АСТАНА. 20 қаңтар. Белгілі боксшы, бірнеше жыл қатарынан аса ауыр салмақта ұлттық құраманың белді мүшесі болған Руслан Мырсатаев 30 қаңтар күні кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Бокс кеші Алматыдағы Royal Tulip қонақ үйінде өтеді. Отандасымыздың қарсыласы – Ресей боксшысы Валерий Замиралов. Бұл туралы inboxing.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Сонымен қатар, бұл күні Айдос Ербосынұлы, Берікбай Нұрымбетов, Нұрсұлтан Қабдулов және тағы басқа қазақстандық боксшылар кезекті рейтингтік кездесулерін өткізеді. Солардың ішінде Мырсатаев пен Замираловтың жекпе-жегі кештің басты айқасы ретінде аталып отыр.
Бокс сайысы BM Global және Diamond Ring ЖШС-лерінің, сондай-ақ, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының ұйымдастыруымен өткізіледі.
Айта кетейік, Руслан Мырсатаев ұлттық құрама сапында 2008 жылы Қытай астанасы – Бейжің қаласында өткен Олимпиалық Ойындарға қатысты. Одан бөлек, ол «Астана арландары» командасымен бірге Бүкіләлемдік бокс сериясы сайысының чемпионы атанды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: inboxing.kz.
Сурет: inboxing.kz, yvision.kz.