» тасжолының 970-1135 шақырымындағы Қарағандыдан Павлодар облысының шекарасына дейінгі учаске;
«Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тасжолының 17-217 шақырымындағы Қарағандыдан Қарқаралы қаласына дейінгі бөлік;
«Қалқаман-Баянауыл-Керней-Ботақара» жолының 231-324 шақырымындағы Павлодар облысының шекарасынан Ботақара кентіне дейінгі бөлік.
Еламан Қоңыр.
Дерек: inform.kz.
Сурет: yk-news.kz.