• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2016

Мүфтият: Телібековтің мұсылман жамағатқа ешқандай қатысы жоқ

413 рет
көрсетілді

АСТАНА. 11 қаңтар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі заң жүзінде еш жерде мойындалмаған «Қазақстан мұсылмандар одағы» деген ұйымды құрып, оған өзін басшы етіп тағайындап алған Мұрат Телібеков есімді азаматқа қатысты ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы «Қамшы» порталының дерегіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Мүфтият өкілі Мұрат Телібековтің әрекеттерінің бәрінің Қазақстанның мұсылман жамағатына ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. «ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы – ред.) бұған дейін де Мұрат Телібеков Қазақстанның барлық мұсылмандары атынан сөйлеуге құқығы жоқтығы, «Қазақстанның мұсылмандар одағы» мұсылман ұйымы емес екені туралы ресми мәлімдеме жасаған болатын. Біз әділет министрлігіне де сұрау салып, аталған ұйым туралы мәліметтерді іздестірдік. Бізге министрліктен «Қазақстан мұсылмандарының одағы» деген ұйымның тіркелмегені туралы жауап келді. Бұдан басқа, Мұрат Телібеков ешбір діни ұйымның басшысы немесе мүшесі ретінде де тіркелмеген. Осыған байланысты ҚМДБ оның өзін Қазақстан мұсылмандар одағының басшысы деп таныстыруына, БАҚ-тарда мұсылмандар атынан сөйлеуге, өмірде жоқ ұйымның атынан ақпарат таратуға құқығы жоқ деп санайды», – делінген муфтият баспасөз қызметінің жетекшісі Ағабек Қонарбайұлы берген мәлімдемеде. «Діндерді зерттеу орталықтары қауымдастығының» директоры Юлия Денисенко да осындай пікір білдірген. «Ел ішінде Мұрат Телібековтің БАҚ-та көріну үшін ақпараттық себеп туғызуға тырысып жүрген адам екенін бәрі біледі. Ал шетелдік құқық қорғау органдарын «Қазақстан мұсылмандар одағы» шатастырып келеді. Адам құқықтарын қорғау, терроризммен және экстремизммен күрес тақырыбындағы жиындарда, дөңгелек үстелдерде оның пікірлері мұсылмандар діни бірлестігі атынан қабылданып қалады. Мұрат Телібековтің жыныстық қатынасқа салық енгізу сияқты деструктивті сөздері қоғамда түсінбеушілік тудырып, халықаралық ұйымдармен байланыс орнату әрекеттеріне кедергі жасады. Сол үшін оның Қазақстан мұсылмандары атынан сөйлеуінің жолын кесу керек», – деді ол. Мұрат Телібековтің өзі «Қазақстан мұсылмандар одағының» «МАК» – Muslim Аssociation of Kazakhstan жеке қайырымдылық қоры ретінде тіркелген ұйым екенін, оған қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, мүшелікке өтуге болатынын және ол үшін мұсылман болу міндетті еместігін айтқан. Заң жүзінде күші жоқ «Қазақстан мұсылмандар одағы» деген «ұйымның» басшысы ретінде танылып келген Мұрат Телібеков бұған дейін бір өзі есепте тұратын сол «ұжым» атынан МС Сайлаубек есімді рэперге «Жыл адамы» атағын беріп, Михаил Саакашвилиді Қазақстанның бір облысына әкім етіп тағайындауды, Григорий Марченконы ҚМДБ төрағалығына ұсынып, жыныстық қатынасқа түсетіндерден салық жинауды бастама етіп көтеріп, елді біраз дүрліктірген. Қазір Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында «Мұрат Телібековтің «Ветер с улицы» кітабынан қазақ халқының ар-намысына тиетін үзінділер жариялады» деген айыппен Е. Нарымбаев және С. Мәмбеталин есімді азаматтардың үстерінен қылмыстық іс қаралып жатыр. Ал М. Телібековтың өзі аталған кітаптың авторы екенін мойындағанымен, бұл екеуі жариялаған үзінділерге қатысым жоқ деп, азар да безер болып отыр. Талғат Райымбек. Дерек, фото: Қамшы.