АСТАНА. 20 қаңтар. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жарлық Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, 63-бабының 1-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 85-бабына негізделіп шығарылды. Онда бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2016 жылғы 20 наурызға тағайындау, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2016 жылғы 21 наурызға тағайындау атап көрсетілген. Қаулыда сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын дайындауды және өткізуді ұйымдастыру тапсырылған.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдеріне Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдау жүктелген.
Жарлық бүгіннен бастап күшіне енді.
Еламан Қоңыр.
Дерек, фото: Ақорда сайты.