• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2016

«Құшақтағыш кәрі шешей»

245 рет
көрсетілді

Жаңа жылдың алдында Техас­тағы ауруханада 83-ке қараған шағында Элизабет Лэрд деген кем­пір қайтыс болды. Бүгінгі күннің өзінде Ақ үйдің сайтында әлгі кейуа­наны медальмен марапаттау туралы петицияға 90 мыңнан ас­там адам қол қойыпты. Сонда бұл аме­рикалық әжей не бітірген десеңізші?! Форт Худ деген әскери базаның маңында тұратын Элизабет Лэрд 2003 жылдан бері Ауғанстан мен Иракқа әскери операцияларды орындауға аттанған америкалық сарбаздары шығарып салып, қарсы алуды дағдыға айналдырыпты. Шығарып салып, қарсы алғанда кейуана сарбаздарды міндетті түрде құшағына алады екен. Он екі жылдың ішінде ол жарты миллионға жуық жауынгерді құшақтапты. Сол себепті кейуана «Құшақтағыш кәрі шешей» (the hug lady) деген атқа ие болған. Өткен жылдың қараша айында Элизабет Лэрд өзінің сүйікті орны – жергілікті әуежайдан табылмады. Сөйтсе, кейуана ауыр науқаспен ауруханаға түскен екен. Мұны естіген әскерилер медициналық мекемеге қарай ағылады. Өлімге кетіп бара жатқандарында кәрі шешей оларды құшақтаушы еді, енді олар өлім аузында жатқан кемпірді құшақтайтын болыпты. Бұдан бөлек, әскерилер ем-домның қажетіне деп санаулы күннің ішінде 93 мың доллар жинаған. Бірақ та Рождество мерекесінің қарсаңында әлгі кемпір дүние салды. Көзі ті­рісінде одан сарбаздарды не үшін құшақтайсыз деп сұраған екен. «Құдай оларды далада тастамайтынын біліп жүру үшін», – деп жауап беріпті құшақтағыш кәрі шешей. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.