АСТАНА. 20 қаңтар. Қызылордада сотта кәсіпкердің мүддесі қорғалды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Осыған байланысты «МИР - 2001» ЖШС-нің директоры Сейфулла Ажмолдаев сотта мүддесін қорғаған Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына алғысын айтты.
Өткен жылдың қараша айында мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан «МИР-2001» ЖШС-іне Әкімшілік Кодекстің 2-бөлім, 281-бабы бойынша 4 әкімшілік заң бұзушылық бойынша іс қозғалады. Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес аталмыш бап бойынша әр әкімшілік құқық бұзушылыққа 100 АЕК түрінде айыппұл қарастырылған. Осылайша «МИР»-ге 400 АЕК немесе 792 800 теңге айыппұл салынады.
Осы ретте, кәсіпкер палатаға заңгердің көмегін сұрап келген болатын.
Ал кәсіпкердің жағдайында айыппұлдың көлемі 300 АЕК-тен аспауы тиіс. Оның үстіне кәсіпкердің айыбы құқық бұзушылықтың жеңіл түріне жатады. Мұндай жағдайда заңға сәйкес судья жаза түрін жеңілдете алады.
Әкімшілік заңнаманың нормаларына сүйене отырып, палата заңгерлері апелляциялық шағым түсіріп, сотта негіздемелерді келтірді.
Нәтижесінде Қармақшы аудандық сотының судьясы Мемлекеттік кірістер басқармасы қаулысына өзгеріс енгізу туралы шешім шығарып, кәсіпкер 400 АЕК түріндегі айыппұлдың орнына 280 АЕК айыппұл төлейтін болды.
«Кәсіпкерлер палатасының заңгерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Біріншіден, сотқа тиісті құжаттарды әзірлеп, менің сотта мүддемді көздеп, қорғау да қомақты шығынды қаржы етеді. Екіншіден, қорытындысымен тиісті нәтижеге жету-жетпеу өз алдына бір мәселе. Палата заңгерлерінің біліктілігіне ризамын. Қазіргі жағдайда кәсіпкер үшін әр теңгенің орны бар. Бұл азаматтар менің 250 мың теңгеге жуық ақшамды сақтап қалуға көмектесті», деді Сейфулла Ажмолдаев.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.