2015 жылғы 9 ақпан, Астана қаласы
Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидаларын бекіту туралы
«Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 46-22) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында жэне «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бүйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бүйрықтың орындалуына бақылау Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің жетекші вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бүйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр А.МАМЫТБЕКОВ.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 9 ақпандағы
№ 7-1/86 бұйрығымен бекітілген
Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу немесе алып тастау тәртібін анықтайды.
2. Шектеу іс-шаралары және карантин Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 28 наурыздағы №18-03/128 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №7583 болып тіркелген) жануарлардың шектеу іс-шаралары немесе карантин белгіленетін жұқпалы ауруларының тізбелеріне енгізілген жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша белгіленеді.
2. Шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу тәртібі
3. Әкімшілік-аумақтық бөлінісіне және жануарлардың жұқпалы ауруларының таралу дәрежесіне байланысты эпизоотиялық ошақ белгіленген аумақта жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда шектеу іс-шаралары немесе карантин белгіленеді.
4. Шектеу іс-шараларын және карантинді тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы бойынша:
1) облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда облыстың жергілікті атқарушы органының;
2) республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының;
3) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының;
4) тиісті аумақта жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда аудандық маңызы бар қала, елді мекен, ауыл, ауылдық округ әкімінің шешімімен белгіленеді.
5. Тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу туралы ұсынысы:
шектеу іс-шараларын немесе карантинді белгілеу енгізілетін әкімшілік-аумақтық бірлікті;
шектеу іс-шараларын немесе карантинді белгілеу себептерін (аурудың атауын), жануардың түрін көрсете отырып, ерікті нысанда жазбаша түрде ресімделеді.
Тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының шектеу іс-шараларын немесе карантинді белгілеу туралы ұсынысына инфекция ошағын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 27 қарашадағы №7-1/618 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10021 болып тіркелген) нысан бойынша эпизоотологиялық зерттеу актісі және ветеринариялық лаборатория беретін сараптама актісі (сынақ хаттамасы) қоса беріледі.
Жергілікті атқарушы органның шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу туралы шешімінің күшіне енгенінен кейін, бір жұмыс күні ішінде оның көшірмесі тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторына жолданады.
6. Шектеу іс-шараларының немесе карантиннің ұзақтығы жануарлар ауруларының түріне, аурудың инкубациялық кезеңіне, жануарлардың организмінде ауру қоздырушылардың сақталуына және ветеринариялық іс-шаралар кешенін жүргізуге байланысты.
3. Шектеу іс-шараларын және карантинді алып тастау тәртібі
7. Шектеу іс-шаралары және карантин жануарлар толығымен сауыққаннан (аурудың болмауы), аурулардың таралуы тоқтағаннан және дезинфекция сапасына бактериологиялық зерттеумен қорытынды дезинфекцияны жүргізуді қоса алғанда, жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешенін жүргізгеннен кейін алынып тасталады.
8. Шектеу іс-шаралары немесе карантин тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы бойынша:
1) осы облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда пайда болған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешенін жүргізгеннен кейін облыстың жергілікті атқарушы органының;
2) республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында пайда болған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешенін жүргізгеннен кейін республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының;
3) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешенін жүргізгеннен кейін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының;
4) тиісті аумақта жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешенін жүргізгеннен кейін аудандық маңызы бар қала, елді мекен, ауыл, ауылдық округ әкімінің шешімімен алынып тасталады.
9. Тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының шектеу іс-шараларын және карантинді алып тастау туралы ұсынысы:
ұсыныс енгізілетін шектеу іс-шараларын және карантинді белгілеу туралы шешімнің күнін және нөмірін;
дезинфекцияның сапасына бактериологиялық зерттеуді көрсете отырып сараптама актісінің (сынақ хаттамасының) күнін және нөмірін көрсете отырып еркін нысанда жазбаша түрде ресімделеді.
Тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының шектеу іс-шараларын және карантинді алып тастау туралы ұсынысына дезинфекцияның сапасына бактериологиялық зерттеуді көрсете отырып, сараптама актісі (сынақ хаттамасы) қоса беріледі.
Шектеу іс-шараларын және карантинді алып тастау туралы шешімнің көшірмесі оны қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторына жолданады.
10. Тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы бойынша тиісті әкімшілік аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының шешімімен карантинді алып тастағаннан кейін, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарында көзделген жағдайларда, уәкілетті орган шектеу іс-шараларын белгілейді.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 12 наурыздағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10414 болып енгізілді.