• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2016

Жамбыл облысында жауапты адамдар тәртіптік жазаға тартылды

330 рет
көрсетілді

ТАРАЗ. 20 қаңтар. Жамбыл облысы әкімдігінде жүктілігін жасырып, жол үстінде бала босанған мектеп оқушысының мәселесіне қатысты арнайы жиын өткізілді. Онда бала тәрбиесіне салғырт қарап, нәресте өліміне жол бергені үшін бірқатар жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза берілді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. «Талас ауданы, Үшарал ауылы шағын ғана елді мекен. Мектептегі оқушылардың да саны көп емес. Әр сыныптағы оқушылар үшін сынып жетекшісі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, мектеп директоры, балалардың денсаулығын қадағалайтын арнайы дәрігер бар. Солай бола тұра, мектеп қабырғасындағы жасөспірімнің жүкті болуына жол берілген. Қажетті жұмыстар дер кезінде жүргізілмеген. Уақытында анықтаған болсаңыздар нәресте өліміне де жол берілмес еді», дейді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. Бала тәрбиесі мен адам тағдырына бей-жай қарауға болмайтынын қатаң ескерткен аймақ басшысы әлеуметтік салаға жауапты орынбасарына ескерту, облыстық білім, денсаулық басқармаларының басшыларына, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысына сөгіс, Талас ауданының әкіміне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілетінін жеткізді. Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы, мектеп директоры, Үшарал ауылдық округінің әкімі, Талас ауданының бас дәрігері мен орынбасары, жалған анықтама берген медбике қызметінен босатылды. Оралхан Дәуіт. Дерек, сурет: egemen.kz