• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2016

«Барыс» қатарынан бесінші рет қарсыласынан басым түсті

299 рет
көрсетілді

АСТАНА. 11 қаңтар. Бүгін Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде Тольяттиде жергілікті «Лада» командасымен сынға түсті. Тартысты өткен ойын нәтижесінде астаналықтар 4:1 есебімен басым түсіп, қатарынан бесінші рет жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Кездесудің бар болғаны 30-секундында қонақтар есеп ашты. «Ә» дегеннен алға ұмтылған «Барыс» ойыншылары Найджел Доустың дәл соққысының арқасында алға шықты. Үзіліске дейін айдын иелері таразы басын теңестірудің амалын таба білді. Атап айтқанда, 15-минутта ойыншы басымдығын жүзеге асырған ресейліктер Дмитрий Воробьевтің көмегімен есепті 1:1-ге жеткізді. Екінші кезең тағы да біздің команданың белсенділігімен басталды. Нәтижесінде 22-минутта Найджел Доус дубльдің авторы атанды. Соңғы кезеңнің алғашқы минутында «Барыс» ойыншылары есепті еселеді. Бұл жолы көк жолақтың бойынан қарсыластар қақпасын дәл көздеген Брэндон Боченскидің мерейі үстем болды. Арада 4 минут өткенде Доус үшінші шайбасын соғып, хет-трик жасады. Ойынның қалған уақытында есеп өзгерген жоқ. Осы жеңісінен кейін Андрей Назаровтың шәкірттері 72 ұпаймен Шығыс конференциясындағы 7-орнын сақтап қалды. Ал 58 ұпайы бар «Лада» турнир кестесінде 12-орында тұр. Айта кетейік, «Барыс» келесі кездесуін 13 қаңтар күні қонақта Ярославльдің «Локомотивімен» өткізеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz.