• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2016

Жиырма жылмен екшелген ерекше күн

260 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Қаби­болла Жақыпов кеше па­ла­таның кезекті жалпы отырысында Қазақстанның қос палаталы кәсіби Парламентіне 20 жыл толғанын ерекше атап кетті. Өйткені, еліміздің кәсіби қос палаталы Парламенті конс­титуциялық реформалар нәти­жесінде ресми қызметіне 1996 жылы алғаш кіріскені мәлім. Осыған орай, спикер күн тәрті­­біне шығарылған мәселелерді қарамас бұрын әріптестерін құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. «Дәл бүгін Парламент 20 жасқа толды. 1996 жылдың 20 қаңтарында Қазақстанның қос палаталы Парламенті өз жұмысына кіріскен болатын. Сондықтан да, баршаңызды осынау тарихи датамен құттықтаймын. Сонымен қатар, осыдан дәл 4 жыл бұрын, 2012 жылдың 20 қаңтарында бесінші шақырылған Мәжіліс те өз қызметіне кіріскен болатын. Бұл да біз үшін ерекше күн», – деді Қабиболла Қабенұлы. Бұдан кейін депутаттар назарына адамдарды қабылдау мен транзиттеу, адамдардың заңсыз реадмиссиясы және «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар бол­ған жағдайда өзара іс-қимыл тәр­тібі келісіміне өзгерістерді қарас­тыратын заң жобалары ұсынылды. Алдымен қаралған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Гер­мания Федеративтік Респуб­ли­касының Үкіметі арасындағы адамдарды қабылдау және тран- зит­теу туралы келісімді (реадмиссия туралы келісім) ратификациялау туралы» заң жобасы қолдауға ие болып, мақұлданды. Келісім 2009 жылдың желтоқсан айында жасалғанын айта кеткен жөн. Оған Қазақстан мен Германия сыртқы істер министрлері Берлинде қол қойған. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, заңдық құжат Қазақстан мен Германия аумағына кіру және онда болу шарттарын бұз­ған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Тағы бір белгілі болғандай, қабылдау туралы өтінішхат азаматтықтан айырылу құзыретті органдарға белгілі болғаннан кейін 12 ай ішінде жіберіледі. Ал сұрау салынатын тарап өтінішхатқа бір айдан кешіктірмей жауап беруі тиіс. «Бұл санатқа еліміздің аума­ғына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визаның рұқсат мер­зімі өтіп кеткеннен кейін сон­да қалған адамдар жатады. Тұ­тастай алғанда, келісім заң­сыз көші-қонмен күресуге мүм­кіндік береді. Бұдан бөлек, елдің ау­мағында заңсыз жүрген адамдарға халықаралық құқыққа сәйкес шара қабылдауды, сондай-ақ, олардың транзитін жеңілдетеді», – деді Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы. Министр заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеліп соқтырмайтынын және қосымша қаражатты талап етпейтінін де атап өтті. Сол сияқты, жалпы отырыс барысында қаралған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы заңсыз келген адам­дардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Келісім 2011 жылы 23 ақпанда Прагада жасалғанын айта кеткен жөн. Ішкі істер министрі Қалмұ­ханбет Қасымовтың айтуынша, аталған құжат екі мемлекеттің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. «Бұл санатқа еліміздің аума­ғына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визасының немесе рұқсат құжатының мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады. Келісімді ратификациялау халықаралық құқыққа сәйкес заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік бе­ре­ді», – деп атап көрсетті министр. Құ­жаттың қабылдануы теріс әлеу­меттік-экономикалық, сон­дай-ақ, құқықтық салдарға әкеліп соқ­пайтыны және бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейтіні де қаперге салынды. Сонымен қатар, жалпы оты­рыста «1999 жылғы 18 қарашада жасалған Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Ресей Федерациясы Үкi­метiнiң арасындағы «Бай­қо­ңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды жiберу кезiнде ава­риялар болған жағдайдағы өзара iс-қимыл тәртiбi туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратифи­кациялау туралы» заң жобасы да мақұл­даудан өтті. Хаттамаға 2015 жыл­дың 2 мау­сымында қол қойылған. Заң жобасы бойынша баян­да­ған Ішкі істер министрі былай деді: «Құжат негізінен «Байқоңыр» ға­рыш айлағынан зымыранды ұшы­ру барысында апаттар орын ал­ған жағдайда құрылатын комис­сиялар, бірлескен штабтар мен уәкілетті органдардың құзы­рет­терін нақтылайтын болады. Тұтас­тай алғанда, заңнаманы қабыл­дау қосымша қаржы шы­ғын­­дарын талап етпейді. Келі­сім Қазақстанның ұлттық заңна­масына қайшы келмейді». Аталған келісімге өзгерістер енгізу қажеттігі Қазақстан тарапынан ұсынылыпты. Бұл орайда 2006 жылдың 27 шілдесіндегі «Байқоңырдан» ұшырылған «Днепр» РС-20 зымыранының апатқа ұшырауы бойынша оқиғаға талдау жүргізу нәтижесінде Қа­зақ­стан үкіметаралық комиссия аясында келісімге өзгеріс енгізу туралы бастама көтеріпті. Депутат Юрий Тимощенконың айтуынша, апат салдарын жою үдерісінде бірқатар мәселелер туындағандықтан, оны реттеу қолданыстағы келісімдерде көрсетілмеген көрінеді. Сондық­тан да 2006 жылдан бері екі мемлекет арасында келіссөздер жүргізіліп, 2015 жылы аталған хаттамаға қол қойылғаны мәлім болып отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».