• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2016

Сөз сойыл № 20

714 рет
көрсетілді

Әзіл - оспақ, сын - сықақ Бірде... – Бұл ұзақ та ауыр сапарға ая­ғым шыдай қояр ма екен?! – дейді жазушы Герольд Бельгер Маң­ғыстау өлкесіне ұшып бара жатып. – Мен саған аяғымды бере тұ­рай­ын, сен маған қарныңды бере тұр! – дейді мұндай талай сапарды, әсіресе, қазақ дастарқанын барынша көп көрген дала перзенті, ақын Қадыр Мырзалиев. – Мынау байтақ Қазақстанда, қанша байтақ болса да, салмақ аяққа түспейді, қарынға түседі! *  *  * – Заман болса өзгеріп барады. Өз мамандығыңмен күн көру мүлдем қиындап кетті. Жұрт үй­­­реншікті қызметтерін тастап, басқа бір тиімді жұмыстарға ауысып жатыр. Енді Абай атамыз айтқандай «есектің артын жауып мал таппасақ», күн көре алмайтын түріміз бар! – дейді бір жазушы. – Рас, қазір заман өзгерген. Енді бір есектің ғана артын тазалап күн көре алмайсың. Не ол, бір емес, бірнеше есек немесе арты сондай үлкен есек болуы керек! – деп түзетеді Қадыр әріптесі. Жуабай ТӘШЕНОВ. АЛМАТЫ. «НАН ТАБУҒА ЖЕТЕДІ...» «Ала биеден ала да туады, Құла да туады». Ал, біздің шалақазақтан Шабан аттай «шабысы» жоқ, Не ұлттық намысы жоқ, Салт-дәстүрін білмейтін, Өзінен ассаң күндейтін, Шала-шарпы бала да туады. Былдыр-былдыр етеді, Ағылшын мен орыс тілін, Шарайнадай компьютерін, Шала-пұла білсе болды, Нан табуға жетеді. *  *  * Қара есекке мініп өскен, Ана тілін біліп өскен, Шалабай әкесі мәз болады, Ауылдың қара баласы кешегі. ХИРУРГ ПА, ҚАСАПШЫ МА?.. «Қара ешкіге – жан қайғы, Қасапшыға – мал қайғы». Денсаулығы өгіздей, Қаны тасыған теңіздей, Спортшымыз Сегізбай Көп жегендей әңгелек, Іші кеуіп, ісініп, Мұрттай ұшты дөңгелеп. Талай үлкен жарыста Жібермейтін намысты, «Өгіз палуан» атанған Есіл Сегізбайымыз Ауруымен алпарысты. Қай жері екен ауырған, Бүйрек пе, әлде бауыр ма? Әшейінде Құдайды Еске алмайтын Сегізбай Жалбарынды Тәңірге. «Жалмауызға да жан керек», Төсегінде дөңгелеп, Ыңырсынып, ышқынып, Қорқынышты түс көріп, Көтеріліп ыстығы, Басы айналып, құсты да... Шыдамсыз байқұс Сегізбай, Қиналғанда қу жаны, Өкірді кеп өгіздей. Әркімнің бар есебі, Мұндайда жайлы көрінер Аурухана төсегі... Болса дағы жерлесің, Құдай басқа бермесін, Хирург жігіт күші ағын, Кесердей болып тұсауын, Жалаңдатты пышағын. Есі кеткен Сегізбай, Өкірейін десе өгіздей Еркек деген аты бар, «Алда-жалда шейт болсам, Дау-дамайым жоқ» деген, Өзі жазған қолхаты бар, Амалсыздан шыдады. Болса дағы жақын танысы, Жоқ қой сірә намысы, Хирургымыз мұрты қияқты, Танисыздар ғой Мұратты, Ұмытып мүлде ұятты, Алпыс мың ақша сұрапты ! – Ой, бауырым, мынауыңа Менің шамам жете ме? Барып қайтатын қаржы ғой Жырақтағы Меккеге !?. – Жан керек болса бересің, Әйтпесе, соқырішегің жарылып, Табанда өлесің!.. – Деген соң Сегізбай қоразданып, Қарызданып-құрызданып, Алпыс мыңын санап берді. Хирург ішек-қарынын ақтарып, Соқырішегін кесіп тастап, Қарынын «жамап берді»... *  *  * Қазіргі нарық заманында, Дәрігерлердің құлқы басқа ғой. Ойлайтыны адамдардың денсаулығы емес, Сытырлаған ақша ғой... Нұртан ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ. АЛМАТЫ. Сол бір кез хикаясы Өткен ғасырдың алпысын­шы жылдарының ортасы. Бура­бай­ ауылындағы орыс-қазақ орта мек­тебінде тарихтан сабақ бе­ріп жүрген кезім. Комму­нис­тік пар­тияға мүшелікке өту үшін Күршім аудан­дық партия коми­тетіне кел­дім. Оның шағын қабыл­дау бөлме­сінде қайсымызды шақы­рады деп 10-15 адам кезек күтіп тұр­ған­быз. Бір уақытта бюро өтіп жатқан бірінші хатшының бөлме­сінен толағай тұлғалы «Қал­ғұтты» қой совхозының парткомы Тұр­сынғали Молжігітов моншадан бусанғандай терлеп-тепшіп шықты. Қатты ренжулі. Оның соңынан шағын денелі, аласа бойлы, қарапайым еңбек адамы ілесе келеді. Сөйтсек, жағдай мына төмендегідей болыпты. «Естімеген елде көп» деген осы ғой. Партия мүшелігіне кандидат – бала жасынан мал баққан, ең­бе­гімен танылған озат шопан, же­тімдікті көп көрген, бірде-бір сынып бітірмеген, оқымаған адам екен. Одан бюро мүшелері ананы-мынаны мөлшерлеп сұрапты. Ол болса татымды жауап қайтармаған. Ақыр аяғында бірінші хатшы Ақаш Ибежанов: «Осы отырғандардан кімді танисың?» – депті. Сонда ол ұзын бойлы, толық денелі аудан­дық халық бақылау комитетінің төрағасы Әбілқайыр Сембаевты қолымен көрсетіп: – «Біздің Ақши фермасында болып, мал отарларын аралаған. Менің үйімнен ет жеп, арағын ішіп, түстеніп кеткен», – депті қаннен қаперсіз. Ұзын стол басындағылар аруақ­ты еске алғандай үнсіз қалып­ты. Бірер минуттан кейін Ақаш Жақыпбекұлы: «Малы аман, семіз, күйлі, алған төлі, қырыққан жүні жақсы, қабылдансын», деп ұсыныс жасапты да: «Жолдас Молжігітов, коммунистердің саяси сауатына ерекше көңіл бөліңіз» депті. Үмітхан НҰРҒАЛИЕВ, зейнеткер-ұстаз. ӨСКЕМЕН.

*Әзілің жарасса...

Суретті салған Нұрлан ТАЗАБЕКОВ.

Мұндай да болады екен... Тіркелмеген деген анықтама ала қояйын деп психиатрға барып... кезек ұзақ-сонар, кезексіз кірушілер жүйке жұқартып, бұл амалсыз ашуға беріліп, ақыры айғай-сүреңге ұласып, соңында бұны «психикалық ауыруы бар» деп тіркеп тынды... *** Дәрі ала қояйын деп барып, бағасы удай... бүйткенше өле қалған жөн шығар деп жерлеу мекемесіне барып еді... мұндағылардың қызмет көрсету бағасы тіптен удай... қайта дәріханаға қарай шапты... *** Зоопарк күзетшісі: – Маған екі мың доллар жинап берсеңдер мен арыстанның торына кіріп қана қоймай, қол-аяқ, басыма дейін оның аузына тыға аламын деп, – кеуде соқты. Келгендерге де қызық керек, әлгінікін жинап бере қойып еді... пәлекет күзетші торға кіріп қана қоймай, бас-аяғын арыстанның аузына кезекпе-кезек тығып ерлік жасағаны бар... Сөйтсек, пәлекет күзетші соның алдында ғана 200 долларға 30 килограмм шошқа етін сатып алып, арыстанды аузы-мұрнынан шығара тамақтандырып қойған екен... *** Шетелдің нән де өте қымбат көлігінің артындағы жазу: «Мені тегі болмаса сүйкеп өтесіздер ме, өйткені маған да ақша керек еді...» *** Зейнетақысы 10 пайызға өсіп еді, әжейге немерелері де келуін 10 пайызға жиілетті... КЕШІР, АРНАЙЫ ШАҚЫРАМЫН... Әйелім түнгі кезекке жұмысқа кетіп, маңдайымызға біткен төрт баланы тамақтандырып отырғанмын. Біреуі – нан, екіншісі – айран, үшіншісі – көже, төртіншісі талқан сұрап есімді шығарды. Осыны аңдығандай апталап жөнделіп, айлап үні өшетін төрдегі телефонға тіл біткені. «Тамақ жасауға тапсырыс бергелі отырған бәйбішем шығар», деп қалталақтай барып қондырғысын көтердім. Жоқ, ішіп кеткен еркектің дауысына ұқсайды. – Әлеу, кім екен? – дедім. – Көкішпін ғой, институтта бірге оқыған... – Ой, ит-ау, қайдан звондап тұрсың? – Вокзалдан… – Ойбу, енді не істедім… Он жылдай болды, аты жоқ көшеде тұрамыз. Әйелім түнгі жұмыста, балаларға қарап отыр едім. Кете қалсам, мына қағынғырлар үйді өртеп жіберуден тайынбайды. Қап! – Былай… жобалап жолын айтсаң да тауып алармын. –Тыңда онда… Айналма жолмен барып теміржол көпірінен өткесін оң жағыңда коммунистер, сол жағыңда Шевченко көшесі… Оған жетпей бес переулок бар. Орталарында ескі монша, Үсенбайдың ескі үйі, өте қалғаныңда Өтештің өрт сөндіретін машинасы тұрады, ол иттің өрт жоқ кезде аң аулап кететіні бар… Егер өрт сөндіретін машина көрінбесе, сол жағындағы Құдыштың үйіндегі көк мотоциклді көресің. Ол ит те құдасына барамын деп отыр еді. Ой, шын іздеген адам оңай табады. Құдыштың үйінен кейін кілт бұрылып тауға қарай жүрсең алдыңнан көк қақпалы Қапастың үйі кезігеді. Соған жетпей оңға бұрылып кетсең суы жоқ көлденең арық жатыр. Түсіп кетпей солға қарай жылжысаң бір кісілік ағаш көпір… Өтесің де тура тартасың… Аты жоқ екі көшеден өткеннен кейінгі бұрылыста біздің көше. Сәл төмен түссең, бір жағы жабылмайтын ағаш қақпамыз көзге ұрып тұр. – Түк түсінсем бұйырмасын! – деді досым бұлқан-талқан болып. – Басқадай төте жол жоқ па?.. – Ей, онда сен пойыздың астынан еңбектеп өт те, құмдауыт ша­­­ғылдың арасындағы соқпақ жолға түс. Алдыңнан биік мұнара көріне­ді. Содан көз алмастан ілгері жүрге­ніңде Ескермес шалдың ескі үйі тұр. Соған жетпей солға бұрылсаң бұзылған мектептің орны жатыр. Оған тоқтама, түнде ұрылардың бәрі сол жерге жиналады. Сәл жүргеннен кейін оңға бұрылсаң… өй, өзің көресің… Шатырбайдың қорасын айналып өткенде шағын көше көлденеңдейді. Бас жағы­нан санағанда алтыншы үй… Көрші­лерден сұрайсың ғой… – Түн ішінде кім мені үйіне кіргізеді дейсің?.. – Біздің жақтағылар есігінің ілге­гін салмайды. Іркілмей кіріп, тезі­рек шықсаң болғаны. Мен майға кес­пе басқанша келіп те қаласың. Да­вай, құшақтасып көріскенше, досым… Тағатсыздана күткенімді қай­тей­ін, досымды біздің үйдің дәмі тарт­­­­па­ды. Түні бойы тентіреп, таңғы пойыз­бен тартып кетіпті. «Кешір. Көше­мізге ат берілген күні нөмірін көрсе­тіп, әйелің екеуіңді арнайы қонаққа шақырамын» деп, қалаға кетіп бара жатқан Қапшықбайдан хат жолдадым. Тұрлыхан КӘРІМ. ТАЛДЫҚОРҒАН. * Түрік әзілдері Тіл Темел Англияға қонаққа келіп орналасып болған соң одан Жамал сұрапты: – Ағылшын тілін білмейсің, мұнда жеткенше қатты қиналған шығарсың? – Жоқ-а, ұшақтан түскеннен осында жеткенше ағылшындардың өздері қиналды... Дәрі Темелдің жөтелі басылмай ауру­ханаға барса, дәрігер қателесіп Те­­мел­ге іш өткізетін дәрі жазып береді де: – Бір апта бойы тамақтан кейін іш те, дәрі біткеннен кейін келесің, – депті. Бір аптадан кейін дәрігер сұрапты: – Қалай, жөтелің қойды ма? Темел жан-жағына көз тастап: – Шынымды айтсам, жөтелуге батылым бармайды, – депті Темел. Темекі Ғарышқа неміс, француз және түрік ұшпақ болады. Түркияның атынан ұшатын Темел бар дайындығын жасап үлгерген. Ғарыш стансасының бастығы: – Сіздер бірнеше жылға ұшып кетесіздер. Сондықтан қалаған нәр­селеріңіз болса ғарышқа алып баруға рұқсат береміз, – деп ғарышкерлерді қуантады. Неміс минералды су сұрайды, француз әйелін бірге алып кетуді өтінеді, Темел болса «Темекі берсе­ңіздер жетеді» – дейді. Бірнеше жылдан кейін ғарыш­керлер жерге қонады. Неміс қампи­ған дәу қарнымен асықпай түседі. Француз әйелімен бірге екі баласын ертіп шығады. Темел темекісін қо­лына алып, кабинадан атып шығып: – Жерлестерім, сіріңке бар ма? – дейді, сәлем берген жұртқа. Конгресс Генетика тақырыбында халық­аралық конгресс өтіп, ағылшындар: – Біз зерттеудің нәтижесінде балық пен түйенің тұқымын бір-бірімен қосып едік, холестиринсіз ет өндіре бастадық, – деп мақтанады. Одан кейі сөз алған француздар: – Біздің ғалымдар тауық пен сиырдың тұқымын қосып, етке қатысты мәселенің барлығын шешті, – деп кергиді. Сонда Темел мінбеге шығып: – Ол ол ма, біз қарбыз бен қоңыздың тұқымын қосып көріп едік, қарбызды сойғанда шопақтары өздігінен жан-жаққа қашып кететін болды. Қазір түріктер шопақсыз қарбыз жейді... – деген екен. Араздық Темел мен Тұрсын бір-бірімен ренжісіп қалады. Бір күні Тұрсын ешкісін сату үшін қаладағы базарға келе жатып жол­да Темелді кездестіреді. Темел Тұр­­сынның қасынан өтіп бара жатып: – Есекпен бірге қайда барасың? – деп қағытады. Бұған Тұрсын бұлқан-талқан ашуланып: – Қөзіңді ашып қара, жетегімдегі есек емес, ешкі, – дейді кейіп. Сонда Темел Тұрсынға ожырая қарап: – Саған тіл қатқан ешкім жоқ, еш­кіңе айтып отырмын... – деген екен. Түрік тілінен тәржімалаған Мәлік ОТАРБАЕВ. СТУДЕНТТІК «СҮР» СӨЗ Екі студенттің әңгімесінен: – Сен неге ерте үйлендің, әлде бой­­­­дақтықтан тез жалығып кет­тің бе? – Жоқ, бойдақтықтан қарным ашып кетті... *  *  * Екі студенттің әңгімесі: – Қанша емтиханнан құладың? – Ертеңгімен бесеу болады. *  *  * Студент үйіне келіп, әкесінен ақша сұрап жатыр: – Әке, 5 мың теңге берші. – Оны қайтесің? – Ауыстырамын. – Қаншаға? – Төртке. – Сонда қандай курс бойынша? – Математика пәнінен... *  *  * Тест сұрағы: «Абылай ханның арбакешінің көршісінің қайын атасының құ­дасының немере ағасы болып келе­тін жылқышының жездесінің ата­лас руынан шыққан бақсының жылқысының аты кім?» Жауабы: «Абылай ханның арбакешінің көршісінің қайын атасының құда­сының немере ағасы болып келетін жылқышының жездесінің аталас руынан шыққан бақсының жыл­қысының атын итім біліп пе?» «Сөз сойыл» әзіл-оспақ отауының белсенді авторы Тұрлыхан Кәрімнің бұдан бұрын «Құбыжық», «Күлдіргім келіп тұрады», «Еркек қалай күн көреді?» атты сатиралық жинақтары жарық көрсе, енді міне Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Тілімнің тікені бар» атты әзіл-сықақ кітабы жарық көріпті. Сатирик-жазушы Т.Кәрімге жазар көбейсін, тың туындыларыңыз алдымен «Сөз сойыл» оқырманына бұйырсын дейміз. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР