• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2016

Күрделі кезең маңызды міндеттер жүктейді

341 рет
көрсетілді

Елбасы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлау­ын өткізу мәселесі жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Пре­зи­денттің баспасөз қызметі. Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова, Президент Әкім­шілігінің Басшысы Н.Нығма­тулин, Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов, Бас прокурор А.Дауылбаев және басқалар қатысты. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы депутаттардың кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткі­зу және барлық деңгейдегі мәс­лихаттардың кезекті сайлауын өткізу туралы бастамасына байланысты үндеу жасады. Қазақстан Президенті Пар­ламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын доғару және жаңа сайлау белгілеу жөніндегі ұсынысын жан-жақты талдап қарағанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ке­зеңде шикізатқа төмен баға жағ­дайында өмір сүруге бейімделіп, индустрияландыруды, шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді жалғастыру керектігін атап өтті. – Осы бір күрделі ахуалда біздің бәріміз үшін ең маңыздысы – ысырапсыз өмір сүру, ресурс­тарды үнемдеу, жұмыс орындарын сақтау екенін түсіну. Үкімет пен Парламентке бұл жағдайда бірлесіп, жинақы жұмыс істеп, жедел шешім қабылдау қажет. Біздің халқымызға бұрынғыша бірігіп, осы күрделі уақытта кез келген ықтимал арандатуларға, қажет болса, заңнамалық тұрғыдан тойтарыс беру керек. Ол жағдайдың нашарлауына кінәлілерді іздеп, саясиландырғысы келетіндерге де қатысты. Бұл – жаһандық үдеріс, оған бірде-бір ел, соның ішінде Қазақстан да ықпал ете алған жоқ. Сондықтан, бәріміз топтасып, бір-бірімізге көмектесуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті біз­дің қо­ғам бүгінде түрлі сын-қатер­лер­ге дайын екеніне назар аударды. – Біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық абыройлы жолын жүріп өттік. Біз жасампаз еңбекте шыңдалып, табысты, қалыптасқан және әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық. Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қам­қорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы (оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының да депутаттары бар) және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Барша депутаттарға мемлекетшіл ұстанымы мен аса жоғары тарихи жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды айтамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы ел Конституциясы талаптарына сәйкес, Парламент палата­лары төрағаларымен, Премьер-Ми­нистрмен және Конституциялық Кеңес төрағасымен консульта­циялар өткізгенін, соның қоры­тындысы бойынша де­путаттардың бастамасын қолдау жөнінде шешім қабылданғанын айтты. – Билік саласы өкілдері құрамының жаңартылуы еліміз бен халқымыздың мүддесіне сай келетіндігіне сенімім кәміл. Саяси партиялар күн тәрті­біндегі міндеттерді түсіне білетін сауат­ты, іскер және ел мүд­десіне адал кандидаттарды ұсынуға тиіс. Бүгін мен Бесінші шақы­ры­лымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойдым. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл қазақстандықтарды, қоғамның барлық әлеуметтік топтарын уақыт талабы тудырған шешімді қолдауға шақырды. – Баршаңызды сайлауға белсене қатысуға, еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырамын. Конституцияның кепілі ретінде Орталық сайлау комиссиясына және барлық өкілетті мемлекеттік органдарға алдағы сайлауда заңдылықты, ашықтықты және әділеттілікті қамтамасыз етуді тапсырамын. Дауыс беру науқаны және сайлау күрделі кезеңде ұлтты ұйыстырып, біздің Қазақстанымызды жаңа белестерге алып шығуға көмектеседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.